Президент • 24 Қыркүйек, 2020

«Біз қалайтын болашақ. Бізге қажет БҰҰ: мультилатерализмге ұжымдық адалдығымызды нақтылау» (Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ Бас Ассамблеясы 75 сессиясының жалпысаяси дебаттарында сөйлеген сөзі)

316 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Құрметті Төраға!

Құрметті Бас хатшы!

Құрметті делегаттар!

Біз биыл Біріккен Ұлттар Ұйы­­мы­ның 75 жылдығын аума­лы-төкпелі әрі күрделі сын-қатер­лер­ге толы кезеңде атап өтіп отыр­мыз.

«Біз қалайтын болашақ. Бізге қажет БҰҰ: мультилатерализмге ұжымдық адалдығымызды нақтылау» (Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ Бас Ассамблеясы 75 сессиясының жалпысаяси дебаттарында сөйлеген сөзі)

Сурет Президенттің баспасөз қызметінен алынды

 

Оның ішінде ең бастысы – COVID-19 пандемиясы. Бұл індет жа­һандық экономикаға орасан зор зиянын тигізді және соның ауыртпалығынан әлем халқы зардап шегуде.

Адамзат тарихындағы осындай нәубетке қарсы тұрып, біз­ді ауыр індеттен қорғау үшін ал­ғы шеп­те болған дәрігерлерге бар­ша отан­дастарымның атынан шы­­на­йы ризашылығымды білді­ремін.

Әлемдегі қазіргі төтенше жағ­дай денсаулық сақтау жүйесі­нің бұзылуына, сондай-ақ гума­ни­тарлық және әлеуметтік-эко­но­микалық күйзеліске алып келді. Бұл – біздің беріктігіміз үшін зор сынақ. COVID-19 біз­дің жі­берген қателіктеріміз бен ағат­тықтарымызды анық көр­сетті.

Дағдарысқа қарсы күрес бары­сында халықаралық ынтымақ­тастыққа кері әсер еткен сау­да протекционизмі мен саяси ұлт­шылдықтың артқанын, сондай-ақ «жаһандық тоқыраудың» күшейе түскенін байқадық.

Бүгінде бүкіл әлем аумалы-төк­пелі оқиғалардың жаңа тол­қы­нының алдында тұр. Оның салдары өте ауыр болуы мүм­кін. Өзара сенімнің жетіспеуі, халық­аралық бәсекелестіктегі түсініс­пеушілік, сауда соғыстары мен санк­циялар ор­нықты дамудың келе­шегіне нұқсан келтіріп, мил­лиардтаған адамның жарқын әлемге деген үмітін үзді.

Қырғиқабақ соғыстан кейін қарапайым адамның мүддесін көз­дейтін шын мәніндегі халық­аралық жүйе құратын керемет мүм­кіндікті пайдалана алма­дық. Мұны мойындауымыз керек. Бо­лашақ ұрпақтың тағдыры бірін­­ші кезекте біздің, яғни мем­­ле­­кет басшыларының осы жағдай­дың туындау себебін қалай түсі­нуімізге байланысты болып отыр.

«Жаңа әлем» парадигмасын құруға байланысты ортақ адам­гершілік парызды атқару мәсе­лесін ойлануымыз қажет.  Қазіргі таңда адамзат үшін маңызды тарихи өзгеріс жасайтын кез келді деп санаймын.

БҰҰ-ның құрылуынан жүз жыл бұрын дүниеге келген қазақ­тың ұлы ақыны, философ Абай Құнанбайұлы табысты жаһан­дық ынтымақтастыққа қатыс­ты «Адамзатқа не керек: сүймек, сезбек, кейімек, қарекет қыл­мақ, жүгірмек, ақылмен ойлап сөй­ле­мек» деген өзінің формуласын ұсынған болатын. Ақынның бұл ой-пікірін «өзара үйлесімге қол жеткізу үшін адамзатқа сүйіс­пен­шілік, рақымшылық, батыл әре­кеттер және байыптылық керек» деп түсінуге болады.

