Руханият • 23 Қыркүйек, 2020

Елдіктің жампоз жыршысы

185 рет көрсетілді

Мұзарт Мұқағалидан бозбала кезінде бата алған, мұзбалақ шағында «Бостандық жырының бозжорғасы» атанған көрнекті ақын, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Несіпбек Айтұлының шығармашылық асыл арқауы ұлт рухының болмыс-бітімімен қабат өріліп, бірегей тұтастыққа ұласып кетуі бүгіндері өлеңді кие тұтқан қара орман халықтың бөлінбес ырысы сынды қастерлі құбылысқа айналды. Әр өлеңі әнге сұранып тұрған, толғаулары жыраулар сарынымен үндес, қара өлеңнің өрісін кеңітіп, тұлпар қанат бітірген, эпикалық кең тынысты поэмалары арқылы алаш тарихының алып панорамасын сомдаған ақын бүгіндері алдыңғы буын ағаларындай ұлтының ар-намысы үшін үн қататын қайраткер қаламгерге айналды.

Нәзік лирикалық жырларымен оқыр­­ман жүрегін жаулаған бұлбұл кө­мей ақынның қоғамдағы буырқанған әлеуметтік кеселдерді бетің-жүзің демей өткір сынайтыны оның азаматтық ашық көзқарасын білдірумен бірге, тегеурінді публицист қасиетін де танытады. Бұл сөзімізге құрыш қалам иесінің көкейкесті мақалалары мен сұхбаттары «Сарайымнан шыққан сөз» деген атпен жеке том болып жариялануы дәлел болады.

Айтұлы шығармашылығының өнімді бір қыры – оның аударма саласындағы қадау-қадау еңбектері. Ол – бауырлас халықтардың ақындарын қазақша сөй­летіп әдеби байланыстардың тамы­рын тереңдеткен тәржіма шебері. Тү­ріктің ұлы ақыны Жүніс Еміре, қыр­ғыз ақыны Т.Сыдықов, С.Жусуев секіл­ді көптеген ақындар, славян-қып­шақ­тардың арғы тарихынан хабар беретін «Игорь жорығы туралы жыр» поэмасы қазақ оқырманына сәтімен жол тартты. Әсіресе ақын Несіпбек Айтұлы ғұлама шайыр Әлішер Науаидың рухы жолында отыз жылдан бері жігер-қайратын арнап, классиктің дастандары мен ғазалдарын аударумен табыс­ты шұғылдануы – баршаға өнеге. Ол аударған Әлішер Науаи­дың «Ескендір қорғаны», «Ләйлі Мәжін» атты қос дас­таны – қазақ пен өзбек халықтарының ежелгі тарихтан бері еншісі бөлінбеген, рухы тұтас іргелі жұрт болғанын дәлел­дейтін алтын көпір сынды дүние. Ха­лықаралық Түркі академиясы қос дас­тан­ды «Хамса» деген атпен жариялап, оқырманға жеткізді.

Ақын өнернамасының шыңы – оның эпикалық кең құлашпен, суреткерлік парасатты толғаммен туғызған поэмалары. Оның тарихи тақырыпты толғаған поэмалар циклі – қазақтың ерлігі мен өрлігіне орнатылған алып монумент секілді сымбаты сырлы, айбыны асқақ дүние. Туындыгер ұлт әдебиетінде поэ­ма жанрын соны белеске көтеріп, ұзын саны отыздан астам кесек-кесек дастан туғызуы, жалпы жеті томдық жыр жинақ жариялауы табанды еңбекқұмарлығы мен жойқын дарын қуатының өлшемі секілді. Шайырдың қай дастаны болмасын ар-намысқа шоқ тастап, рухтың жанартауын оятатын құбылыс.

Несіпбек Айтұлы – тәуелсіздікті талмай толғайтын, ерлікті тынбай жырлайтын елдіктің жампоз жыршысына айналды. Тәуелсіздікпен бірге томағасы сыпырылған сұңқардай саңқылдаған ақынның тынысы кеңейді, өрісі ұзарды. Абайдың қайғысын шынайы сезініп, Алаш арыстарының асыл мұрасымен жалғанып:

«Отанның амандығы – ұлы бақыт,

Отанның қайғысы да – ұлы қайғы!» –

деп жырлаған ақын қазақтың ұғымында бұлыңғырланып, көмескі тарта бастаған Отан, ел, жер сияқты қасиетті ұғымдар төңірегінде толғады.

