06 Қараша, 2013

Желге ұшқан миллиардтар

160 рет көрсетілді

Президент айтудай-ақ айтып жатыр. Үкіметке, жергілікті әкімдерге кемшіліктерін көрсетіп, тапсырма беріп жатыр. Бірақ Үкіметтің қимылы, серпіні баяу. Бәрін тас-түйін етеміз деп уәдені үйіп-төгіп бе­реді де, артынан сиырқұйымшақтанып кетеді. Миллиардтаған ел қар­жы­сының қайтарымсыз құрдымға кетіп жатқанына қабырғалары қайы­са қоймай ма деп күдіктенесің. Бұл ретте мысал деген шашетектен.

01-Кар-1

 

01-Кар-1

Президент айтудай-ақ айтып жатыр. Үкіметке, жергілікті әкімдерге кемшіліктерін көрсетіп, тапсырма беріп жатыр. Бірақ Үкіметтің қимылы, серпіні баяу. Бәрін тас-түйін етеміз деп уәдені үйіп-төгіп бе­реді де, артынан сиырқұйымшақтанып кетеді. Миллиардтаған ел қар­жы­сының қайтарымсыз құрдымға кетіп жатқанына қабырғалары қайы­са қоймай ма деп күдіктенесің. Бұл ретте мысал деген шашетектен.

Үкімет өз алдына, әр деңгейдегі әкімдер де мемлекет қаржысын бақылауда селқос. Мысалы, «Ауыз су» бағдарламасы сегіз жыл бойы көбіне қағаз жүзінде атқарылып, нақты айтарлықтай іс тындырылмағанын ел-жұрт біледі. Жергілікті басшылардың бірқатары жоғары жаққа жалған ақпар беріп, көзбояушылыққа салынған. Көпшілігі істі болып та жатыр. Осы бағдарлама құрдымға кеткен өңірлер қатарында Солтүстік Қазақстан облысы да бар. Өткен жылы нақ осы уақытта Елбасы облыста «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша атқарылуы тиіс жұмыстарды іске асыра алмағаны, ең сорақысы, жұмыс істемейтін 14 нысан туралы жалған мәлімет бергені үшін облыстың сол кездегі басшысына сөгіс арқалатып жіберген еді.

Былайғы жұрт осыдан кейін шіренген шенеуніктер айылдарын жиятын, тәубесіне келетін шығар деп ойлаған. Қайда?! «Қарға қарғаның көзін шұқымайды» деген рас екен, қонышынан бассам өз етігім дегендей, бөлінген ақшаны оңды-солды шашып, өңір халқының жартысын таза ауызсусыз қалдырған басшы әкімдік тізгінінен айырылғанымен, екінші бір жұмсақ орынтаққа қонжия кетті. Желге ұшқан 7 миллиард теңгеге жуық (кей деректерде 10 миллиард) қаржының қайда кеткенін іздеген де ешкім болған жоқ. Жеті миллиард жеті теңге емес қой, судың да сұрауы бар емес пе?! Осындайда құқық қорғау органдары қайда қарап отыр деген сауал да ойға оралады. Сайып келгенде, мұның өзі Елбасы тапсырмасын орындауға жауапты адамдардың өздері тікелей міндеттеріне енжар қарағанын көрсетеді.

Солтүстік Қазақстан облысы­ның Аққайың ауданында мердігер компания ескі іргетасқа орната салған су тарататын мұнара іске қосылғанмен, бір жарым ай өт­пей жатып құлап қалып, біраз шу туғызған еді. Ақыры, ол да жабулы қазан жабулы күйінде қалды. Енді Петропавл қаласында қыруар қаржы жұмсалып, мемлекеттік бағдарлама бойынша салынған екі бірдей көпқабатты үй құлаудың аз-ақ алдында тұр. Мамандар бұл үйлер түптің-түбінде Қарағандыдағы «Бесобаның» кебін киеді дейді. Өйткені, қалалық әкімдіктегілермен ауыз жаласқан бас мердігер жобадан ауытқып, мұндай ғимараттарға арналмаған арзанқол материалдарды, атап айтқанда, іргетасына жобаға сай мықтылығы 250 маркалы цемент емес, 150 маркалы цемент қолданған. «Ал қабырғаларды бекітуге қажетті темір сымның да жуандығы 24 миллиметр емес небары 12 миллиметр ғана болып шықты. Бұл материалдар мұндай тоғыз қабатты үйді көтеріп тұра алмайды», дейді олар.

Бір өкініштісі, сол үйлердің бірінде қазір 90 отбасы шыбын жандарын шүберекке түйіп, тұрып жатыр. Өйткені, бұл олардың талай жыл кезекте тұрып қол жеткізген баспаналары, басқа баратын жерлері жоқ. Ал оның жанындағы 126 пәтерлік үй мүлдем пайдалануға жарамсыз деп танылып, қаңырап бос тұр. Бұл үйлерді салуға кезінде қазынадан бір миллиард теңге бөлінген. Енді оның бәрі желге ұшты. Осындай жөнсіздікке жол бергендер заң алдында әлі жауап берген жоқ. Осы сияқты сорақылықтарға жол берген басшыларды Үкімет неге тәртіпке шақырмайды?

Ерболат ШЫНТЕМІР.

Соңғы жаңалықтар

«Қызыл» аймақта бір ғана өңір қалды

Коронавирус • Бүгін, 11:47

Қанша адам вакцина салдырды?

Коронавирус • Бүгін, 09:40

847 адам коронавирус жұқтырды

Коронавирус • Бүгін, 09:00

Ұқсас жаңалықтар