06 Қараша, 2013

Баяулық сыры неде?

259 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Мұның мән-жайы журналистік іссапар барысында ашылды

Биылғы жылдың 11 қазаны күні өткізілген Үкіметтің кеңейтілген отырысында Елбасы «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында несиелердің пайыздық мөлшерлемелерін субсидиялау жұмыстары Батыс Қазақстан облысында баяу жүріп жатқанын сынға алды. Неге баяу жүреді? Мұның арғы астарында не сыр бар? Біз осы сауалдардың аражігін ажырату мақсатында журналистік зерттеулер жүргізген едік. Оның барысында, тұтастай алғанда, аталған бағдарлама Орал қаласында және облыс орталығына іргелес Зеленов, Теректі аудандарында, кеншілер қаласы Ақсайда біршама оң жолға қойылғанына көз жеткіздік.

 

Мұның мән-жайы журналистік іссапар барысында ашылды

Биылғы жылдың 11 қазаны күні өткізілген Үкіметтің кеңейтілген отырысында Елбасы «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында несиелердің пайыздық мөлшерлемелерін субсидиялау жұмыстары Батыс Қазақстан облысында баяу жүріп жатқанын сынға алды. Неге баяу жүреді? Мұның арғы астарында не сыр бар? Біз осы сауалдардың аражігін ажырату мақсатында журналистік зерттеулер жүргізген едік. Оның барысында, тұтастай алғанда, аталған бағдарлама Орал қаласында және облыс орталығына іргелес Зеленов, Теректі аудандарында, кеншілер қаласы Ақсайда біршама оң жолға қойылғанына көз жеткіздік.

Мұның себебі «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасына қатысуға ниет білдірушілер инфрақұрылымы біршама жақсы дамыған, тасымал, жол шығындарын қажет етпейтін, біріншіден, өздері үшін тиімді де ыңғайлы облыс орталығы маңайын таңдап, аттай қалап алатынында деуге болады. Тіпті, бұл үшін жергілікті атқарушы орган жетекшілерінің кәсіпкерлерге қандай да бір түсінік жұмыстарын жүргізуінің де қажеті болмай қалғанға ұқсайды. Бұған өңірдің дәл осы бөлігінде кәсіпкерлер саны табиғи түрде 8 пайызға өсуі де мысал бола алады.

Бұған керісінше, облыстың Бөкей ордасы, Қаратөбе, Жаңақала және Жәнібек аудандарында бұл қызметке орай бірде-бір жоба жүзеге асырылмаған болып шықты. Тіпті, облыс орталығынан айта қаларлықтай қашық емес Ақжайық ауданындағы істің жай-күйі де көңіл көншіте бермейді. Міне, қарама-қайшылық қайда? Мұны қалай реттеуге, арадағы тепе-теңдік пен арасалмақты бір-біріне қалайша жақындатуға болады? Осындай басы ашық сауалдардың арғы астарына тереңірек үңілу үшін кешегі түні Ақжайық және шалғайдағы Жаңақала ауданына шұғыл аттанып кеттік. Біз мұнда ел ішіндегі кәсіпкерлермен кездесіп бағдарламаны іске асырудағы іркілістер мен кедергілер жөнінде ой-пікір алмастық.

Осыдан ұққанымыз бен көңілге түйгеніміз «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының екінің бірі қалпақпен соғып, ұрып ала қоятын оп-оңай жоба еместігі. Бұл, біріншіден, экспорттық өнімдер өндіруге бағытталған, сондықтан да жоғары технологияларға арқа сүйейтін, сонымен бір мезгілде, өзіндік құны төмен тауарлар шығара алатын жоба болуы қажет. Бұған бел буған кәсіпкердің екінші деңгейдегі банктерден алатын несиесінің үстіндегі өсімі 14 пайызды құрайды. Осы пайыздық мөлшерлеменің 7 па­йызы мемлекет есебінен төленсе, қалған 7 па­йызын бағдарламаға қатысушының өзі төлейді.

– Бұл, сөз жоқ, мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған өте жақсы жеңілдік. Алайда, аталған банктер ауылдағы ағайынға 25 пайыздық кепілдік көлемін бел­гілеген. Мұны табу оңай емес. Олар ұсақ-түйекті кепілге ала бермейді. Бағдарламаға қатысушының оған төлейтін өз қаражаты 15 пайыз мөлшерінде. Бұл шағын жоба емес, оның құны 3 миллиард тең­геге дейін барады. Яғни, мұның өзі 1 миллиардқа шаққанда 150 миллион теңгеге дейін жетеді деген сөз. Қысқасы, екінші дең­гейдегі банктер тарапынан несие алуда біршама кедергілерге кездесіп жүрміз,– дейді Ақжайық ауданындағы «Нұр-Ғасыр» ЖШС-нің жетекшісі Нұрлан Салихов.