Әсіресе елдіктің бекем қазығына айналған айшықты астананың сәулеті шайырға шабыт қосты. Несіпбек Айт­ұлы­ның жуық жылдар мұғдарында жа­рық көрген поэмалары мен «Бәйте­рек», «Бөрітостаған», «Тоғыз тарау» деген жыр кітаптары соның айғағы.

«Ерлікке ескерткіш» деп аталатын кітабына енген «Ақмола шайқасы» мен «Ту» деген қос поэманың орыны ерек, тумысы бөлек.Бұдан бұрынғы дас­тандарында жоңғар шапқыншығы тұсында үште екісінен айырылып, ұлт ретінде құрып кетудің аз алдында қалған қазақ халқының қасіретті кезеңі мен кеңестік зобалаңның тақсыретін жырға қосқан Несіпбек Айтұлы жоғарыдағы поэмала­ры арқылы алапат дәуірдің тұтас эпикалық энциклопедиясын жасап шыққандай әсер қалдырады.

Жырсүйер қауымға жүректі тербеген нәзік те лирикалық әндерге жазған өлең жолдарымен де кеңінен танымал болған Несіпбек Айтұлы алдымен кең тыныс­ты, эпик ақын. Халықтың ауыз әдебиет үлгілерімен тұшынып, сусындап өскен, жыраулар поэзиясын бойына терең сіңір­ген арқалы ақын елдік пен ерлікті арқау еткен тарихи тақырыптарды, «байтақ жердің бір сүйемін жауға бермеген» батырларды көсіле жырлайды.

Өткенін білмеген елдің болашағы да бұлыңғыр. Тарихи сана – ұлттық сананы қалыптастырады. Осыны қаперде ұстаған ақын «еңсесін көтере алмай, бабалар рухын өкпелеткен» елдің ұланы ретінде тарихпен аяусыз беттеседі, сөй­тіп, жас ұрпақты өткеннен тағылым алуға шақырады.

 «Кінәлап не табамын ол ғасырды,

Сеземін сырқыраған жамбасымды» –

деп жазған ақынның мақсаты өткенді жазғыру немесе оқиғаны сол қалпында жырлап беру ғана емес. Бұл ретте тарих­тың қойнауындағы шындықты іздей отырып, «ұрпаққа ақиқаттың ара-жігін ашып» көрсетуді, сол арқылы «ұйқыдағы ар-намысты оятуды» көздеген ақынға «өз-өзімен алысып, кең далаға сыймаған қазақтың» өткеніне көз жүгірту де оңай­ға соқпайды.

Тарих – өткенмен кектесу үшін емес, шындықпен беттесу үшін қажет. «Қазақтың өлісінің жаманы жоқ, тірісі­нің жаманнан аманы жоқ» деп ұлы Абай айтқандай, жауырды жаба тоқып, бәрін жылы жауып қоюға болмайды. «Тә­уелсіздік жолында құрбан болған арыс­тар да ұлы, оларға қарсы қару кезенгендер де жақсы» деген түсінік тарихқа жүр­мейді. Ащы да болса, ақиқат қымбат. Біз сол ақиқатты аршып ала отырып, оның тағылымынан дәріс алуымыз керек. Міне, ақын Несіпбек Айтұлының «Ақмола шайқасы» атты тарихи поэмасы да осы мақсатты көздейді.

Сахарада хандық жүйенің жойылуы – қазақты тәуелсіздігінен ғана айырып қоймай, оның тұтастығына да сына қағатын сұрқия саясат еді. Осыны жете түсінген Абылайдың даңқты ұрпағы қыспаққа түскен бөрідей аласұрды. Алайда

«Құзғынның төнгендігін қайдан білсін,

Қарғаның кіргеннен соң боққа басы» –

деп ақын жырлағандай, парықсыздар мұны аңғара алмады. Ағайынның алауыз­­дығын ұтымды пайдаланғандар ақы­ры алып тынды. «Бөліп ал да, билей бер» қағидасын басшылыққа алған империя хан Ке­ненің басымен бірге еңсесі тү­сіп, егілген елдің еркіндігін бірге алды. Бұл ретте:

«Байрағы бостандықтың

көзден тайды,

Басымен хан Кененің бірге құлап» –

деп жазған ақын поэмада Ақмола үшін арпалысты суреттей отырып, Кене­сары хан мен оның серіктері Тайжан, Алыпқара, Басықара батырлардың ерлік істерін бүгінгі ұрпаққа үлгі етеді. Сондықтан «Ақмола шайқасы» – қанды қырғынға куә болған Қараөткелдің, арыс­тар арпалысқан Ақмоланың, түптеп келгенде, бүгінгі астананың тарихын тербейтін поэма.

