Атырауда "Бекіре" жедел-профилактикалық алдын-алу шарасы өтіп жатыр. Полиция қызметкерлері аталған шараны өткізу кезінде "Атырау-Орал" тас жолында тасымалдауға, заңсыз сатуға тиым салынған бекіре балығы тиелген "Toyota Land Cruiser" көлігін тоқтатты.
"Көліктен 345 дана бекіре тұқымдас балық пен салмағы 200 грамм қарауылдырық табылды. Осыған байланысты көлікте болған Батыс Қазақстан облысының 28 және 29 жастағы екі тұрғыны ұсталды. Олар бағалы бекіре тұқымдас балықты заңсыз жолмен Атыраудан Орал қаласына жеткізбекші болған. Тәркіленген бекіре балықтарының жалпы салмағы 1 тоннадан асады", деп хабарлады облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру Қылмыстық Кодекстің 339-бабымен (Өсiмдiктердің немесе жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған түрлерімен, олардың бөліктерімен немесе дериваттарымен заңсыз айналысу) жүргізіліп жатыр.
Бағалы балық қорына заңсыз қол сұққан БҚО-ның екі тұрғыны қамауға алынды.