11 сәуірде Вашингтонда өткен кездесудің барысында Қазақстан Президенті Н.Назарбаев пен АҚШ Президенті Б.Обама Қазақстан мен АҚШ арасындағы стратегиялық әріптестікті нығайту мәселелерін талқылады әрі ядролық қауіпсіздікті және таратпау үдерісін, Орталық Азиядағы өңірлік тұрақтылықты күшейту, сондай-ақ экономикалық өркендеу мен жалпыға ортақ құндылықтардың игілігі жолындағы өздерінің екіжақты ынтымақтастығын белсенді ете түсуге ұмтылысын қуаттады.
Ядролық қауіпсіздік пен таратпау: Мемлекеттер басшылары Қазақстан Республикасы мен Америка Құрама Штаттарының арасындағы 15 жылдық тығыз ынтымақтастықтың маңызын және Қазақстан мен бүкіл әлемдегі ядролық қатерді азайту ісіндегі табысты атап өтті. Олар ядролық қарудан ада әлемге қатысты өздерінің көзқарастарын баян етті. АҚШ Президент Н.Назарбаевтың елді басқаруын, сондай-ақ Қазақстанның ядролық қарусыздану және таратпау ісіне қосқан үлесін жоғары бағалайды.
Екі елдің Президенттері Қатерді бірлесе азайту жөніндегі бағдарламаның табысты жүзеге асырылуын және жалғасып жатқан ынтымақтастықты, соның ішінде Ақтаудағы BN-350 ядролық реакторын қолданыстан шығару, Алматыдағы орталық анықтамалық зертхана құрылысын қанағаттану сезімімен атап өтті. Ынтымақтастық сонымен бірге Алатаудағы зерттеу реакторын реконструкциялау және сонда сақтаулы жоғары байытылған уранды жою мәселелерінде де жүзеге асырылып жатыр, мұның өзі Ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммиттің мазмұндамасында көзделген.
Президент Н.Назарбаевқа оның Қазақстан территориясында Ядролық отынның халықаралық банкін құру жөніндегі ұсынысына алғыс айта келіп, Президент Обама Қазақстанның МАГАТЭ басқарушыларының кеңесі құрамына кіру ниетіне қолдау білдіретінін мәлімдеді.
Қазақстан Президент Обаманың Прагада ақсаулы ядролық материалдардың сенімді қорғалуын қамтамасыз ету жөніндегі іс-әрекеттерді жеделдетуге шақырған сөзіне қолдау ретінде бұрынғы ядролық полигондағы жұмыстарды тездетуге ұмтылатын болады.
Ауғанстан: Президенттер Ауғанстандағы жағдайға байланысты туындаған жалпы қатерлер мен қыр көрсетулердің ауқымын екі жақтың да түсінетінін атап өтті.
Президент Обама Қазақстанға Ауғанстан халқына гуманитарлық, экономикалық және білім беру тұрғысынан көмек көрсету, соның ішінде Қазақстан Республикасы Үкіметінің ауған студенттерін Қазақстанның жоғары оқу орындарында оқытудың жаңа бағдарламасын жүзеге асыруға 50 миллион доллар бөлу жөніндегі шешіміне ризалығын білдірді. Президенттер Қазақстанның Солтүстік тораптағы атқарар рөлін арттырудың жолдарын талқылады және АҚШ-қа Қазақстан территориясы арқылы жүк жеткізуді жүзеге асыруға мүмкіндік беретін екі жақты жаңа келісімді қабыл алды.
Инвестициялар мен сауда: Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамудағы жетістіктерін танып-біле отырып, АҚШ алдағы кезде де Экономикалық даму бағдарламасы мен Қазақстан мен АҚШ арасындағы мемлекеттік-жекеше экономикалық әріптестікті дамыту бастамасының аясында Қазақстанның көп салалы экономикасының өркендеуіне қолдау көрсете беретін болады.
Мемлекет басшылары екіжақты экономикалық өзара ықпалдастықтың ағымдағы жай-күйін оң бағалады. Олар Қазақстанның БСҰ-ға кіруін аяқтау жөніндегі күш-жігерді еселеуге және Орталық Азиядағы сауда және инвестициялар жөніндегі аралық келісім жұмысына қолдау білдіруге келісті.