Тарихи тақырыпқа қалам тарту – қашанда қиын. Өткенге қиянат жасамай, оқиғалар мен тұлғаларға дәл, әділ баға беру үшін көп жағдайда ақынның зерделі зерттеушіге айналуына тура келеді. Көркемдік шеберлігімен қоса поэма сюжетінің салмақты, оқиғасы ой­ға қо­нымды, нанымды һәм шынайы болып шығуы үшін автордың көп тер т­өгуі керек.

Расында, көлемді тарихи поэмаларды жазу барысында Несіпбек Айтұлының тынымсыз ізденетіні бірден байқалады. Ол тарихи жырлардың өне бойында қаншама батырлардың аттарын атап, реті келгенде елді мекендер мен жер-су атауларына түсініктер беріп отырады. Ел арасындағы құймақұлақ шежіре қарттардан естіген әңгімелерін тарихи деректермен шебер жымдастыратын ақын өлкенің өткеніне шолу жасап, оқырманның қолынан жетелеп отырады.

Сонымен қатар Айтұлы тарихтың ақтаңдақ беттері мен ашылмаған сырларына терең бойлап, астарына үңіледі. Ақын «Қазақ пен жоңғар неге қырқысты? Қазақ пен қырғыз қатынасы неліктен ушықты? Кезінде төрткүл дүниені билеген айбынды елдің аруақты ұлдары неге басқаға бодан болды?» деген сұрақтарға оқырманмен бірге үңіліп, көп жайттың бетін ашады.

Тарихты баяндаудың тәсілі көп. Мамандар мұрағат деректерін жариялайды, ғалымдар тарихтың терең қатпарына үңіліп, қазбалай зерттеп, ғылыми монографиялар шығарады. Дегенмен бұлар кейде бұқара халыққа жетпей жатады. Сондықтан, тарихты бұқара арасында насихаттау ісі де аса маңызды мін­деттердің бірі. Осы тұрғыдан алғанда, ақын Несіпбек Айтұлының жауынгерлік рухымызды оятатын жалынды жырлары мен өткенге байыпты барлау жасайтын пайымды поэмалары ата тарихымызды ұлтымызға жеткізуге және оны жас ұр­пақтың санасына сіңіруге үлкен қызмет етуде деп ойлаймын.

Қазақ қашанда сөздің құдіретіне тоқтаған, арман-мұңын, бар ғұмырын жырға арқау еткен, қуанышын да, қайғысын да өлеңге сыйдырып, ұрпағына толғаумен аманат айтқан халық. Оның тағдыры мен тарихы, бұралаңы көп өмір жолы өлеңмен өрілген. Сондықтан ақынның тарихтың қойнауына жол тартқан жыр жолдары жадымызда жаң­ғырып, ұлттық санамызға қозғау салады. Несіпбек Айтұлының поэмаларын оқып отырғанда, Абылай хан бас­таған қазақтың қалың қолы атой салып, қанжығалы Бөгенбай, қаракерей Қабанбай, шанышқылы Бердіқожа, шапырашты Наурызбай, керей ер Жәнібек сынды айбынды ерлер тұс-тұстан ат қойғандай аруақтанып кетесің.

Бұрын қазақ ақынды әр дәуірге сай абыз, шешен, жырау, жыршы, шайыр деп атаған. Бертінде қолданысқа енген ақын – «ахун» деген сөзден шыққан. Ол медіресе тәмамдаған, көкірек көзі ояу, ғұлама білімдар, кісілікті, рухани тұлға деген мағыналарға келеді. Осы тұрғыдан алғанда, шешен сөз бен шежіре деректі шебер қиыстыра білген, елдік мүддені көздеп, тәуелсіздік пен тұтастықты жырлаған Несіпбек Айтұлы – шын мәнінде ақын.