Бұл ретте қазіргі сын-қатерлерге ұжым болып тойтарыс беруге қатысты бірқатар ой-пікірімді ортаға салуға рұқсат етіңіздер.  

 

Құрметті Төраға!

Коронавирус індеті жаппай тарала бастағаннан кейін БҰҰ-ның түрлі қорлары мен бағдарламалары дағдарысқа қарсы тұру үшін дереу жұмылдырылды.

Алайда халықаралық қоғамдастық аталған бағытта бұдан да көп шара қабылдауы керек.

Біріншіден, денсаулық сақтау ісі­нің қуатты жаһандық жүйесін құру мақ­сатында дамыған елдер мен БҰҰ агенттік­терінің уақтылы және үйлесімді қолдауы арқылы дамушы елдердің медициналық мекемелеріндегі ұлттық институттарды жаңғыртуға басымдық беру қажет.

Екіншіден, COVID-19 індетіне қарсы вакцина әзірлеу мәселесін саясиландыруға жол бермеу керек. Аталған маңызды мәселеде инвестиция және сауда жөніндегі жан-жақты халықаралық келісімге қол жеткізу қажет. Бұл жаһандық деңгейдегі вакцина өндірісіне және оны жеткізу барысында  логистикалық тасымалдың тиімділігіне септігін тигізеді.

Үшіншіден, Дүниежүзілік денсау­лық сақтау ұйымының, сондай-ақ пан­­демияның алдын алу және оған қарсы күрес саласында жекелеген мем­лекет­тердің әлеуетін арттыру мақсатында Ха­лықаралық медициналық-санитарлық ережелерді қайта қарау қажеттігі туындауы мүмкін.

Төртіншіден, біз БҰҰ аясында Ауру­лар мен биологиялық қауіпсіздікті бақы­лау жөніндегі өңірлік орталықтар желісін құру идеясын мұқият зерттеуді ұсынамыз. Қазақстан мұндай орталықтың бірін өз аумағында орналастыруға дайын.

Соңғы әрі аса маңызды мәселе: әлемді жаулаған жаһандық пандемияға байланысты биологиялық қаруды бақылау жүйесін әзірлеу және  іске қосу мәселесі бұрынғыдан да өзекті болып отыр.

Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің алдында есеп беретін арнайы көпжақты орган – Биологиялық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық агенттік құруды ұсынады. Бұл органның қызметі Бактериологиялық (биологиялық) және улы қарудың мол қорын дайындауға, өндіруге тыйым салу және оларды жою туралы 1972 жылғы конвенцияға негізделеді.

 

Құрметті делегаттар!

Жаһандық экономиканы қалпына келтіру үшін келісілген шараларды шұғыл қабылдау  қажет.

Мен Бас хатшының әлемдік эконо­миканың 10%-ын құрайтын ынталандыру жөніндегі шаралар топтамасын жүзеге асыру қажет деген  үндеуіне қосыламын. Сонымен қатар оның пандемияға қарсы күрес баршаға бірдей және мол мүмкіндік жасауға бағытталған Жаңа ғаламдық келісімге негізделуі керек деген пікірін қолдаймын.

Ең кедей елдердің қарыздарын төлеуін тоқтату жөніндегі шаралар әлемдік нарықтағы теріс факторларды азайтуға және түсініксіздікті төмендетуге ықпал етеді деп есептейміз. «Ұлттық денсаулық сақтау ісіне инвестиция салғандардың қарыздарын жеңілдету» формуласына сәйкес Халықаралық қаржы мекемелері өз жұмыстарына инновациялық шешімдерді белсенді енгізуі керек.

Жаһандық дамуды қаржыландыру жөнінде алдағы уақытта өтетін жоғары деңгейдегі кездесуде нақты әрі маңызды шаралар қабылданады деп үміттенемін.

Теңізге шығатын жолы жоқ дамушы елдер (ТШЖДЕ) сауда-саттыққа және көлік-логистикалық кешенге зор зиянын тигізген COVID-19 індетінен ауыр зардап шекті.

