06 Қараша, 2013

«Діни педагогика», «діни тәрбие»

1794 рет
көрсетілді
21 мин
оқу үшін

01-динДЕГЕН ҰҒЫМДАР БІЗГЕ БҰРЫН ЖАТ ЕДІ НЕМЕСЕ ДІНИ САУАТТЫЛЫҚҚА САЛМАҚТЫ КӨЗҚАРАС КЕРЕК

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сара саясатының арқасында көпұлтты және көпконфессиялы еліміз еншісіне бұйырған тәуелсіздіктің тұғырын бекітіп, зайырлы мемлекет құрып, өркениетті елдер қатарына еркін еніп келеді. Мұның Қазақстанда жүргізіліп жатқан экономикалық дамудың және әлеуметтік жаңғыртулардың, бейбітшілік пен тыныштық­­­­тың, адамдардың діни наным-сеніміне шынайы құрметпен қараушылықтың, жалпыадамзаттық құндылықтарды бағалай білудің нәтижесінде мүмкін болып отырғаны шындық. Кез келген дәстүрлі діннің көздейтіні – күллі адамзат арасындағы сыйластық пен сүйіспеншілікті, бірлік пен ынтымақты уағыздау. Діни сенімдердің өнегелі рухани бастауларға негізделетіндігі және зор гуманистік әлеуетке ие екендігі де дәлелдеуді қажет етпейді. Осынау мол әлеуетті қоғамның дамуына, патриотизмді қалыптастыруға, ұлтаралық және конфессияаралық келісімді нығайтуға, діни экстремизмнің алдын алуға қалай пайдаланып жүрміз? Жалпы, діни ахуал туралы түсінігіміз қандай, діни білім мен сауаттылық мәселесін қалай шешуге болады? Бұл бағытта жастармен қалай жұмыс істеу керек? Біз осы және басқа сауалдарымызға жауап алу мақсатында философия ғылымдарының докторы, профессор Амангелді АЙТАЛЫҒА жолығып, әңгімелескен едік.

 

ДЕГЕН ҰҒЫМДАР БІЗГЕ БҰРЫН ЖАТ ЕДІ НЕМЕСЕ ДІНИ САУАТТЫЛЫҚҚА САЛМАҚТЫ КӨЗҚАРАС КЕРЕК

IMG 7370Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сара саясатының арқасында көпұлтты және көпконфессиялы еліміз еншісіне бұйырған тәуелсіздіктің тұғырын бекітіп, зайырлы мемлекет құрып, өркениетті елдер қатарына еркін еніп келеді. Мұның Қазақстанда жүргізіліп жатқан экономикалық дамудың және әлеуметтік жаңғыртулардың, бейбітшілік пен тыныштық­­­­тың, адамдардың діни наным-сеніміне шынайы құрметпен қараушылықтың, жалпыадамзаттық құндылықтарды бағалай білудің нәтижесінде мүмкін болып отырғаны шындық. Кез келген дәстүрлі діннің көздейтіні – күллі адамзат арасындағы сыйластық пен сүйіспеншілікті, бірлік пен ынтымақты уағыздау. Діни сенімдердің өнегелі рухани бастауларға негізделетіндігі және зор гуманистік әлеуетке ие екендігі де дәлелдеуді қажет етпейді. Осынау мол әлеуетті қоғамның дамуына, патриотизмді қалыптастыруға, ұлтаралық және конфессияаралық келісімді нығайтуға, діни экстремизмнің алдын алуға қалай пайдаланып жүрміз? Жалпы, діни ахуал туралы түсінігіміз қандай, діни білім мен сауаттылық мәселесін қалай шешуге болады? Бұл бағытта жастармен қалай жұмыс істеу керек? Біз осы және басқа сауалдарымызға жауап алу мақсатында философия ғылымдарының докторы, профессор Амангелді АЙТАЛЫҒА жолығып, әңгімелескен едік.