Ақындық парызды азаматтық ұста­ным­мен ұштастырған Айтұлы басы­мызға бақ болып қонған тәуелсіздігімізді және сол тәуелсіздік жолында жанын қиған арыстарымызды талмай жырлап келеді. Елді біріктіретін, ұлтты ұйыс­­тыратын рәміздер де ақынның на­зарынан тыс қалған емес. Ақын шы­ғар­­машылығының алтын арқауына айналған сол үрдісін жалғастырып:

«Төбеңнен елдік нұрын тұрған құйып,

Өмірде ешнәрсе жоқ тудан биік!» –

деп, «Бостандық Байрағын» асқақтата жырлайды. Ол өткеннің өнегесі туралы сөз қозғай отырып, бүгінгі ұрпақты «туға тағ­зым етуге» шақырады. Туға тағзым – тә­уелсіздікке тағзым. Бұл орайда ақын­ның:

«Жығылмас ешқашанда елі жарға,

Алдында ту ұстайтын Ері барда!

Көтеріп алып Байрақ қазақ отыр,

Тілегін аңсап күткен беріп Алла!» –

деген жыр жолдарын оқып отырып, ел тәуелсіздігінің баянды болуын тілейсің.

Ту қашанда тәуелсіздіктің, мемле­кет­тіктің басты рәмізі саналған. Ұлы дала төсінде батыр бабаларымыз бөрілі байрақтың төңірегіне топтасып, азат­тық үшін жан алысып-жан беріскен. Сол даңқты ерлердің асыл аманатын асқақ­татып, бүгінде астана төрінен еліміздің бас байрағы – алып Ту көкке көтерілді.

Тәуелсіздік жолында құрбан болған арыстарға арнап «сөзден ескерткіш» орнатқан арқалы ақын осы бір жинағын «Ерлікке ескерткіш» деп атауында да терең мағына бар. Ерлік пен елдікті, тумен тәуелсіздікті жырға қосқан Несіпбек Айтұлы осы арқылы бас байрағымыз тігілген астанаға да жырмен ескерткіш орнатып отыр. Бұны ақынның:

«Астана – ескерткіштің ең ұлысы,

Ұлт үшін құрбандардың барлығына!» – деген сөзі де қуаттай түседі.

Бұрын қазақта туға арналған поэма болған емес. Көрнекті ақын Несіпбек Айтұлының ерлік пен тектілікті арқау еткен, қасиетімізді ұлықтап, қастерлімізді құрметтеген бұл поэмасы да рухымыз­ды асқақтатып, елдік санамызды орнық­тыруға оң ықпал ете береді.

 

Соңғы жаңалықтар

Салымшыларға 887 пәтер

Аймақтар • Бүгін, 09:10

Қысқа дайындық толық аяқталды

Аймақтар • Бүгін, 07:46

Қажетті отынның 70%-ы жеткізілді

Аймақтар • Бүгін, 07:43

Қарсыласы ауырып қалыпты

Спорт • Бүгін, 07:38

Чемпиондар лигасы басталды

Футбол • Бүгін, 07:36

Францияға жол түсіп тұр

Оқиға • Бүгін, 07:33

Бөтенге сәлем

Руханият • Бүгін, 07:19

Қос ішекті қоңырым

Руханият • Бүгін, 07:14

Оңтайлы интеграцияланған жүйе

Экономика • Бүгін, 07:13

Не оқып жүрсіз?

Таным • Бүгін, 07:00

Бейсауат жүріске шектеу қойылды

Аймақтар • Бүгін, 06:49

Қауіпті індет қайта көбейді

Аймақтар • Бүгін, 06:45

Жаңа аурухана мен жаңа көліктер

Аймақтар • Бүгін, 06:39

Толық адам танымы

Абай • Бүгін, 06:37

Үміткерлер анықталды

Абай • Бүгін, 06:36

Жетісу қыс маусымына дайын ба?

Аймақтар • Бүгін, 06:13

Қазір көмір арзан сатылып жатыр

Аймақтар • Бүгін, 06:11

Қаралы қазан

Футбол • Бүгін, 06:00

Ұқсас жаңалықтар