Орындықтың ерекшелігі, белгілі қазақ ақындарының өлеңдерін оқиды. Мұндай интерактивті орындықтар Бостандық ауданына қарасты бірнеше жерде қойылады.
Бостандық ауданы әкімінің орынбасары Серік Әділбаевтың айтуынша, 2019 жылы "Қатысу бюджеті" жобасына сәйкес Бостандық ауданының тұрғындары 2 235 млн теңге сомасына 47 ұсыныс енгізген.
Солардың ішінде құны 963,7 млн теңгеге 34 жоба дауыс беруге жолданса, бүгінде соның аясында Тұңғыш Президент паркінде 1 интерактивті орындық қойылды. Оған қоса, тұрғындардан да өтініш көп түсіп жатыр екен. Бір орындық құны 1 млн теңгеге жуықтайды.
Серік Әділбаев: "Одан бөлек, Open Almaty порталында ашық дауыс беру арқылы 3 жоба жеңімпаз атанды. Құны 9,5 млн теңге болатын Workout аймақ пен балалар алаңы құрылысы, Жароков 284/1 мекенжайындағы құны 6,6 млн теңге болатын балалар ойын алаңы, құны 1,7 млн теңге Togizkumalak Smart nation жобасы. Бостандық ауданы әкімдігінің аппараты 2020 жылы осы жобаларға 14,3 млн теңге қарастырды. Жобалардың барлығы қазір аяқталып қалды", деді ол.
Айта кетейік, орындықтың ішінде аудиожүйе орнатылады. Оған белгілі тарихи тұлғалардың биографиясы, әндер мен өлеңдер жазылады. Адам орындыққа отырған кезде аудио қосылады.