Қоғам • 23 Қыркүйек, 2020

Жастардың жүрек қалауы

275 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019 жылғы 26 тамыздағы «Еріктілер жылын жариялау туралы» Жарлығынан кейін облыста айта қаларлықтай іс қолға алынуда. Әсіресе жастардың бойында жанашырлық сезімінің мол екендігі қуантады.

Жастардың жүрек қалауы

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»

Волонтерлерді қолдау орталығы облыстың жастар ресурстық орталығының жанында жұмыс істеуде. Бүгінде облыста 84 орталық ізгі нұрын сеуіп, қамқорлық қанатын кең жайып келеді. Nur Otan партия­сы Ақмола филиалы жанынан ашылған волонтерлік шеберлік мектебі де игі іске зор ықпалын тигізуде.

Әсіресе жаман тұмау жайлаған кезде жалпақ жұрт жалынды жастардың ізгілік тұнған ізетті іс-қимылынан көп демеу көрді. Өз бастарын қатерге тігіп жүрсе де, халқының қамын ойлаған жастар жалғызілікті адамдарға дәрі-дәрмегін, азық-түлігін жеткізіп беріп, алғысқа бөленді. Алғашқы жартыжылдықта облыс бойынша 1250-ден астам жақсы істерге ұйытқы болатын шаралар өткізілді. Оның ішінде онлайн кеңес беру, онлайн конкурстар, «Біз біргеміз!» акциялары және талай жастың көкірегінде елжандылық пен ұлтжандылық сезімдерін оятатын «Патриотизм сағаты» жобасы бар.

«Күміс волонтерлікті» дамыту аясында «Біз біргеміз!» қоғамдық қоры карантин кезінде де белсенді жұмыс істеді. Қор еріктілерінің тізе қосуымен «Аялау» мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған орталықтың кіре берісі мен тамбурына күр­делі жөндеу жұмыстары жүр­гі­зілді. Облыстық әділет депар­та­менті халықтың құқықтық сауат­тылығын арттыру және азаматтарға құқықтық мәселелер төңірегінде кеңес беру барысында студент волонтерлерді тарту арқылы арнайы іс-жоспарларын жасап, кестесі бекітіліп, қыруар жұмыс атқарылды. Осы кезеңде жоғарыда айтылған тақырыптарға орай кеңестер үзбей өткізілді. Саяжайларда тұратын халық­тың әлеуметтік жағынан аз қамтамасыз етілген топтарына консультациялық көмек көрсетілді. Нақтырақ айтсақ,  студенттердің өзі 113 құқықтық кеңес берген екен. Облыстық экология департаменті өңірлік экологиялық слет өткізді. Бұл шараға 100-ден астам ерікті қатысты. Есепті кезең ішінде Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің Ақмола облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақ­тық инспекциясы 50-ден астам еріктіні жұмылдыра отырып, аңшылық шаруашылығы аумағында жабайы жануарларды азықтандыру іс-шараларын ұйымдастырды.

KustoGroup халықаралық компаниясы қашықтан оқыту кезінде ауылдық жерлерде тұратын әлеуметтік жағынан аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың оқушыларына ондаған ноутбук алып берді. Тілдік онлайн-курстар, ҰБТ-ға онлайн дайындық іске қосылды. Осы орайда 46 сабақ өткізілді. Сондай-ақ карантин кезінде жанашырлық танытқан компания волонтерлік ұйымдармен бірлесе отырып, бір жиынтығы 14 мың теңге шамасында болатын азық-түлік пакеттерін жеткізуді қолға алды. Мұндай көмек облыс орталығындағы 500-ден астам отбасыға жасалды. Азық-түлік пакеттерін жеткізуге автоволонтерлер де жұмылды.

Атбасар қаласында халықтың әлеуметтік жағынан аз қамтылған топтарына көмек көрсету мақса­тын­да ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің бастамасымен «Қамқор» ашық арнайы қоры құрылды. Банкте есепшот ашылып, аудан азаматтары ақшадай қаражат жинады. Қор бұл ақшаға азық-түлік себеттерін сатып алды. Ұзын-ырғасы 20 млн теңгеден астам қаражат көлемінде көмек көрсетілді. Жоғары көпсалалы азаматтық қорғау колледжінің ерікті білім алушылары «Бала­лар­ға театр» жобасын іске қосып, рухани азық нәрімен сусын­­датуды қолға алды. 35-тен астам қызғылықты қойылым ұйым­дас­ты­рылды.

Ақмола ауруханаларына ондаған өкпені жасанды желдету аппараттары жеткізілді. Көкшетаудағы «Тыныс» зауыты облыстық денсаулық сақтау басқармасына осындай аппараттың 77-сін тапсырды. Қорғалжын ауданының медицина қызметкерлері Dauletten қайырымдылық қорынан 4 оттегі концентратын алды. Макинск құс фабрикасы дәрі-дәрмек сатып алу үшін 7 млн теңге бөлді.