– Амангелді Абдрахманұлы, дін – өте-мөте нәзік, көпастарлы ұғым. Алды­­­мен діни ахуал ерекшеліктері, оның қоғам­­дағы рөлі туралы ойларыңызды тарқатсаңыз.

– Еліміз егемендік алып, дінге еркіндік берілген тұста, бір жағынан қуандық та, екінші жағынан абыржып қалдық. Жетпіс жылдан астам табынып келген идеологиямыз алдамшы болып шықты. Дін соның орнын толтыратын сияқты болды. Шетелдерден әртүрлі діни ағымдар елге ағыла бастады. Бұрындары тұсалып келген дін бұрын-соңды болмаған еркіндік алды. Әсіре діншілдікке жол берілді. Осының барлығын біз демократия деп қабылдадық. Екінші бір мәселе, сол кезде кез келген діни ағымдарды діни бостандыққа балап тіркеу белең алды. Діни істерді реттейді дейтін ішкі саясат қызметкерлері дінді үстірт білетін дилетанттар болды. Тәжірибенің жоқтығынан мемлекет пен діннің қарым-қатынасын, діннің қоғамдағы орны қандай болуы керектігін, діннің ұлттық мәдениетке, ұлттық болмысқа ықпалын ажырата алмадық. Сонымен бірге, тәжірибенің жоқтығынан біз мемлекет пен дін арасындағы қарым-қатынастың қандай болуы керектігін, дін мен ұлттық мәдениет, діннің ұлттық болмысқа ықпалы, ұлттық болмыс пен діннің байланысы да қандай жолмен жүруі керектігін ажырата білмедік.

«Діни сенім және діни бостандық туралы» алғашқы Заң 1992 жылы қабылданды. Ол кеңес заманында дайындалған заң жобасы еді. Бірақ, біз бұл жерде үлкен қателікке ұрындық. Негізі, бұл дінге бетбұрыс болмады. Бұл шын мәнісінде Құдайды, дінді тану емес еді. Бұл кеңес заманындағы заңсыздықтан, бұғаудан босану, теңдік алу болды да, екінші жағы діннің терең мағынасын бағдарлай алмадық. Ол да түсінікті. Осыдан келіп дін біздің елімізде сәнге айналды десе де болады. Дінді танудан гөрі, неше түрлі діни ағымдарды, әдеби кітаптарды таңырқап оқи бастадық. Діннің тіпті араласпаған саласы қалмады. Діни музыка көбейді. Осының барлығын дұрыс екен деп қабылдадық та, бұл елімізде үлкен бір жаңа ахуал туғызды. Сонымен бірге, біз дінді кімнен үйрендік сонда? Біз дінді шетелден келіп жатқан ағымнан үйрендік, шетелде оқып келген жастардан үйрене бастадық. Бірақ, сол кездегі діни бірлестіктердің басында тұрған имамдардың, священниктердің өздері де діни сауат ашуда әлсіз, сауатсыз болды. Бір жағынан бұларды кеңес заманында қорқытып-үркітіп алғандықтан, іске батыл кірісе алмады. Сөйтіп, осындай аласапыран ахуал қалыптасты.

Сондықтан, мысалы, күні бүгін де біздің елдегі өздерін мұсылманмын дейтіндер де терең діндарлар емес. Бұлар ислам дінімен байланысты дәстүрімізді мойындаудан, менталитетімізді, болмысымызға сай келетін діни ұғымдарды қабылдаудан гөрі, қазақсың ба мұсылмансың, орыссың ба – православиеліксің деген стереотипті ұстанды. Сол стереотип әлі күнге дейін жұмыс жасап келе жатыр. Осындай жағ­дайлардан кейін, яғни 90-жылдардың аяғы, 2000-жылдардың басында біз, әрине, ойлана бастадық. Мысалы, Қазақстан Рес­публикасының Парламентінде «Діни сенім және діни бірлестіктер туралы» Заңның осы аралықта сегіз рет қайта қаралуы, толық­тырылуы, сол заңға өзгерістердің енгі­зілуі еліміздегі діни істерге деген мазалану­шылықты көрсетеді, сол мәселеге мемле­кеттің мән беруіне депутат ретінде өзім де куә болдым. Міне, сөйтіп, 2000 жылдың басына таман шетелден келген неше түрлі секталар қоғамымызды аздырып, тіпті бір отбасын, атасын, баласын, анасын бір-біріне қарсы қоюға әкелді.

