06 Қараша, 2013

Күңгірт тұстарға жарық түсті

401 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

01-тарих толкынында-4«Мыңжылдық көкжиек» бағдарламасы шеңберінде шетелге іссапарға барып қайтқан ғалымдардың бірі – тарих ғылымдарының докторы, Археография және деректану ұлттық орталығының жоғары деңгейлі археографы Жұлдыз ТӨЛЕБАЕВА.

 

«Мыңжылдық көкжиек» бағдарламасы шеңберінде шетелге іссапарға барып қайтқан ғалымдардың бірі – тарих ғылымдарының докторы, Археография және деректану ұлттық орталығының жоғары деңгейлі археографы Жұлдыз ТӨЛЕБАЕВА.

01-тарих толкынында-4

– Іссапар нәтижесіне тоқталмас бұрын, ең алдымен зерттеп жүрген тақы­рыбыңыз жайында айтып өтсеңіз.

– Ғылыми жұмыстарымның негізгі бағыты – шығыстық дерекнамалар. Канди­даттық диссертациямның тақырыбы парсы деректеріндегі ХVІІІ – ХІХ ғасырдың бірінші жартысындағы қазақтардың көрші халықтармен өзара қарым-қатынасына арналған. Докторлық диссертациямды да Парсы деректеріне сүйене отырып Қазақстан және қазақ тарихы. ХІІІ-ХІХ ғ.ғ. атты тақырыпта қорғадым. Шығыс қолжазбаларымен қазіргі Санкт-Петербург, бұрынғы Ленинград университетінің шығыстану факультетінің бірінші курсын оқып жүрген шағымда танысқан болатынмын. Шығыс мәдениеті тарихына қатысты сабақтарымыз Эрмитаждың шығыстану бөлімінде жиі өтетін. Бізге, өз шәкірттеріне шығыстың қолжазба мұраларына деген құрмет пен сүйіспеншілікті үйретіп кеткен ұстаздарым, академик М.Н.Боголюбов, профессорлар А.Т.Тагирджанов, А.Н.Бол­дырев, А.Н. Розенфельдтерді шексіз алғысымды білдіре отырып ыстық ықылас­пен еске аламын.

– Өзбекстанға іссапарға барып ке­­ліп­сіз. Еңбегіңіз қаншалықты нәтижелі болды?

– Өзбекстан Республикасы Ғылым академиясының Абу Райхан Бируни атындағы шығыстану институтының қолжазбалар қорында болдым. Басты мақсатым – Қазақстан тарихына қатысты араб, парсы және шағатай тілдерінде жазылған маңызды дереккөздерін іздестіріп, табу еді. Еліміздің ежелгі және орта ғасырлар тарихынан сыр шертетін 73 дереккөздерін анықтап, талдадым. Бұл құжаттар араб графикасымен жазылған.

Өкінішке қарай, көне түркі тайпалары­ның тарихы жазылған ежелгі иран шы­ғар­маларының түпнұсқасы біздің уақыты­мызға дейін жетпеген. Бірақ, осы шығар­малардың араб тіліндегі аудармасы сақтал­ған. Мысалы, Әбу Жафар Мухаммед ат-Табаридің Х ғасырда жазылған «Тарих ар-расул ва-л-мулук» («Пайғамбарлар мен билеушілердің тарихы») атты еңбегінде көне иран тіліндегі «Хвадай-намак» («Билеуші туралы кітап») шығармасының толықтай бөлімдері кездеседі. Араб тілінде жазылған қолжазба туындылар ежелгі дәуірден бастап жазылған парсы тіліндегі жалпы тарихи еңбектердің өзегі болып табылатынын айта кеткім келеді. Б.з.д. 963-ші жылы белгілі тарихшы Әбу Әли Мухаммед әл-Балами «Тарих ар-расул ва-л-мулук» атты еңбекті өзге деректердегі мәліметтермен де толықтырып, парсы тіліне аудармасын жасауға кіріскен.

Жалпы, тарихқа қатысты әртүрлі қолжазба туындылардың арасында ХІV ғасырда парсы тілінде жазылған Хам­дал­лах Казвинидің «Тарих– и-Гузида» («Таңдамалы жылнама») атты еңбегін, сонымен қатар, ХV ғасырға қатысты туындылар арасында – Шукураллах ар-Румидің «Бахджат ат-таварих» («Жылнамалар мақтанышы») атты еңбегін ерекше атап өткен болар едім. Қазақстандық тарих­шылардың назарына ХVІ ғ. басында Шайбанит Күшкүнжи ханның бұйрығымен Рашид ад-Дин Фазаллах Хамаданидің «Джами ат-тауарих» («Жылнамалар жинағы») атты еңбегі өзге деректердегі мәліметтермен де толықтырылып, шағатай тіліне аударылғандығын мәлімдегім келеді.