Осы дамушы елдер тобының қазіргі төрағасы ретінде Қазақстан Вена іс-қимылдар бағдарламасын жүзеге асыруды жандандыру үшін БҰҰ-ның Жол картасын қабылдауды ұсынды.

Азаматтарымыз 2030 жылға дейінгі орнықты дамудың күн тәртібі шеңберінде қол жеткізген  нақты нәтижелерден зор үміт күтеді.

Орнықты дамудың мақсаттарына қол жеткізу жөніндегі іс-қимылдардың онжыл­дығы аясында атқарылатын бірлескен іс-әрекеттердің бұрынғы қарқынын қай­та қалпына келтіру үшін жедел әрі үйле­сімді жұмыс жүргізу қажет. Бұл біздің ұрпағымыз үшін алдағы ең маңызды онжылдық болып табылады.

Басты мақсатқа, яғни әлемдегі аш­тық­ты толық жоюға қол жеткізуіміз керек.

Осыған байланысты біз 2021 жылы Азық-түлік жүйелері жөнінде саммит өткізудің маңыздылығын атап өтеміз.

Қазақстанның бастамасымен құрылған Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымы  азық-түлік қорларын құру арқылы ауқымды халықаралық гуманитарлық науқанға өз үлесін қосуға дайын.

Біз бірде-бір адамды, әсіресе дағда­рыстың тауқыметін тартқан әйелдерді, жас­тарды, балаларды, қарттарды, мүге­дек­терді қолдаусыз және көмексіз қал­дырмау жөніндегі міндетімізді нақты­лауға тиіспіз.

«Ұрпақтың азып-тозуына алып келетін  апатты» болдырмау үшін білім беру жүйе­сі тарихындағы ең үлкен тоқырауға жол бермеуіміз керек.

Қазіргі замандағы өзекті мәселелерді тиімді шешуге азаматтық қоғам мен же­ке сектордың белсенді атсалысуы өте ма­ңыз­ды.

Биыл волонтерлік қозғалыстың бүкіл әлем халқының ынтымақтастығына серпін бергеніне куә болдық.

Еріктілердің айрықша рөлінің белгісі ретінде БҰҰ-ға Даму мақсатында волон­тер­лерді жұмылдырудың халықаралық жылын жариялауды ұсынамын. Биыл Қазақстанда Волонтер жылы деп жарияланды.

 

Құрметті  Төраға!

Пандемия салдарынан біз тағы да екі үлкен сын-қатермен бетпе-бет келіп отырмыз.

Біріншісі – ядролық қаруды таратпау және қарусыздану дағдарысы.

Бүгінде Қазақстан өз еркімен ядролық арсеналынан бас тартқан және әлемдегі ең ірі атом сынақ полигонын жапқан мемле­кет ре­т­інде барша әлемге үлгі болып отыр. Осы­лайша, бейбітшілік мәселесіне аса жа­уап­кершілікпен қарайтын ел екенін танытты.

Алайда ядролық қаруды таратпау режімі толық іске аспағандықтан, оның қаупі сейілген жоқ.

Осы орайда, барлық мүше мемлекет­тер адамзатты ядролық апаттан құтқаруға бағытталған қажетті әрі кезек күттірмес бар­лық шараны қабылдау туралы Қазақ­станның ядролық держава саналатын елдерге жолдаған үндеуін қолдайды деп үміттенемін.

Сондықтан біз БҰҰ-ның тиісті инсти­тут­тарының, соның ішінде Ядролық сынақ­тарға жаппай тыйым салу туралы шарт ұйымының белсенді рөлін жоғары бағалаймыз.

Бұл ретте, ядролық қаруы жоқ әрбір мем­лекетке қауіпсіздіктің заңды тұрғыдан міндетті кері кепілдіктері берілуі тиіс деп санаймыз. Біз «ядролық бестіктің» барлық мемлекеттерін Ядролық қарудан таза аймақтар туралы шарттың тиісті хаттамаларын, соның ішінде Семей шартын ратификациялауға шақырамыз.