– Дәл қазіргі кезде атеизм қоғамдық санаға қаншалықты ықпал ете алып отыр деп ойлайсыз?

– Дінтанушы ғалымдардың айтуларынша, егер қазір бізде шынайы діндарлық басым ба, әлде атеизм басым ба деген сауал қойылса, бұрынғы атеизмнің көріністері, дінге деген салқындық санада әлі басымырақ деген тұрғыдағы жауап алдан шығатын көрінеді. Мұнымен келісуге де, келіспеуге де болар. Бірақ, қоғам дамуында мынадай бір заңдылық бар. Әр кезде де өткен заманның дүниетанымы, өткен заманның дәстүрі ізсіз жоғалып кетпейді. Сонау тіпті дөрекі атеизм сананы ығыстырып, мешіттерді қиратып, Құранды өртеп жатқанның өзінде де діни сана қоғамда мүлдем жойылып кетпеді, ізі сақталды. Атеизм толықтай үстемдік ете алмады. Сол сияқты, бүгінде мынау дінге ерік берген жағдайда, атеизм толықтай біздің санамыздан әлі кеткен жоқ. Ғалымдардың айтуларынша, атеизмнің өзіндік алаңдары бар. Сонымен бірге, біздің қоғамдағы адамдардың көпшілігін атеизмнен кетіп, дінге терең жете алмай, екі ойлы, қобалжып жүргендер деп айтуға болады. Олардың діни сенімдері әлі тұрақсыз, қалыптасып үлгермеген. Сондықтан атеизмнен жалтарғанымызбен, мұсылмандыққа толық келдік деп айта алмаймыз. Статистика бойынша, Қазақстан халқының 70,02 пайызы мұсылман дейді. Бұл – сан ғана. Бұл терең сапа емес. Себебі, атеизмнің санаға сіңгені соншалық, біз кезінде Юрий Гагарин космосқа ұшқанда, «мен космостан Құдайды көре алмадым» деген сөзін шын қабылдадық қой. Құдай жоқ екен, Гагарин Құдайды көрмепті дедік. Бұл санада, біздің ойымызда жатыр ғой. 2009 жылғы санақта біздің аға буын өкілдері атеиспіз деп айтпаса да, оннан үшеу-төртеуі ғана мұсылманбыз деген.

Ал біздің қоғамымызда атеизмнің көрі­ніс­­­тері қандай? Біріншіден, бүгінгі күні дін десе, әртүрлі діни экстремизмнің, лаңкес­тіктің көрінісі сияқты көрінеді. Дін мен экстремизмнің, лаңкестіктің ара-қатынасын әлі түсіне алмай жатырмыз. Көптеген студенттер ата-аналарымыз бізге мешітке баруға тыйым салады дейді. Ата-аналарымыз намаз оқуға рұқсат бермейді дейді. Ата-аналарымыз ерекше бір киім кигенімізді де қолдамайды дейді. Осы дін сияқты нәзік дүниені кейде сыртқы көріністермен де өлшеу басым. Дініміз қоғамға әлі де болса игілікті әсерін тигізе алмай жатыр. Дінге бет бұрғанымызбен, қылмыс, әсіресе, ауыр қылмыстар түрі, жемқорлық, ұрлық, маскүнемдік, басқа да теріс әрекеттер тіпті өршіп кетті. Сондықтан, дініміз тілімізде болғанмен, ділімізге сіңбей жатқандығы анық. Оның себептерін талдау бөлек әңгіменің арқауы.