Үстіміздегі жылдың алғашқы жарты жылдығында «Волон­тер­лерді қолдау орталы­ғы­ның» облыстық фронт-офисі қоз­ға­лы­сты дамытуға бағыт­тал­ған бірқатар іс-шаралар өткізді. Оның ішінде «Жақсылық жолы» акциясы, «Үйде бірге оқимыз» челленджі, «Бір ел, бір тағдыр» тәрізді мазмұнды шараларды айта кетуге болады. «Ерлікке тағзым» челленджі мәні мен мазмұны жағынан алып қарағанда айта қаларлықтай шара болды.

Жаман тұмау жан алқымнан алған кезде психологиялық көмектің де қажет болғандығын айта кетуіміз керек. Облыстық ішкі саясат басқармасы мен Ақмола облыстық азаматтық альянсы бірлесе отырып, пси­хо­логиялық қолдау қызметін ұйымдастырды. Тұс-тұста рас-өтірігі белгісіз, адам жанын түршіктіретін түрлі хабар өршіп тұрған уақытта елді сабасына түсіру үшін талай жұмыс атқарылды. Тәжірибелі жеті психолог уақытпен санаспай қызмет етті. Бұл істен еріктілерді қолдау орталығының өкілдері де шет қалған жоқ. Жұмыс уа­қы­тында қолдау қызметіне 80-нен астам адам жүгінді. Тақырып та уақытша қиындық турасында. Жаман тұмауға байланыс­ты жағдай, отбасылық қарым-қатынастың бірқатар күрделі мәселелері толғандырған адамдар үміт жібін жалғады.

«Звездный» балаларды са­уық­тыру орта­лығында волонтер­лер қатерлі ісікке шалдыққан 14 жасқа жан жылуымен демеу болды. Сондай-ақ әлеуметтік жағынан аз қорғалған жастарға да өмірден өз орнын табуға көмек қолдарын созды. «Феникс» еріктілер орталығы мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек көр­сету бойынша диспетчерлік қыз­мет жобасын ұйымдастырды. Бұл орайда да сусап отырған сұраныс бар екен. Тәулігіне 100-ге жуық жас хабарласып, бағыт-бағдар алды. Ел іргесін бекітуге, жастарды жақсылыққа жұмылдыруға бағытталған тәп-тәуір шара жақсы нәтиже берді. Мәселен, Чаглинка жоғары агротехникалық кол­лед­жінің білім алушылары «Се­зім­тал жүректер» акциясын ұйым­дас­тырып, колледждің ауыр нау­қас­қа шалдыққан білім алушысына қаражат жинау үшін коммерциялық футбол матчын ұйымдастырды. Мен жақсылық жасасам екен дейтін жан жадыратар ізгі ниеттің көптігі бұл жолы да байқалды. Аталған акцияға 150-ден астам адам қатысып, көмек қолын созды.

Жастар ресурстық орталы­ғы­ның ұйытқы болуымен экологиялық акциялар жүйелі түрде жүргізілді. Мектеп оқу­шы­лары, колледждер мен жоғары оқу орындарының студенттері іс-шараларға белсене қатысып, білім ошақтарының, мектепке дейінгі мекемелердің, қарттар үйлерінің, Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің аулаларын тазалады. Өткен қақаған қыста да осындай көмек көрсетіліп, 50 тоннаға жуық қар шығарылды. Сөйтіп, жас толқын 1 319 зейнеткерге, жалғызілікті жандарға жанашырлық көрсетті. Үсті­міз­дегі жылдың мамыр айын­да «Өмір жолы» қоғамдық қоры «Мирас» қорымен бірлесе отырып, «Өзіңе сен» жобасын іске асыруға кірісті. Қиын жағдайға тап болған елдестеріне көмек қолын созды. Нәтижесінде 56 мұқтаж адам жастардың жан жылуын сезініпті.

Жақсы істің тағы бір арнасы – «Бабалар ескерткіштері – ұрпаққа аманат» жобасы. Ата мұрасына адал жастар өңірдегі тарихи орындарды қоқыстардан тазартып, күтімге алды. Ел ішінде экологиялық мәдениетті насихаттау жұмыстарын жүргізді. 300-ден астам еріктіні қамтитын 25-ке жуық экологиялық сенбіліктер ұйымдастырылды. Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай Ұлы Отан соғысының обелискілері мен ескерткіштерін сырлап, ақтап, абаттандырды. Осы бір жанашырлық қимылдан-ақ ел өткеніне деген ерікті жастардың жүрек қалауын аңғаруға болады.

 

Ақмола облысы