Тағы бір көзіміз жеткен жайт – аталған аймақтарда бағдарламаға қатысты жобалар жүзеге аспағаны­мен, осы шеңберде тиісті ұсыныс­тар мүлдем болмады десек, шын­дыққа қиянат. Айталық, Ақжайық ауданында қант зауытының және Жаңақала ауданында тауық өсіру фабрикасының жобаларын қолға алғандар ұзақ уақыт бойы сергелдеңге тап болған. Мұның бір себебі – екінші деңгейдегі банктер ауылдағы ірі жобаларға несие беруге келісім бермеген. Мұны кәсіпкер Самат Жұмағалиев аяғына дейін жеткізе алмаған қант зауыты жобасына қатысты айтуға болады. Ал тауық өсіруге ниет еткен Мереке Имашев грант ала алмаған. Оған қол жеткізе алмау себебі – арнау­лы комиссияның қатаң талабы мен сүзгісі көрінеді. Оның үстіне Жаңақала секілді шалғай ауданда тауық өсірудің бірқатар қиындықтары мен иірімдері бар екендігі, түптеп келгенде, мұның тиімсіздігі жөнінде әңгімелер де алдан шыққан.

Ұзын сөздің қысқасы «Биз­нес­тің жол картасы-2020» секілді икемді бағдарламаны іске асыру үшін де икемді іс-қимылдар қол­ға алынуы қажет емес пе? Егер оған қатысуға ниет білдірушілер облыстық құрылымдарға құжат­та­рын өткізуде төрешілдік кедер­гілерге тап болып жатса, сөйтіп, алтын уақыттарын зая кетірсе, бұған келісу қиын-ақ. Мысалы, Жаңақала ауданындағы «Нұр-Тем» ЖШС-нің жетекшісі Темірғали Нұрмұқаев осындай сәтсіздіктерден кейін Ауыл шаруашылығы министр­лігіне қарасты қаржылық инсти­тут­тардың көмегіне сүйенуге мәж­бүр болыпты. Әрине, бұл екеуі­нен ұсынылатын несиенің пайыз­дық мөлшерлемелері бір-бірі­мен қарайлас. Тек бұл арада «ҚазАгроҚаржы» жүйесі маман­дары­ның несие алушыға неғұрлым оңтайлы түрде келгенін айту парыз. Ендеше, осындай үрдіс пен қасиет «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасын іске асырушыларға да сіңісті болғанын қалар едік.

Журналистік іссапар кезінде шалғай аудандарда әртүрлі деңгейдегі меншік иелері қолға алған жол, жарық, су жүйелері секілді инфрақұрылымдарды тарту ісінде де бірқатар кедергілер кездесіп отырғанына куә болдық. Шынтуайтына келгенде, бұл – кез келген ауылдағы кәсіпкердің оң жамбасына дөп келетін тиімді де ыңғайлы әрі қолжетімді жоба. Бұған айта қаларлықтай көп қаражаттың да қажеті шамалы. Өйткені, оның өтеуі мемлекет қаражаты есебінен жүргізіледі.

Алайда, ауыл кәсіпкерлері мұндай сипаттағы өздері жасаған бизнес-жоспарлары мен басқа да қажетті құжаттарын тиісті орындарға өткізу үшін табандарынан тозады. Біріншіден, оған бағалату жұмыстарын жүргізу көп уақыт алатын көрінеді. Мұны тиісті лицензиялары бар тұлғалар мен жекеменшік компаниялар атқаратындықтан, олардың сұрайтын бағалары қатардағы ауыл кәсіпкерлері үшін ылғи да қолжетімді бола бермейді екен. Яғни, тиісті мөлшерден екі есе мүлік талап етіледі. Сөйтіп, инфрақұрылымдық сипаттағы жобалардың іске асу мерзімі кешеуілдей береді. Осындай бір жағдай жөнінде Жаңақала ауданындағы «Наурыз» шаруа қожалығының жетекшісі Наурыз Бекмашев айтып берді. Оның жарық тарту жөніндегі бизнес-жоспары жоғарыдағыдай себептермен келесі жылға қалыпты.