– Еліміздегі қазіргі таңдағы діни ахуал­ қандай? Діни тәрбие қай деңгейде деп ойлайсыз?

– Қазіргі діни ахуалды екі кезеңге бөлуге болады. 1990-жылдарды ислам дініне оралу деген жөн болар. Бұл – барлық посткеңестік кеңістіктегі ортақ жағдай, кейде оны жаңару дейді, 1990-жылдардың аяғы мен 2000-жылдан бастап жаңа кезең басталды. Жаңа кезеңнің ерекшелігі, біз енді діннің күрделілігін, оның сан қилы астарының бар екенін, діннің тек қана жай сенім емес, оның экономикамен, оның ішінде нарықтық экономикамен, сая­сатпен, мәдениетпен байланысын, тіпті халықаралық қатынастармен, қылмыспен байланысын енді терең түсініп жатырмыз. Анау Таяу Шығыстағы Палестинаның мәселесі бүгін Қазақстан мұсылмандарын да ойландыратын болды. Сонымен бірге, посткеңестік елдерде жаңа бір ағым пайда болып келеді. Бұл – еуроислам немесе ислам дінін еуропалық либерализмге, еуропалық демократияға, нарықтық экономикаға бейімдеу. Мысалы, қазір Халықтық IPO деп жатырмыз ғой, қорлар рыногы мен православие дінінің ілімі, қорлар рыногы мен ислам дінінің байланысы, осы қорлар нарығы мен протестанттықтың қарым-қатынасы жөнінде үлкен мәселе көтеріліп жатыр. Осы тұрғыдан келгенде, қорлар нарығын қолдайтын Қазақстан экономикасындағы бірден-бір дін біздер деп протестанттар жұмыс жасап жатыр. Себебі, мұсылман діні кредитке ауадан ақша жасау деп қарайды. Бұл жөнінде әзірге біздің діни өкілдеріміз де, біздің қаржы – экономист мамандарымыз да белсенді түсінік бере алмай жатыр. Бірақ, протестанттар билеп-төстеп, біздің ішімізде жұмыс жасап жүр. Әрбір жағдайды өзінің дінін таратуға пайдаланудың бір көрінісі бұл. Олар жастардың арасында жұмыс жасауға да үлкен мән береді. Себебі, біздің мемлекеттің болашағы, сөз жоқ – жастар.

– Мектептерде «Дінтану» пәні енгізіле бастады. Осы пән туралы өз көзқарасыңызды білдірсеңіз.

– Біз бірте-бірте дінтану пәнін мектептер мен жоғары оқу орындарында енгізуді қолдадық. «Діни педагогика», «діни тәрбие» деген ұғымдар оқулықтарға ене бастады. Әлемде бұл салада біраз тәжірибе жинақталған. Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтында «Дінтану» пәні 2010-2011 оқу жылы сол кездегі инс­титут ректоры Ғалымжан Нұрышевтың қолдауымен енгізілді. Оның мәртебесі, сағаттары «Саясаттану», «Әлеуметтану» пәндерімен бірдей. Көптеген елдердің, араб мемлекеттерін айтпағанда, бірқатар зайырлы мемлекеттердің тәжірибесін зерделедік. «Діни педагогика», «діни тәр­бие» деген ұғымдар бізге жат еді. Бүгін­де бұл терминнің өзі әртүрлі деңгейде қа­был­данады, қарсыластар да жоқ емес. Де­генмен, біз Батыстың діни педагогикасына, дінтану пәнін, діни мәдениетін зерделеуге, тәжірибесіне көп мән бердік. Зайырлы мем­лекеттерде біраз тәжірибе жинақталған және мақсатты түрде жастарға діни білім, діни тәрбие беру жолға қойылған. Бұл тәжірибе біз үшін өте пайдалы және қызық. Бірақ бүгін бірқатар посткеңестік кеңістікте дін­тану пәнін енгізуге қарсы атеистік ағым бар.

– Сонда атеистер не дейді?