Климаттың өзгеруі – біздің өркение­тімізге қатер төндіріп отырған тағы бір экзистенциалды дағдарыс. Бұл мәселе қауіп төндіріп қана қоймайды, сонымен қатар басқа қатерлер үшін «қозғаушы күш» қызметін де атқарады.

Адамзат баласы бұл жаһандық сын-қатерге төтеп беруге әлі де қауқарсыз. Дегенмен, коронавирус індетінен кейінгі қайта қалпына келтіру кезеңінде қоршаған ортаны қорғау тақырыбын халықаралық күн тәртібінің басты мәселесі ретінде көтеру мүмкіндігіне ие болып отырмыз. Біз БҰҰ-ның климатты жақсартудың алты оң қадамы атты жоспары аясында күш біріктіруге міндеттіміз.

Қазақстан үшін экология мәселелері өте өзекті. Арал теңізінің апатты жағдайы мен Семей полигонының қасіреті, мұздықтардың жылдам еруі және шөлейт жерлердің көбеюі біздің еліміз бен Орталық Азия өңіріне ғана емес, барша әлемге қауіп төндіріп отыр.

Қазба отынына аса қатты тәуелді болып отырғанымызға, сондай-ақ климат жөніндегі Париж келісіміндегі мақ­саттарға қол жеткізудің ұзаққа созылуы­на қарамастан, еліміз көміртегінсіз экономиканы дамытуға қолдау көрсете береді. 

Біз экономиканы және кәсіпорындарды жаңғырту есебінен 2030 жылға қарай парниктік газдардың қалдықтарын 15%-ға азайтамыз.

Бұған қоса алдағы бес жыл ішінде елі­мізде екі миллиардтан астам ағаш кө­шетін отырғызуды жоспарлап отырмыз.

Мұндай жаһандық сын-қатерлерді еңсеру үшін біз БҰҰ-ға мүше мемлекеттер арасындағы өзара сенімді қайта қалпына келтіруге және көпжақты институттарды біртіндеп күшейтуге тиіспіз.

Бүгінде мемлекеттердің бір­-біріне деген сенімі жоғалып барады. Бұл халық­аралық қатынастардың дамуына кері әсерін тигізеді.

БҰҰ Жарғысының негізгі мақсаттары мен қағидаттарына бейілділік таныту – біздің ортақ моральдық міндетіміз. 

Сенімді нығайту шараларына сұра­ныс­тың артып келе жатқанын ескере отырып, Қазақстан Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес­ті осы стратегиялық маңызды аймақ­тың қауіпсіздігі мен оны дамытудың толық­қанды ұйымына айналдыруға ниетті.

Әлемдік қауымдастық төзімділік, өзара тү­сіністік және мәдени алуантүрлілік идео­ло­гиясын табандылықпен ілгерілетуге тиіс деп санаймыз. Бұл – жек көру және тө­­зім­­сіздікке қарсы тиімді іс-қимылдың кіл­ті.

Біз тағы бір жаһандық қатерге – халық­аралық терроризмге қарсы тұру үшін үлкен альянс құру қажеттігіне тағы да назар аударамыз. Барлық мемлекетті Терроризмнен ада әлемге қол жеткізу тәртібі кодексіне қосы­луға шақырамыз.

Қазақстан – өз елінің әйелдері мен балаларын соғыс алаңына айналған Сирия мен Ирактан алып шыққан алғашқы мем­ле­кеттердің бірі. Мұндай шешім қабыл­дау оңай болған жоқ, бірақ аса қажет еді.

БҰҰ пандемия салдарын еңсеру, экономиканы қайта қалпына келтіру және жаһандық басқаруды жақсарту жөніндегі халықаралық шараларды үйлестіруге тиіс деген берік ұстанымдамыз.

Осы ретте, БҰҰ-ның әрбір агенттігі әлем алдында тұрған міндеттерге байланысты өзінің тиімділігі мен қажеттілігін дәлелдеуге тиіс.