ХІХ ғасырдың екінші жартысында Хиуа ханы ІІ Мухаммед Рахимнің бұйрығымен біршама араб тіліндегі еңбектер шағатай тіліне аударылған болатын. Солардың ішінде Қазақстан тарихын зерттеу тұрғы­сынан құнды болып табылатыны Әбу-л-Хасан Әли әл-Масудидің «Мурудж аз-захаб» («Алтын шабындықтар») атты еңбегі. Бұл еңбекте көне дәуірден 947 жылға дейінгі жалпы тарихқа қатысты оқиғалар баяндалады. Белгілі араб тарихшысы Изз-әд-Дин әл-Жазаридің «Китаб камил фи-т-тарих» («Тарихтың толық нұсқасы») атты еңбегінде адамзаттың көне дәуірінен бастап ХІII ғасырдың 30-шы жылдарына дейінгі мұсылмандардың тарихы баяндалады. Бұл еңбек 12 томнан тұрады. Сондай ақ, Әбу-л-Валид Мұхаммед ал-Халабидің «Раузат ал-маназир фи ахбар әл-аваил ва авахир» атты еңбегі көне дәуірден бастап ХV ғасырға дейінгі жалпы тарихты қамтиды.

– Өзбекстан мұрағатында біздің елдің тарихына қатысты деректер көп дейсіз ғой.

– Өзбекстан Республикасы Ғылым академиясына қарасты Шығыстану институтының қолжазбалар қоры әлемнің ең бай қолжазбалары сақталған мекеме болып табылады. Ол «Әлем естелігі» реестрі бойынша ЮНЕСКО-ға кірген. Мұнда жазба ескерткіштер бойынша 6 қор бар. Қолжазба шығармалардың 40 мыңнан астам тізімі қамтылған 18 мың томдық түрлі шығыстық қолжазбалар осында кездеседі. Бұл қолжазбалар Х ғасырдан бас­тап ХХ ғасырға дейінгі мың жылдық бір дәуірді қамтиды. Қазіргі таңда қорда араб графикасының 26 000 қолжазба және 39 000 литографиясы бар және бұлар әрдайым толықтырылу үстінде.

Қазақстан тарихының орта ғасырлар кезеңін зерттеушілерге араб, парсы және шағатай тілдерінде жазылған қолжазба кітаптары ең маңызды дереккөздері болып табылатынын ескерткім келеді. Бұл дереккөздері негізінде Дешті Қып­шақ аймағында қандай халықтар мен ұлыстардың өмір сүргендігін, қан­дай мемлекеттердің қалыптасып, ыдыра­ған­дығын білуге болады. Сондай ақ, бұл дереккөздеріндегі мәліметтер аймақ­­тың тұтастай этникалық құрылымын, этногенез ерекшеліктерін, қазақ халқының қалыптасуы және этникалық тарихын суреттеуге көмектеседі. Араб графикасымен жазылған түрлі деректерді зерттеп-зерделеу қазақстандық тарихшыларға баға жетпес мәлімет алуға жол ашады. Келешекте, қолжазба кітаптарындағы жарыққа шыққан барлық мәліметтерге, міндетті түрде жан-жақты талдау жасалуы тиіс. Осылайша, Қазақстанның ежелгі және орта ғасыр тарихындағы күңгірт қалған тұстары қайта қарастырылып, шынайы ғылыми нәтижеге қол жеткізіледі.

– «Халық тарих толқынында» бағдар­ламасына қатысты ойларыңызбен бө­лісе кетсеңіз.

– Қазіргі таңда қазақстандық архео­графтар Қазақстан тарихына қатысты мағлұматтарды қамтитын шетелдегі шығыс қолжазбалары мен литография­сына электрондық тізбе арқылы еркін қол жеткізіп, өз жұмыстарын бастауларына болады. Қазақстанның көптеген академиялық институттарында, кітапха­­налар мен мұрағаттарда, сонымен қатар, жекелеген зерттеушілерде еліміздегі негізгі кітапханаларда кездесе бермейтін құнды деректердің көшірмелері, архивтік құжаттар мен құнды кітаптар бар. Елімізде орталықтандырылған электрондық көшірмелер мен микрофильмдердің жина­ғының болмауы істелген жұмыс­тың қайталануына алып келеді. Сондық­тан, отандық ғалымдар арасында қолжетім­ділікті орнату және олардың жұмы­сын жеңілдету үшін келешекте орталық­тан­дырылған каталогтар ашып, бұларда дерек­тердің Қазақстандағы бөлігі мен құжаттың сақталған орны туралы анықтамаларға сілтеме жасалуы тиіс деп ойлаймын.