– Атеистердің қамалы әлі берік. Халифат сарбаздарымыз дейтіндер қайдан шықты? Өзін өзі өлтіріп, жиһадқа баратындар кімдер? Мұның барлығына дін кінәлі. Егер дін жастардың арасына о дүниені насихаттамаса, о дүниеде де өмір, қызық бар демесе, жастар мынадай әрекетке бармас еді, «тірі бомба» болмас еді. Кеңес заманында қақтығыс, лаңкестік деген болған жоқ. Сондықтан діни тәрбиенің жүйесін емес, атеистік біліммен қалыптастыру керек. Бұл қоғамды лаңкестіктен, зорлық-зомбылықтан, бөтенді жатырқаудан сақтаудың бірден-бір жолы дейді олар. Ауызекі тілде осындай пікірлерді айтып қалатын жағдайлар біздің елде де кездеседі.

– Бұл пікірлерге айтар уәж қандай?

– Атеистік көзқарас шын мәнінде әлеу­меттік, саяси, психологиялық мәселе­лерді жоққа шығарып, лаңкестікті, экстремизм­ді тек қана дінмен байланыстырады. Ақиқа­тында экстремист – діншіл адам емес. Экстремизмге барса, ол діннен ауытқығаны. Ал лаңкестіктің, басқа да түрлі қақтығыстардың терең әлеуметтік, саяси, психологиялық тамыры бар. Сондықтан лаңкестікті жасайтындар діншілдер емес, надандар, дөрекі қара күштің иелері зорлық-зомбылықпен мәселе шешеміз дейтіндер, ымыраға келгісі келмейтіндер.

Экстремизмнің себебін діннен іздеу үлкен қате. Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы мынадай деректер кел­тіреді. Террористердің 60 пайызы жас­тар 29-ға дейінгілер, 95 пайызы – жұмыс­­сыздар. Негізінен олар білімі жоқ, жұмыс­сыз, болашақтан үмітсіз жастар. Демек, экс­тремизмнің әлеуметтік негіздері бар. Мыл­тықпен бұл мәселе шешілмейді. Зор­лық, күштеу қарсы зорлық, күштеу туғызады.

– Шетелдерде дін мен мемлекет арасында қандай үлгі алатын мәдениет бар?

– Шетелдерден біздің үйренген тұста­­­рымыз жоқ емес. Біріншіден, оларда мынадай бір ұстаным бар. Шіркеу, мешіт мемлекеттен бөлек, бірақ мемлекет шіркеуден, мешіттен бөліне алмайды. Себебі, ол сол мемлекеттегі шіркеу, сол мемлекеттегі мешіт. Бұл – өркениеттік қағида. Сондықтан діни білім, тәрбие мәселесінде билік не істейміз деп діни бірлестіктер, діни ұйымдар өкілдерін шақырып алмайды, биліктің өзі мешіт, шіркеуге барып ақылдасады. Біздегідей әкімшілік имамды, болмаса священникті шақырып алып, тапсырма бермейді. Бұл дінді сыйлаудың да көрінісі. Билік дінді сыйласа, тең деңгейде есептессе, экстремизмнің ықпалы азаяды.

– Батыста діни тәрбиенің, діни педа­гогиканың қандай ерекшеліктері, үлгілері бар?

– Ол үлгілер әр елдің тарихына, құқық­тық ерекшеліктеріне, дәстүріне, саяси жүйесіне, демографиялық ахуалына, педаго­гикалық жағдайларына, тәжірибесіне байланысты. Батыста дінтану пәнін енгізуде «конфессиялық модель» ұсталынады. Мысалы, Германия, Италия, Финляндия, Австрия, Испанияда дінтану пәні саны жағынан басым діннің негізінде жүргізіледі. Ал аралас елдерде басқаша сипатта оқытылады. Батыстағы үлкен бір мәселе – дінтану пәнінің мәртебесі. Ол міндетті пән бе, әлде факультативті пән бе? Батыс елдерінде бұл – міндетті пән. Шіркеу бұл пәннің бағдарламасын жасайды, оқулығын дайындайды, өздерінің инспекторларын оқу орындарына жіберіп, сабақты бақылап отырады. Ал зайырлы пәндерді мемлекет бақылайды. Мысалы, Финляндиядағы жағдай сондай. Егер оқушы бір дінге негізделген пәнді оқымай, оның ұлты, діні бөлек болса, егер ондай оқушының саны сыныпта үштен көп болса, онда дінтану пәні сол оқушының қалаған пәні негізінде жүргізіледі. Сондықтан қоғамның этностық құрылымы да ескеріліп отырады.

