06 Қараша, 2013

Үкімет ширыға түсті

228 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Жауаптылар жазалана бастады

Алты вице-министр сөгіс алды. Онымен қоса бірқатар комитет төрағалары және басқа да лауазымды тұлғалар жазаланды. Сондай-ақ, бірқатар облыс әкімдерінің орынбасарларына сөгіс жариялау тапсырылды. Себебі, олар Елбасы тапсырмаларын өз деңгейінде орындамаған. Кеше Үкімет отырысында Премьер-Министр Серік Ахметов тапсырманы тиянақты тындырмағандарды осылай жазалады.

image005

 

image005Жауаптылар жазалана бастады

Алты вице-министр сөгіс алды. Онымен қоса бірқатар комитет төрағалары және басқа да лауазымды тұлғалар жазаланды. Сондай-ақ, бірқатар облыс әкімдерінің орынбасарларына сөгіс жариялау тапсырылды. Себебі, олар Елбасы тапсырмаларын өз деңгейінде орындамаған. Кеше Үкімет отырысында Премьер-Министр Серік Ахметов тапсырманы тиянақты тындырмағандарды осылай жазалады.

«11 қазандағы Үкіметтің кеңей­тілген отырысында Елбасы біздің жұмысымызды өткір сынға алған болатын. Президент Үкіметке бір­қатар нақты тапсырмалар берді. Қазіргі таңда мемлекеттік органдар, министрлер, әкімдер тарапынан тапсырмаларды орындау жұмыстары тиісті деңгейде жүргізілмей отыр», деген қатаңдау сынмен бастады Үкімет басшысы кешегі отырысты.

Шынында, бұл жиын бұрын­ғы­дан өзгешерек. Бұлбұлша сайраған бұрынғыдай баяндамашылар жоқ. Е.Досаевтың шағын есебін ескермесек, бүтіндей сұрақ-жауап жағдайында өтті. Үкімет мүшелері бейне бір емтихан тап­сыруға келгендей, қобалжулы сыңайлы. Сонымен, «Елбасы тапсырмаларын қалай орындап жатырсыз?» деген сынақ сұрағынан министрлердің бірі сүрініп жатты, енді бірі кідіріп жатты, ал орынбасарлары сөгіске ілігіп жатты.

Айталық, Үкімет бекіткен Іс-шаралар жоспары 70 шарадан тұрады екен. 2013 жылдың аяғына дейін 46 іс-шараны, ал 2014 жылы – 22 іс-шараны іске асыру көзделген. Бұл ретте 2 іс-шара бюджеттік заңнаманы жетілдіру мәселелері жөніндегі заңды қабылдағаннан кейін 2 ай мерзімінде іске асырылатын болады. Іс-шаралар жоспары 4 нормативтік-құқықтық акті жобасын әзірлеуді көздейді.

Үкімет басшысы осы іс-шара­ларды орындау барысында әрбір министрліктің тиісті міндеттері бар екендігін баса айтып, осыған орай Елбасының кеңейтілген кеңесте келтірген мысалдарын қайта еске салды. Мәселен, мемлекеттік сатып алу мәселесінің төңірегінде қордаланған былық-шылықтар аз емес. Осыған орай проблемаларды шешіп, тәртіпке келтіру жайында Қаржы министрі Болат Жәмішевтен сұралды.

Ол өз кезегінде бұл бағыттағы күрделі мәселелердің бәрін шешетін заң жобасы әзірленіп жатқанын айтты. Министр заң жобасы жайында ұзақ айтып, толықтай таныстыруға тырысқан еді, бірақ көпсөзділік, ұзын-сонар есепті жақтырмаған Үкімет басшысы «маған нақты айтыңызшы» деген талаппен министрдің сөзін бөлді. Б.Жәмішев бұл шынымен де өте тиімді заңнама болатынын дәлелдеп бақты. Оның бір ерекшелігі, келесі жылдың бірінші қаңтарынан «Самұрық-Қазына» барлық мемлекеттік сатып алуларды электрондық форматта өткізуді жоспарлап отыр екен. «Заңнама бойынша мемлекеттік кәсіпорындар да мемлекеттік сатып алуды электрондық форматта өткізеді», деді Б.Жәмішев.

