Маңғыстаудағы еріктілер туралы сөз қозғағанда алдымен ауызға ілігетіндердің бірі – Маңғыстау облысының волонтерлер корпусы. Жастарды қоғамдық жұмыстарға тартуға және өңірдегі волонтерлердің білімі мен дағдыларын дамытуға атсалысып жүрген ұйымдар құрамында қазір 350-ге жуық волонтер бар.
– Құрылғанына 3 жыл болған бастамашыл топ 1000-ға жуық волонтерді өмірлік маңызы бар дағдыларды қалыптастыру бойынша оқытудан өткізіп, 2 тонна гуманитарлық жүк жиналған «Шығысқа көмек», 4 тонна гуманитарлық жүк жинаған «Арысқа көмек» және 3 тонна гуманитарлық жүк жинаған «Мақтааралға көмек» акциясының ұйымдастырушысы болды. Маңғыстау облысының волонтерлер корпусы Ақтау қаласындағы 382 отбасыға әлеуметтік көмек ұсынды. Сонымен қатар қаладағы мүмкіндігі шектеулі және жалғызбасты азаматтардың өтініштеріне шұғыл әлеуметтік көмек көрсету мақсатында оперативті штаб жасақталып, нәтижесінде аталған көмекке мұқтаж 89 азамат тұрақты түрде адрестік көмек алуда, дейді жас та болса бас болып, талай ізгі шаралардың ұйытқысы болып жүрген Маңғыстау облысының волонтерлер корпусының жетекшісі Мұқаш Оралбай.
Ел аузында «Біздің Мұқаш» атанған жігіттің ерікті жолдастары өңірдегі қандай жағдайларда да алдыңғы қатардан табылады. Наурыз айынан басталған індет салдарынан енгізілген төтенше жағдай кезінде аталған корпуста оперативті қызмет көрсететін құрамында 15 волонтер бар волонтерлік штаб құрылып негізгі үш бағытта жұмыс атқарды.
Азаматтарды төтенше жағдай кезіндегі қауіпсіздік ережелері мен іс-қимылдары, коронавирустан қорғану туралы ақпараттандырып, қала тұрғындарына арналған ақпараттық инфографика әзірлеу және оны тарату, сондай-ақ маска тігушілер туралы, жеткізу қызметі бар мейрамханалар мен дәріханалар туралы ақпараттармен құлақтандыру жұмыстарымен айналысты. Ақпараттық жұмыс бағытында қала тұрғындарына 1000-нан аса жадынама таратып, аялдамалар мен ақпараттық тумбаларға, тұрғындар көп шоғырланған орындарда 300-ге жуық ақпараттық бетше жапсырды. Тұрғындарға адрестік көмек беруді назарда ұстаған олар елімізде төтенше жағдай режімі енгізілгеннен 3 сәуірге дейін 17 азаматқа адрестік көмек көрсетті.
Ерікті жастар өңірде арнайы шектеулер қойылып, кейін карантинге жабылғаннан бастап, үй карантинінде жатқан азаматтармен байланыс орнатты. Республикалық коронавирусқа қатысты сауалдар бойынша байланыс орталығының операторларына байланыс нөмірлері беріліп, байланысқан азаматтарды мәселелердің өзектілігіне байланысты аудан және қала call-орталықтарымен байланыстыруды жолға қойып отырды. Волонтерлер Nur Otan партиясының «Birgemiz» акциясында көрсетіліп жатқан әлеуметтік көмекті азаматтарға жеткізу жұмыстарына жұмылдырылған, Маңғыстау облысының волонтерлер корпусы волонтерлерінің көмегімен 104 азаматқа әлеуметтік көмек көрсетілді.
Сондай-ақ М.Оралбай жетекшілік ететін корпус еріктілері Маңғыстау облысында жүзеге асырылатын «Біргеміз: Білім» жобасына волонтерлік қолдау көрсетуден қалыс қалған жоқ. Аймақта сәуір айынан бастап Ахмет Байтұрсынұлы білім академиясының ұйымдастыруымен «Біргеміз: Білім» жобасы бағыттарының бірі – ауылдық жердегі әлеуметтік жағынан осал топқа жататын мектеп бітіруші түлектерге арналған ҰБТ-ға даярлық курсы бастау алған болатын. Аталған курсқа облыс көлемінде 200 оқушы іріктеліп алынды. Жобаны жүзеге асыруға волонтерлер корпусының 20 волонтері белсенді атсалысып, олар оқушылардың үй тапсырмасын уақтылы орындауын қадағалады, менторлық қолдау көрсетіп, әрі бос уақытын тиімді өткізуге бағытталған жұмыстарды атқарды.
– Маңғыстау облысының волонтерлер корпусының пандемия кезіндегі ерен еңбегі – волонтерлердің маусым-шілде айы аралығында Ақтау қаласындағы провизорлық станционарда ерікті түрде қызмет атқаруы. Маңғыстау облысының волонтерлер корпусы волонтерлері бір ай көлемінде отбасыларынан жырақта індетпен бетпе-бет күресуге атсалысты. Олар провизорлық станционардағы медицина мамандарының сенімді серігі, науқастардың көмекшісі бола білді. Мен мұны мақтанышпен айта аламын. Жастардың елге пайдалы жұмыс істеп, белсенді күшке айналғанына өзіміз де қуанамыз, өңіріміздегі аға буын өкілдері де ризашылықпен алғыс айтуда. Өзгеге қол ұшын созып, мүмкіндігінше қолғабыс жасағанға не жетсін?! Бұл – екі жақты, яғни көмек алушыны да, көмек берушіні де қанаттандырып, мерейлендіретін іс деп санаймын. Біздің жігіттер мен қыздар әлі талай істі жоспарлап отырмыз, қандай кезде де ел ортасынан табыла береміз, бастысы – еліміз аман болсын, тыныштық болсын, – дейді Мұқаш Оралбай.
«Жас келсе – іске» дейді халқымыз. Халықтың осы бір әдемі де тағылымды нақыл сөзінің ақиқатын танытып жүргендей күрделі істердің бел ортасында жүретін өндірдей ұлдар мен қыздарға қарап риза боласың.
Маңғыстау облысы