Бас-аяғы 23 күнге созылған велошабандоздар арасындағы ең белді жарыстың қорытындысы бойынша, жалпы есепте 22 жастағы словениялық Тадей Погачар (UAE Team Emirates) топ жарды. Сонымен қатар словениялық жас талант таулы кезеңнің үздігі және «Тур де Франс» жарысының ең жас велошабандозы атағын қоса жеңіп алды. Осындай жетістігінің арқасында ол «Тур де Франстың» біраз рекордына түзету енгізді.
Мәселен, Тадей Погачар «Тур де Франста» топ жарған Словениядан шыққан тұңғыш велоспортшы атанды. Сонымен қатар ол турнир тарихында жеңімпаз атанған ең жас велошабандоз (21 жас, 11 ай және 29 күн) болды.
Бұдан бөлек Погачар «Тур де Франстың» кейінгі 86 жылдағы таулы кезеңнің үздігі атанған ең жас спортшы атағын иеленді. Және де веложарыс тарихында алғаш қатысқан жылы жеңіс тұғырына көтерілген 12-ші спортшы.
21 жастағы словениялық велошабандоз 9 кезең бойы жалпы есепте үздік үштіктен түскен жоқ. Ал 20-кезеңге дейін екінші орында келген Погачар соңғы кезеңде сары жейденің иегері атанды. Погачар – «Тур де Франс» тарихында жекелей жарыс кезеңінен кейін сары жейде киген бесінші велошабандоз.
Велоспортшылардың бейресми әлем чемпионаты саналатын «Тур де Франс» жарысына қазақстандық «Астана» велокомандасы да қатысып, тәуір нәтиже көрсетті деп сеніммен айта аламыз. Себебі ел чемпионы Алексей Луценко мен команда капитаны Мигель Анхель Лопес тиісінше 6-шы және 17-кезеңдерде топ жарды. Ал жарыс қорытындысы бойынша колумбиялық велошабандоз жалпы есепте алтыншы орыннан көрінді. Сәйкесінше, «Астана» өкілдері арасындағы ең үздік нәтиже де Лопеске тиесілі. Жалпыкомандалық есепте біздің команда 22 ұжымның арасында жетінші орынды иеленді.
– «Тур де Франс» жарысына тұңғыш рет қатыссам да мен үшін жоғары деңгейде өтті. Осындай ірі жарыста бақ сынап, Парижге дейін жеткенімнің өзі үлкен жеңіс. Маған бұл жарыс өте ұнады, жоғары деңгейде өнер көрсетіп, әр кезең сайын ең мықты қарсыластардың қасында болдым. Сонымен қатар таулы кезеңнің жеңімпазы атандым. Соңғы жарыс жолына дейін үздіктер қатарында келіп, жүлдеге қол созым сәтте маған уақыт жетпей қалды. Алайда мен өзіме құнды тәжірибе жинадым және келесі жылы бұдан да күшті болып оралатыныма сенімдімін. Осы үш апта ішінде барлық команда өкілдеріне, шабандоздарға, қызметкерлерге, менеджментке алғыс айтқым келеді!», деді Мигель Анхел Лопес.
Ал қазақстандық велокоманданың бас менеджері, еліміздің даңқты велошабандозы Александр Винокуров «Астана» команда ретінде жақсы нәтиже көрсетіп, «Тур де Франсты» табысты өткізді деп санайды. «Қазақстан чемпионы Алексей Луценко мен біздің көшбасшымыз Мигель Анхель Лопес өте тартысты болған екі кезеңде жеңіске жетті. Біз жақсы командалық жұмыс үлгісін көрсетіп, үш апта бойы бір мақсат үшін команда болып көп жұмыс істедік. Біз бірге жеңіп, бірге жеңілдік, бірақ бұл біздің спорттың бір бөлігі екенін ұмытпауымыз қажет. Десе де команда көрсеткен нәтижеге көңіліміз әбден толады. Жалпы есепте алтыншы орынды олжаладық, екі таулы кезеңде үздік атандық және Мигель Анхель Лопес пен Харольд Техаданың сәтті дебютінің куәгері болдық. Маусым әлі жалғасады және бізді алда жаңа жарыстар мен жаңа белестер күтіп тұр», деді жарысты қорытындылаған Александр Винокуров.