Б.Жәмішев бұдан әрі алкогольге акциз құнын арттыру жайында да жауап берді. Мәселеге қатысты заң жобасы ағымдағы жылдың 10 желтоқсанында Парламент қарауына енгізілетінін жеткізді. Оның атап өтуінше, бұл құжат 2011 жылы дайындалып, Премьер-Министр кеңсесіне енгізілген. Аталмыш мәселеге орай Үкімет басшысы «ең алдымен алкогольге акцизді көтеру керек, екіншіден, алкоголь өнімдерінің, оның ішінде өндірістің нақты айналымын түсінікті етуге тиіспіз», дей келе Қаржы министрі Болат Жәмішевке осы мәселемен мұқият айналысуды тапсырды.

Бұдан әрі Премьер-Министр бюджет қаржысының дұрыс игерілмеу мәселесіне тоқталды. «Біз өткен аптада сіздермен Үкімет отырысында бюджет қаражатының игерілмеуі бойынша өткір әңгіме өткіздік. Қазірдің өзінде біз Парламентке енгізген бюджетті нақтылау бойынша шешімдер қабылдау барысында бұл басты мәселелердің біріне айналып отыр. Мен бюджет қаражатының игерілмеуіне жол берген лауазымды тұлғаларды жазалау туралы ұсыныс енгізуді бірінші басшыларға тапсырдым. Мұндай ұсыныстар енгізілді. Сондықтан, бюджет қаражатының игерілмеуі бойынша Денсаулық сақтау вице-министрі Тәкежановқа, Ауыл шаруашылығы вице-министрі Толыбаевқа, Қаржы вице-министрі Теңгебаевқа сөгіс жария­лаймын. Сонымен бірге, бірқатар комитеттердің төрағалары мен басқа да лауазымды тұлғалар жазаланды», деді С.Ахметов. Жамбыл мен Павлодар облыстарының әкімдері орынбасарларына да сөгіс осы қаржы және бюджет қаражаты мәселелеріне қатысты беріліп отыр. Осы сәтте Үкімет басшысы Білім және ғылым министріне де назар аударып, вице-министрлеріне қандай жазалар қабылданғанын сұрады. Аслан Сәрінжіпов орынбасарларының өтініш бергенін, оларды қызметінен босататынын айтты. «Жауапты хатшы бойынша да жазаға тарту үшін ұсыныс береміз», деді министр.

Үкімет басшысы бұдан әрі «көлеңкелі» экономикамен күрес жайын сынға алды. Сөз арасында Үкімет басшысы «көлеңкелі» экономика белең алған нақты 5-6 бағытты алып, сонымен ымырасыз күресу қажеттігін ескертті. «Сауданың айтарлықтай басым бөлігі бізде ашық базарларда жүріп жатыр. Базарлардағы ретсіз сауда «көлеңкелі» экономиканы одан сайын әлдендіріп келеді. Ал одан кім байып жатыр? Ресми төлем жоқ, төлемнің бәрі «көлеңкеде» қалуда, түбіртек беру үдерісі де жолға қойылмаған. Біз базарларда қашан тәртіп орнатамыз осы. Әкімдермен бірлесіп осыны қарайық, сосын кіріселік жұмысқа», деді Үкімет басшысы Экономика және бюджеттік жоспарлау министріне қарата айтқан сөзінде. Е.Досаевтың ұазаққа созылыңқыраған баяндамасын тоқтатып, «Кәнеки, нақты 4-5 бағытты алайық, ал сіз Экономика министрі ретінде Үкіметке, әкімдіктерге осы проблеманы алға тартыңыз, сосын ақылдасайық. Нақтылап, 2014-2017 жылдарды қамтып іске кірісейік. Ал мына 150 пункттен тұратын жоспардан не шығады? Оның орнына ең басты 10-ын алайық, сосын барлық әкімдермен бірігіп, соны атқарайық бәріміз», деді С.Ахметов. Оның айтуынша, бақыланбайтын экономика тек сауда-саттықтар мен базарларда ғана емес, автокөлік жөндеу саласынан бастап, жеке пайдаланатын бұйымдарға дейінгі аралықтарда да толып жатыр.

