Қыздар арасындағы жанжал әлеуметтік желідегі ортақ чатта болған ұрыстан туған. Онда олар бір-біріне түрлі балағат сөздер айтып, оның арты төбелеске ұласқан. 20 қыркүйек күні Кеңқияқ, Шұбарши, Саркөл ауылының 8, 9, 10 сынып оқушылары, барлығы 10 қыз төбелескен. Олар төбелесті арнайы видеоға түсіріп, әлеуметтік желідегі парақшаға өздері жүктеген.
"Жәбірленуші қыз дене жарақатын алмаған. Оқиғадан соң лезде Темір аудандық білім бөлімі, полиция бөлімінен арнайы мониторинг тобы құрылып, зерделеу жұмысы жүргізілді", - деді облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Бертілеуова.
Бұл төбелестен соң қылмыстық іс қозғалды. Оқушылармен қатар ата-аналар да жауапқа тартылуы мүмкін.
"Аталған факті негізінде Қылмыстық кодекстің 293-бабы 2-бөлігі, яғни, бұзақылық дерегі бойынша іс тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Бұл фактіні Темір аудандық полиция бөлімінің кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторлары анықтады", - деп хабарлады облыстық ПД баспасөз қызметі.
Қазір төбелескен қыздардың ата-анасы ортақ мәмілеге келген. Осы оқиғадан соң үш мектеп директоры, тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлар мен сынып жетекшілеріне тәртіптік жаза қолданылды.
"Ата-аналарды балаларын, әсіресе жасөспірімдерді тәрбиелеу мәселесіне жауапкершілікпен қарауға шақырамыз. Олар жасаған құқық бұзушылықтары үшін жауапқа тартылатынын білуі тиіс. Сондай-ақ кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторлар ауданның оқу орындарында профилактикалық әңгіме жүргізді", - деді Ақтөбе облысы ПД бастығы Атығай Арыстанов.