Журналистік сараптамалар мен талдаулар республиканың шалғай аудандарында аталған бағдарламаларға қатысуға екінің бірі тәуекел ете бермейтінін көр­сетеді. Сондай-ақ, бүгінде қалада өз бизнесін тым жақсы жолға қоя білген іскер азаматтардың ауылға бет бұру үрдісі де байқалмай келеді. «Оның басты себебі – аудандардың қашықтығы, екі арадағы жолдың нашарлығы, сондай-ақ, тиімділік пен пайда беруге жетектей алатын өзге де инфрақұрылымдардың жеткіліксіздігі болып отыр. Мұн­дай жағдайда біз бизнестік нысандарды бақылау мүмкіндігін де азайтып аламыз. Үлкен жобаның қайтарымы мен өтемі болатынына көзіміз анық жетсе, шалғай өңірлерге баруға да болар еді. Бұған толықтай кепілдікті көре алмай жүрміз», – дейді бізбен әңгімесінде Орал қаласы мен оның төңірегінде «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасына қатысып жүргендер.

Оралдық кәсіпкерлердің осылайша «сауысқаннан сақ мінез» танытуларын бір есептен түсінуге де болатын секілді. Қалай дегенде де, шалғай аудандар мен облыс орталығында бизнесті өркендету үшін жасалған мүмкіндік бірдей емес екені аян. Мұның өзі алдағы кезде ауылдағы инфрақұрылымдық жүйелерді жақсарту жөнінде түбегейлі шаралар белгілеу қажеттігін көрсетеді. Сондай-ақ, екінші деңгейдегі банктердің ауылдағы қарапайым кәсіпкерлердің мүмкіндігіне қарай бейімделе алмай жатқаны да алаңдатады. Мүмкін, олардың қызметіне жаңаша көзқарас қажет шығар.

Белгіленген бағдарлама аясында пайыздық мөлшерле­мелерді субсидиялауға қатысты жан-жақты түсінік жұмыстарын жүргізу – бүгінгі күннің басты талаптарының бірі. Әрине, Орал өңірінде мұндай іс мүлдем қолға алынбай отыр деп айта алмаймыз. Айталық, іссапар кезінде Ақжайық және Жаңақала аудандарында Елбасы сынынан кейін дәл осы мәселеге қатысты салалық семинарлар өткізілгеніне куә болдық. Сондай-ақ, мәселенің мән-жайын түсіндіру үшін Батыс Қазақстан облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшылары мен мамандары тарапынан ауданаралық басқосулар өткізу шаралары да белгіленіп отыр екен.

Бізде бір шындықпен үйлесім таба бермейтін теріс әдет бар. Қоғамдық-өндірістік өмірде белгілі бір кемшіліктер орын алса, оған аймақ, облыс басшыларын кінәлауға әзір тұрамыз. Рас, олардың тарапынан істі мүлтіксіз жүргізу үшін талап қатаң қойылуға тиіс. Батыс Қазақстан облысының әкімі Нұрлан Ноғаев «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасын іске асыруға қатысты Елбасы айтқан сын-ескертпелерге орай актив жиналысын өткізіп, сала және аудан басшыларына бұған дейін орын алған үстірттік пен олқылықты шұғыл жою жөнінде тапсырма берді. Бұл арада кәсіпкерлік пен бизнесті қорғау мен қолдаудың бір кілті облыс әкімінің бизнес пен кәсіпкерлік нысандар қызметін қадағалайтын орынбасарының қолында екенін де айта кеткен жөн.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қазан айының үшінші онкүндігінде Батыс Қазақстан облысына сапары кезінде облыс әкімінің осындай салалық орынбасары Марат Кәрімовті орнынан тұрғызып, істің жай-күйін сұрағанда ол дұрыс, дәл жауап бере алмай қалды. Сондықтан, бұл орынбасар алдағы кезде өзі тікелей бақылайтын «Бизнестің жол картасы-2020» секілді бағдарламаны ойдағыдай іске асыру үшін жо­ға­ры кәсібилік пен біліктілік көр­сете білуі қажет деп санаймыз. Сон­дай-ақ, аталған жобалардың жүйелі жүргізілуі жоғарыда атал­ған басқарма басшысы Аслан Жа­қы­повтың қызметіне де үлкен сын.

Шиырып айтқанда, өңірді ши­рататын шаруа баршылық. Ең бас­тысы – бұған ниет те, мүмкін­дік те бар. Етектен тартуға итер­ме­лейтін объективті және субъек­тивті тұрғыдағы себептер де жоқ емес. Мұның бірқатарын жоғарыда айтып өттік. Елбасының пайымды да парасатты сынынан кейін өңірде «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының екінші тынысы ашылса игі.

Темір ҚҰСАЙЫН,

«Егемен Қазақстан».

Батыс Қазақстан облысы.