С.Ахметов еліміздің Үдемелі ин­дустриялық-инновациялық да­му бағдарламасына қатысты да­ Елбасының айтқан сындарын алға тартып, осыған орай қандай жұ­мыстар жүргізіліп жатқандығы жөнінде Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешевтен сұрады. Ә.Исекешев мәселеге орай Ақмола, Аты­рау, Солтүстік Қазақстан, Қара­ғанды облыстары әкімдеріне бағ­дар­ламаға жетекшілік ететін орын­басарларын, сонымен қатар, Өнеркәсіп және кәсіпкерлік басқармаларының бастықтарын тәртіптік жазаға тартуды тапсыр­ғанын жеткізді. Сондай-ақ, «Қаз­авиа­спектр» жобасы бойынша «ҚазАгро» төрағасының орынбасары Матажанов, Балқаш СЭС-ін жүзеге асыру бойынша «Самұрық-Энерго» вице-президенті Оспанов сөгіс алатын болады. Ал Премьер-Министр экономиканы индус­трияландыру бойынша жіберген олқылықтары үшін Индустрия және жаңа технологиялар бірінші вице-министрі Альберт Рауға сөгіс жариялады. Үкімет басшысы барлық министрлер мен әкімдерге индустрияландыру жобаларының тұрақты жұмысын қамтамасыз ету мен олардың жос­парлы қуатына шығару бойынша шаралар қабылдауды жүктеді. «Іріктеліп алынатын жобалардың сапасына қарау керек. Олардың экономикалық мақсаттылығын назардан шығармай, өткізу нарығын да зерттеген абзал», деді Премьер-Министр.

Үкімет басшысы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту жұмыстарын жандандыруға қатысты да бірқатар тапсырма жүктеді. Бұл ретте ең алдымен мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігін пайдалану қажеттігін ескертті. «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту жұмыстары мүлдем қанағаттанарлықсыз жүзеге асырылып жатыр», деген Серік Ахметов осы және басқа да бағыттар бойынша Өңірлік даму министрлігіне жұмысты белсенді ете түсудің қажеттілігін ескертіп өтті. Соған орай, осы мәселемен сонау Құрылыс істері жөніндегі агенттік құрылғаннан бастап айналысып келе жатқан қазіргі Өңірлік даму вице-министрі Серік Нокинге сөгіс жариялады.

Премьер-Министр Мәдениет және ақпарат вице-министрі Арман Қырықбаевқа да сөгіс жария­лады. «Біздің әрекеттеріміздің барлығы ашық болуы және БАҚ арқылы жұртшылыққа жетіп жатуы керек. Мұндай проблемаларды бүркемелеудің қажеті жоқ. Бұл жұмыс жүйелі, тұрақты әрі ашық болуы шарт. Елбасы мемлекеттік органдар мен Үкімет жұмысының БАҚ-тағы көрсетіліміне қанағаттанған жоқ. Сондықтан да, Мәдениет және ақпарат министрлігі белсенді бола түсуі керек. Біз өз жұмыстарымызбен айналысып жатырмыз, ал бұл ведомствоның жоспарлы жұмысы көрінбей келеді, әсіресе, соңғы уақыттары», деді С. Ахметов.

Үкімет басшысы егер жылдың соңына қарай жағдай өзгермесе, Мемлекет басшысының атына бірінші басшыларды, оның ішінде әкімдерді жазалау туралы ұсыныстар енгізетінін де айтып өтті. Қорытындылай келе, «Мемлекет басшысы тапсырмаларының орындалуын енді біз апта сайын тыңдайтын боламыз», деп түйіндеді.

Динара БІТІКОВА,

«Егемен Қазақстан».