Қазақстан тарихы мен мәдениетіне қатысты көптеген баға жетпес құнды деректер бір ғана нұсқа түрінде кездесіп, ол шетелдік қорларда сақтаулы. Бұл құжаттармен тек қана сақталып тұрған жерінде ғана танысуға болады. Қолжазба кітаптар мен құжаттарды алдын ала зерттемей тұрып, оларды көшірме жасау тиімсіз. Қазақстан тарихына қатысты мәні бар тұстарын саралағаннан кейін ғана оның көшірмесін жасауға тапсырыс беру керек.

Ғалымдарға тиімді болуы үшін және шетелден алып келген құжаттардың қауіпсіздігі үшін оны екі нұсқаға көбейтіп, Астана және Алматы қалаларында сақта­луын ескеру керек. Бұл құжаттар барлық зерттеушілерге қол жетімді болуы тиіс. Олар ірі мұрағаттарда, академиялық кітап­ханаларда ерекше қорғалып, оқырман залдарында зерттеушілер үшін арнайы жағдай жасалуы керек. Жеке көзқарасым бойынша, Алматы қаласындағы «Ғылым ордасы» ғылыми кітапханасы мен Астана қаласындағы Ұлттық мұрағат бұған қолайлы жер деп есептеймін.

Қазақ халқының тарихына қатысты мәліметтер қамтылған барлық қолжаз­балардың көшірмелерін жинақтап, сақ­тағанымыз үшін бізге болашақ ізбасар зерттеуші тарихшылар шексіз алғыстарын білдіретіндіктеріне сенімдімін.

– Бағдарлама бойынша көптеген ғалымдар шетелдерге шығып жатыр. Бірақ, өткен «Мәдени мұра» бағдар­ла­­­ма­сы аясында елімізге қатысты көп­те­ген деректердің әкелінгені, олардың әлі тұтастай игерілмегені анық. Бұған не дейсіз?

– Ғалымдарды шетелдерге іссапарға жіберу дұрыс қабылданған шешім деп ойлаймын. Қазір тарих біршама жүйеленді, Қазақстан тарихына қатысты көптеген құжаттар шетелдік қорларда сақтаулы екендігіне көзіміз жетті. Егер біздер Қазақстан және қазақ тарихына қатысты шынайы тарихты жазғымыз келсе, онда өзімізді мазалап жүрген сұрақтардың жауа­бын алу үшін алдағы уақытта шетелдерге дерек жинау мақсатында әлі талай баруға тура келеді.

Ал, «Мәдени мұраға» қатысты айтсақ, мысалы, осы бағдарлама бойынша мен Ұлыбритания, Франция, Испания, Гер­­мания, Италия, Ватикан қолжазба қорла­рын­да жұмыс жасадым. Қазақстан тарихы бойынша парсы және шағатай тілдерінде 68 шығарма жарияладым, қазір Қазақстан Ұлттық кітапханасында сақтаулы. Олардың ішінде керемет қолжаз­балардың көшірмелері бар, әрине, оларды аудару керек және ғылыми айна­лымға енгізу керек. Бірақ ол үшін қара­жат көздері қарастырылуы қажет. Ескі шығыс қолжазбаларын аудару әрқашан қиын болғандықтан, оған төленетін еңбекақының көлемі лайықты мөлшерде ескерілуі тиіс. Елімізде шығыс деректанушылары тұрғысынан әрдайым кадрлық тапшылық сезіледі. Университеттің бітіруші түлектері арасында бұл жұмыспен айналысуға ынта білдіретіндер көп емес. Егерде ғалымдардың қатары Қытай, Өзбекстан және Моңғолиядан келген оралман оқымыстылармен толықпағанда, тығырыққа тірелу сол кезде болған болар еді. Мысалы, біз Қытай деректерінен Қазақстан тарихына қатысты тың мағлұ­маттарды ала алмас едік.

«Мәдени мұра» бағдарламасының қаражат көзі негізінен бұрынғы жылдары жинақталған еңбектерді қайта басып шығаруға жұмсалды. Ендігі кезекте біздер аударма жасауға ерекше көңіл бөліп, ғылыми айналымға жаңа дереккөздерін енгізіп, осы құжаттар негізінде ғылыми зерттеулер жасауды қолға алуымыз қажет.

Әңгімелескен

Айгүл СЕЙІЛОВА,

«Егемен Қазақстан».