Біздің Қазақстанда да дінтану пәні бір ғана дінге негізделуі дұрыс болмайды. Екі дін – мұсылман мен православие дініндегілер саны Қазақстанда 95 пайыз құрайды. Сондықтан біз аралас конфессияаралық модельді қолдаймыз. Бұл модель бойынша мұғалім бейтараптық сақтап, бір дін артық, бір дін кем демей, әрбір діннің рухани күшін, тәрбиелік мәнін, адамгершілік сипатын көрсетуге тиісті. Батыстың моделінің бір осал тұсы – жалпы діннің тарихына көп мән беріп, діннің тәрбиелік жағынан қалыс қалады. Дін елдің дәстүрімен, салтымен көп байланыстырылмайды. Бүгін батыстағы дінтанушылар осы жөнінде ойлану үстінде.

Ал біздегі өте маңызды бір қағидат – «Дінтану» пәнін оқытқанда, ешуақытта Қазақстанның Конституциясынан, оның талаптарынан шығуға болмайды. Ол қандай талаптар? Біріншіден, 2011 жылы қабылданған «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заң. Бұл Заң – Қазақ­стан қоғамына бейімделген, Ханафи мазхабын ұстанатын мұсылмандарды шын мәнісінде қолдайтын заң, православие дініндегілерді де, басқаларды да қолдайтын заң. Біздің мәдениетімізге, өркениетімізге, дәстүрімізге жат діндердің халқымызды көркейтетініне, тәрбиелейтініне күмәніміз көп. Бұл заңның бір ерекшелігін тағы айта кетейік. Мысалы, ЕҚЫҰ, әсіресе, соның ішінде АҚШ-тың кейбір дін саласындағы мамандар Американың дін туралы заңын тықпалайды. Қазақстанға соны үлгі етіп ұсынғандарының талай куәсі болдым. Американың Дін туралы заңы – «Ар-ождан бостандығы туралы» делінеді. Бірақ, Америка – қандай мемлекет? Америка – мигранттардың мемлекеті. Америка Еуропа­дан, басқа жерлерден қоныс аударып барған адамдардың мемлекеті. Олар әртүрлі діндегілер. Басым көпшілігі протестанттар. Американың өзінің байырғы діні жоқ. Сондықтан Американың заңы протестанттарды, еліне қоныс аударған адамдар діндерінің барлығын бірдей қолдайды. Бұл америкалықтар тұрғысынан дұрыс. Бірақ қазақтың тарихы, өркениеті, байырғы халықтың наным-сенімі, дәстүрі бөлек. Сондықтан америкалықтар демо­кра­тиясының үлгісінде, олардың жетегінде кету – біз үшін үлкен қауіп. Осы екі араны жастарға түсіндіріп айтуымыз керек.

Жалпы діни сауаттылық – саяси тұрақтылықтың кепілі. Діннің терең астарын білмеу күрделі жағдайларға соқтыруы мүмкін. Сондықтан жастар арасында діни сауаттылықты қалыптастыру, діни тәрбиені ұлттық салт-дәстүрмен, мәдениетпен байланыстыра жүргізу аса қажет.

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен

Сатыбалды СӘУІРБАЙ,

«Егемен Қазақстан».

АҚТӨБЕ.

Соңғы жаңалықтар