06 Қараша, 2013

Бағдарламалардың іске аспайтыны – бақылаудың әлсіздігінен

279 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Кеше «Қазмедиа» орталығында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмалары мен айтқан сындарына орай Парламент Мәжілісінің депутаты Светлана Романовская мен «Демократияны дамыту институты» ғылыми-зерттеу ассоциациясы» қоғамдық ұйымының директоры Юлия Кучинская журналистермен брифинг өткізді.

IMG 5431

 

Президент тапсырмасы қалай орындалуда?

Соңғы кезде газетімізде Үкіметтің кеңейтілген отырысында Елбасының айтқан сын-ескертпелеріне арналған арнаулы беттер мен топтама мақалалардың ұйымдастырылып, мемлекеттік атқарушы органдар қызметінде орын алып отырған кемшіліктер нақты мысалдармен әйгілене бастаған еді. Иә, Үкіметтің, жергілікті биліктің жұмысында сылбырлық, кемшіліктер аз емес.

Осы орын алып отырған олқылықтар мен кемшіліктерді Үкіметтің өзі де мойындап, одан қорытынды шығаруға кірісті. Соның бір айғағы кешегі күні аталған мәселеге арналып өткізілген Үкімет отырысы болды. Демек, сең сөгілгендей, Үкімет қозғалысқа келгендей. Еліміздегі атқарушы биліктің осы бағыттағы әрекеттерін құптай отырып, Елбасы тапсырмасының орындалу барысы үнемі біздің назарымызда болатынын оқырмандар қаперіне саламыз.

IMG 5431

БАҒДАРЛАМАЛАРДЫҢ ІСКЕ АСПАЙТЫНЫ – БАҚЫЛАУДЫҢ ӘЛСІЗДІГІНЕН

Кеше «Қазмедиа» орталығында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмалары мен айтқан сындарына орай Парламент Мәжілісінің депутаты Светлана Романовская мен «Демократияны дамыту институты» ғылыми-зерттеу ассоциациясы» қоғамдық ұйымының директоры Юлия Кучинская журналистермен брифинг өткізді.

Светлана Романовская өзінің сөзін он жылдан бері «әзірлену үстіндегі» «Қоғамдық бақылау туралы» заң жобасының Парламентке әлі күнге дейін ұсынылмай келе жатқанын айтып, сыни пікір білдіруден бастады. Егер бұл заң қабылданса, әлеуметтік маңызы бар проблемалардың орындалуын, мемлекеттік қаражаттың орынды жұмсалуын бақылайтын нақты қоғамдық институттар ұйымдастырылар еді, деді ол. Одан әрі депутат Президенттің шағын несие беру мәселесі туралы сындарының өте орынды екенін, аймақтарға шыққан сайын осы проблемамен бетпе-бет келетінін жеткізді.

Мемлекеттік бюджеттен осы іске деп бөлінетін ұлан-ғайыр қаражаттың жұмыс істемейтінін көзімізбен көріп жүрміз. Грант үшін деп аталатын олар толып жатқан есепшоттарда жатады, ал кәсіпкерлер оларды алудың әдісін таба алмай қиналады. Инновация дегеннің не екенін нақты ешкім білмейді, тек сол шараға деп шенеуніктер кәсіпкерлерді грантқа жолатпайды. Сондықтан гранттарды кімдер, не үшін, қандай шартпен алатыны жөніндегі критерийлер халыққа ашық жеткізілуі керек. Елбасының өзі осы істі сынағанына екі апта өтсе де әлі күнге оңалуға бет алған іс көрінбейді. Жуырда ғана Үкімет бізге есеп беріп, Ақмола облысында – 14, Қарағанды облысында – 5, ОҚО-да 19 грантқа деген сұраныс-тілектердің бекітілгені туралы айтты. Ал Алматы, ШҚО және т.б. облыстарда әлі күнге бірде-бір сұраныс түспеген, – деді ол.

Депутат келесі кезекте осы жо­баны іске асыруда тиімсіз әдіс­тер қолда­ны­латынын айтты. Элек­тронды үкімет дегеніміз тиімді жұ­мыс істей алмай отыр. Менің ойымша, осы іске арнаулы портал құрылуы керек, онда грантты беру шарт­тары толығымен және нақты жазулы тұрғаны абзал, деді С.Романовская.

