Интернационал – пролетариаттың халықаралық гимні. Осы атау 1919 жылы құрылып, 1943 жылы таратылған халықаралық пролетариаттар ұйымы – Коммунистік интернационалға (Коминтерн) берілген. Ол барлық әлемде социализм құруды көздеген коммунистік партиялардың халықаралық орталығы. Әдетте бұл партиялар парламенттік жолмен, халықтың көпшілігінің сайлауда қолдау жолымен жеңіске жетуді емес, тек төңкеріс, қанды қырғынмен жеңуді мұрат тұтады. Соның ішінде террористік әрекеттер жасаудан да бас тартпаған.
Айтпақшы, Петропавлда Интернационал ғана емес, Коминтерн аталатын көше де бар. Ал Коминтернді кім қаржыландырған дегенге келетін болсақ, ол негізінен Кеңес Одағының бюджетінен бөлінген қаражатқа күн көрген. Сталин шетелдік коммунистік партияларды идеологиялық ұстанымдары үшін ғана емес, олардың елдері Кеңес Одағына шабуыл жасайтын болса, халықты көтеріп, барлық жұмысшыларды өз өкіметтеріне қарсы шығарып, сыртқы соғысты азамат соғысына айналдыру туралы нақты тапсырманы орындау үшін қаржыландырған. Сол үшін Францияның, Германияның, Англияның, АҚШ-тың, Италияның және т.б. елдердің компартияларына ақшаны аямай төккен. Егер бүгінгі күннің көзқарасымен қарайтын болсақ, бұл барлық елдерде «бесінші колонна» құрып, іштен іріткі салу деген сөз. Басқа сөзбен айтқанда, бөтен елдің ішкі ісіне араласу. Коминтерн арқылы Кеңес өкіметі түрлі елдердің коммунистік партияларынан жасақтар ұйымдастырып, оларды қаруландырып, әскери және партизандық бүлдіргі әрекеттерге де баулыған. Мәселен, 1924-1936 жылдары Мәскеу түбіндегі «Подлипки» шипажайында Коминтерннің жоғары диверсиялық-барлау мектебі болған.
1928 жылғы Коминтерннің VI конгресі барлық шетелдік компартиялардың алдына «барлық еңбекшілердің отанын» қорғау бірінші кезектегі міндет екенін ашық жариялаған. Осы конгресте жергілікті коммунистік партиялар «халықаралық коммунистік қозғалыстың» мүддесіне тікелей бағынып, астыртын әрекет жасап, қарулы көтерілістер ұйымдастырып, елдің ішінде азамат соғысын туғызуы туралы шешім қабылданған. Демек, компартиялардың бәрі өз елінің емес, Кеңес Одағы коммунистік партиясының бағынысындағы КСРО-ның мүддесін қорғауы керек. Әрине, бұл кез келген елдің тұтастығына іріткі салу деген сөз екені көрініп тұр. Коминтерн осыны талап еткен. Соның ішінде, 1927 жылы Коминтерн Германияда социалистік төңкеріс жасамақшы болып, 133 мың адамдық «қызыл гвардия» ұйымдастырып, үлкен қантөгіс жасаған.
Қашан таратылғанша бұл ұйым шетелдердің ішкі ісіне араласуын қоймай, өз өкіметіне қарсы әрекеттер жүргізіп келді. Кеңестік насихат қана оның істерін асыра мақтап, халықтың құлағына жалған насихатты құйып бақты. Соның ішінде Коминтерннің В.Пик, О.Куусинен, Г.Димитров, К.Готвальд, Э.Тельман, Д.Ибаррури, Д.Мануильский, П.Тольятти және басқа да көшбасшылары Кеңес халқына ұлттық батырлардай таныстырылды. Олардың атына көшелер, пионер ұйымдары, қоғамдық мекемелер, тіпті қала, адам аттары да берілді. Тельман есімді жандар қазақ арасында да бар.