Президенттер екі мемлекет арасындағы ұзақ мерзімді энергетикалық әріптестіктің маңыздылығын қуаттады. Құрама Штаттар Қазақстанның жетекші әлемдік уран өндіруші ретінде көрінуін құптайды, мұның өзі энергия ресурстарын жаһандық жеткізіп беруді әртараптандыру саласында маңызды оқиға болды.
Қазақстан мен Құрама Штаттар ядролық энергетика және баламалы энергия көздерін дамыту саласындағы ынтымақтастықты нығайту ниетін білдірді. Көшбасшылар екіжақты ғылыми-техникалық келісімге қол қойылуын қанағатпен атап өтті, бұл келісім осы саладағы ынтымақтастық пен айырбасты арттыруға мүмкіндік береді.
Тараптар ауыл шаруашылығы саласындағы екіжақты ірі коммерциялық жобаларды ынталандыруға әзірліктері туралы мәлімдеді, бұл жобалар БҰҰ мен АҚШ-тың жаһандық азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі бастамаларын дамытуға сүбелі үлес қоса алар еді.
Қазақстан мен АҚШ арасындағы екіжақты консультациялар: Екі елдің көшбасшылары үстіміздегі жылдың 8-9 наурызында Вашингтонда өткен жыл сайынғы екіжақты консультациялардың бірінші сессиясының өткізілуін құптады, олардың мақсаты – қауіпсіздік және таратпау, әмбебап құндылықтар саласындағы ынтымақтастық мәселелерін, экономика және энергетика саласындағы екіжақты әріптестік мәселелерін қоса алғанда екіжақты қарым-қатынастың барлық қырларын дамыту.
Демократия: Құрама Штаттар Қазақстанды өзінің алысты көздейтін Адам құқығы саласындағы 2009-2012 жылдарға арналған Ұлттық іс-қимыл жоспары мен 2010-2020 жылдарға арналған Құқықтық саясат тұжырымдамасын өрістетуге шақырады. Құрама Штаттар Қазақстан Республикасы Үкіметінің өзінің бұқаралық ақпарат құралдарын либерализациялау және саяси жүйені демократияландыру, соның ішінде құқықтық реформа жүргізу жолымен демократияландыру жөніндегі күш-жігеріне қолдау көрсетуге әзірлігін білдіреді.
Әлеуметтік жүйелер арасындағы байланыстарды нығайту: Президент Обама мен Президент Назарбаев үкіметтік емес ұйымдарды, діни ұйымдар мен білім беру мекемелерін қоса алғанда америкалық және қазақстандық азаматтық қоғамдар арасындағы байланыстарды нығайтудың маңыздылығын атап көрсетті. Н.Назарбаев Б.Обаманың Каирдегі сөзін және мұсылман әлемімен байланысын құптады. Президенттер тұрақты қоғамдарды дамытудағы діни еркіндік пен төзімділікке айрықша мән беріп, Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға және ИКҰ-ға тиісінше 2010 және 2011 жылдарғы төраға ретіндегі күш-жігеріне өз қолдаулары туралы мәлімдеді.
Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйым (ЕҚЫҰ): Президент Обама бұрынғы Кеңес Одағы республикаларынан бірінші болып ЕҚЫҰ-ға төрағалық эстафетасын қабылдаған Қазақстанның бұл ұйымға төрағалығының тарихи мәнін атап көрсетті. Көшбасшылар Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығына қатысты мәселелерді, сондай-ақ Қазақстанның ЕҚЫҰ саммитін өткізу туралы ұсынысын талқылады. Олар Қазақстанның Ауғанстанды тұрақтандыру үдерісіне ЕҚЫҰ-ның әлдеқайда кеңірек қатысуына жәрдемдесу, Қазақстанда адами өлшемдер саласындағы міндеттемелерді орындау жөнінде Шолу конференциясын өткізу жөніндегі, сондай-ақ Корфу үдерісін жеделдету мақсатындағы оң бастамаларын атап өтті. Құрама Штаттар мен Қазақстан ЕҚЫҰ саммитінің негізгі күн тәртібін әзірлеуде ынтымақтасуға уағдаласты.