Одан кейін депутат шағын авиа­өнімдер шығаратын зауыт жасаймыз деп алынған ұлан-ғайыр ақ­шаның ізі әлі де анықталмай, бұл іс «жабулы қазан – жабулы қал­пында» тұрғанын айтты. Үкі­метке осы мәселе бойынша қан­дай ұйымдастыру шаралары жасалды, кімдерді жазалап, кімдер жұмыстан шығарылды деген сауалдар берсек те ол жауапсыз қалып жатыр, деді брифинг өткізуші. Одан әрі ол тұтынушылар құқығын ескермейтін өндірушілерді сынап, Ресейге шырындар шығарған кәсіпкердің шаруасы нақ осы себепті алға баспағанын көлденең тартты. Біздің өндірісшілер «тұтынушылар құқығы» дегенді әлі күнге «сатып ал да сат» (купи-продай) деп қана түсінеді, яғни алдау­мен алға басамыз деп қателеседі. Ондайдың заманы әлдеқашан өткен. Бәсекелестікке қабілетті болу үшін тек қана сапалы өнімдер шығару керек, деді Светлана Юрьевна. Сонымен қатар, ол лифт шаруашылығы мәселесін, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын, дүкендерде ешқашан өзіңнің безбеніңді қолдануға болмайтынын, т.б. мәселе туралы айтып өтті.

«Демократияны дамыту инс­титутының» директоры Ю.Ку­чинская алдыңғы әріптесімен салыстырғанда нақты деректерге сүйеніп дөп сөйледі. Президенттің сындары атқарушы биліктің естерін жиғызып, бойларын сергіткен суық душ сияқты болды. Сондықтан оның маңызы зор, деп бастады ол өзінің сөзін. Қоғамдық пікірлерді зерттей жүріп біз елді дамытуға арналған өте өзекті мәселелерді шешуді мақсат еткен неше түрлі бағдарламалар қабылдап жатқанымызбен ха­лық Үкіметті әрекетсіз деп баға­лайтынына көз жеткіздік. Әсіресе, «біздегі істердің бәрі қағаз жүзінде ғана орындалады» деген пікір халық арасында кең тарап, басым болып тұр. Соңғы кездері атқарушы органдар өкілдері өз жұмыстары туралы халыққа да, депутаттарға да көптеген ақ­параттар беруге тырысып жатыр. Бұл, әрине, құптарлық іс.

26-31 қазан аралығында біздің институт қазақстандықтардың барлық бұқаралық топтарын қамтыған сауалдама жүргізген еді. Ел азаматтарының 97 пайыздан астамы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа сенім білдіреді. Сонымен қатар рес­понденттерге «Жергілікті өкімет өкілдері сіздің және сіз тұратын елді мекеннің проблемаларымен танысты ма?» деген сұрақ қойылды. Осы сұраққа сұралушылардың тек 18 пайызы ғана «иә» деп жа­уап берген. Міне, осы жауаптан-ақ Үкімет­тің елді, өңірлерді дамытуға ар­налған бағдарламалары орын­далмайтындығы және олар біздің отандастарымыздың мүддесін көздемейтіндігі, олардың жергі­лік­ті жерлерге жетпейтіндігі көрі­ніп тұр. Респонденттердің әрбір үшіншісі «Елдің дамып, ал өз басыңыздың жақсы тұрмысқа жетуіне қандай нәрсе кедергі болып тұр?» деген сұраққа: «Қоғамдағы қауырт өсіп кеткен сыбайлас жемқорлық» деп жауап берген. Сондай-ақ, бұл сұрақтың жауабында сұралушылардың 41 пайызы денсаулық сақтау саласының әлсіз екендігін көрсеткен. Ал респонденттердің 24 пайызы елдегі жол пробле­ма­ларының өткірлігін мемлеке­ті­міздің қарыштап дами алмай отыруындағы басты себеп ретінде атаған, деді Ю.Кучинская.

Жақсыбай САМРАТ,

«Егемен Қазақстан».