КСРО-ның компартия көшбасшылары 1937-1938 жылдардағы қанды қырғында Коминтерннің басшыларын да аяған жоқ. 1937 жылы Германия компартиясының лидерлері Х.Эберлейн, Г.Реммеле, Г.Нойман, Югославияның компартия басшылары М.Горкич, М.Филиппович, В.Чопич, Венгриядан шыққан халықаралық коммунистік қозғалыстың қайраткері Бела Кун, сондай-ақ Польша коммунистерінің басшылары Э.Прухняк, Я.Пашин, Ю.Ленский, Грекия компартиясының басшысы А.Каитас, тіпті Иран компартиясының басшысы А.Сұлтан-Заде және т.б. коммунистік мұратты бойына сіңірген Коминтерннің белсенді қайраткерлері репрессия құрбаны болды.
Көптеген дамыған елдерде коммунистік партияның ұрандары өтпейтініне, сондықтан Коминтерннің қаражатты желге шашқаннан басқа пайдасы шамалы екеніне көз жеткізген Сталин оны 1943 жылдың мамыр айында таратты. Батыстағы демократиялық жүйемен дамыған Англия, Америка сияқты одақтас елдердің де екінші майдан ашу үшін алға қойған шарттарының бірі де осы болатын. Сондықтан Сталин: «Опыт показал, что и при Марксе, и при Ленине, и теперь невозможно руководить рабочим движением всех стран мира из одного международного центра» деп жазып, Коммунистік интернационалды таратқан еді...
Ал енді осы Коммунистік интернационалдың бізге қандай қатысы бар? Оның атын мәңгілік сақтайтындай Қазақстанға қандай еңбек сіңіріпті? Жалғыз-ақ «пайдасы» олардың террористік әрекеттерін жасауға өзі де кедей ел халқының аузынан жырып алтын-валюта қорын шашқандығы ғана емес пе? Сол миллиондаған долларға кезінде шетелден азық-түлік, киім-кешек сатып алынса, бәлки Қазақстанда 1931-1933 жылдардағы аштық болмай, жарты халқымыз қырылмас еді.
Ендеше неге еліміздің Солтүстік өңірінің басшылары Коминтерннен бас тартып, өзіміздің елімізге қатысты бір есімді, соның ішінде қазақ халқына жан-тәнімен бастарын бәйгеге тігіп қызмет еткен Абылай ханның, Ә.Бөкейханның және т.б. бірінің атына қаладағы басты көше – Интернационалды алып бермейді. Кімнен қорқады, неден үрке береді?
Сондай-ақ кезінде заңды өкіметке террористік жолмен қастандық жасаған Халтурин, Красин сияқты лаңкестердің атында да бізде көше бар. Бұлардан Украина мен Ресейдің өзі баяғыда-ақ бас тартқан. Тек кейбір провинциалдық елді мекендерде ғана олардың есімі қалған. Ал біздің бір өңіріміздің білдей орталығында олардың есімі әлі де жарқырап тұр. Ол ол ма, 5-я армия, Партизан, Крепостная деген сияқты атаулар да самсап тұр. Есесіне заңғар жазушымыз С.Мұқановтың атына берілген аудан атын ауыстыруға әлі күнге жоғарыдан рұқсат жоқ. Төменнен шешілген барлық мәселені жоғарғы жақтың неге тежеп отырғаны түсініксіз. Сондай-ақ Смағұл Сәдуақасовтың, Ербол Шәймерденовтің, Мәлік Мұқановтың және т.б. атына көшелер беру туралы сұраған өтініштеріміз де әлі шешілген жоқ. Осыларға қарап Петропавлды тәуелсіз Қазақстанның басты қалаларының бірі деп атаудың өзі қиын.
Тәуелсіздіктің тұғырын бекітіп, саналар сілкінтуге тиісті осындай істердің неге алға баспайтындығын білмей пұшайман болдық.
Петропавл