БҰҰ-ның болашағы үшін бұдан тиімді әрі функционалды үлгі қалыптастырудан басқа жол жоқ деп санаймыз.

Біріккен Ұлттар Ұйымына айтылатын сын негізінен әділетсіз. Бүгінде Ұйым­ның атқарып отырған қызметі мүше мем­лекеттердің оған берген саяси еркіндігімен пара-пар.

 

Құрметті Жоғары мәртебелі мырзалар!

Аталған үш дағдарыстың әрқайсысы әр­түрлі болғанымен, оның барлығы мем­лекеттік басқару жүйелеріндегі нақты мәсе­лелердің салдары болып табылады. Халық­аралық тиімді шараларды және ұлт­тық деңгейдегі қуатты күш-жігерді үй­лес­тіру арқылы ғана адамдардың бойын­дағы үміт отын жағып, шын мәнінде әді­летті әрі жаһандық әлемге қол жеткізуге болады.

Қазақстан экономикалық жағынан қуатты, демократиялық тұрғыдан дамыған және әрбір азаматтың қажеттілігін қана­ғат­тандыруға мән беретін, «халық үніне құлақ асатын мемлекет» құруға ниетті.

Осыған орай біз барша халқымыздың мүддесіне сәйкес дамуға тың серпін бе­ре­тін саяси және экономикалық тұрғыдан ауқымды реформаларды іске асыра бас­тадық.

Біз жала жабуды қылмыстық іс аясынан шығарып, саяси партиялар мен бейбіт шеру жөнінде жаңа заңдар қабылдадық.Өмір сүруге және адамның қадір-қасие­тіне деген іргелі құқықты жүзеге асыру мақ­сатында Өлім жазасынан бас тарту­ға бағытталған азаматтық және саяси құқық­тар туралы халықаралық пактінің екінші факультативті хаттамасына қосылу жөнінде шешім қабылдадық.

Келесі маңызды басымдық – әйелдер мен жастардың тең мүмкіндіктерін қамтамасыз ету және балаларды қорғау мәселесі. Біз Гендерлік теңсіздік индексінің көрсеткішін екі есеге төмендетіп, әйелдер мен жастар үшін партиялардың сайлау тізімдеріне міндетті 30% квотаны енгіздік.

Пандемия кезінде табысынан уақытша айырылған 4,5 миллион азаматымызға айтарлықтай көмек көрсетілді. Бұл мақ­сатқа 1,1 миллиард доллар қаржы бөлінді. Бір миллионнан астам адамға азық-түлік және тұрмыстық заттар берілді. Мұ­ның бәрі – біздің аймақта бұрын-соңды бол­ма­ған шаралар.

Аймақтық ынтымақтастық мәселесін әрдайым басты назарда ұстаймыз. Қазір­гі уақытта аймақтағы елдердің түрлі сала­лардағы өзара іс-қимылды едәуір кеңейтуіне байланысты Орталық Азия қарқынды дамып келеді.

Өркендеген, қуатты және біртұтас Орта­лық Азия өңірлік және жаһандық тарап­тардың мүдделеріне сай келеді деп сенемін.

Өңірлік тұрақтылыққа келетін бол­сақ, трансшекаралық су ресурстарын ұтымды пайдаланудың маңызы ерекше. Осыған байланысты біз Өңірлік су және энергетикалық консорциум құруды ұсынамыз.

Орталық Азияны дамыту бағытындағы күн тәртібін үйлестіру үшін біз Алматы қаласындағы Орнықты даму мақсаттары жөніндегі БҰҰ-ның өңірлік орталығын институтқа айналдыруға ниеттіміз.

 

Құрметті Төраға!

Кез келген дағдарыс жаңа мүмкін­дік­терге жол ашатынын әрдайым есте сақтаған жөн. Мұндай мүмкіндіктерді тиімді пайдалана отырып, біз барынша үйле­сімді, әділетті әрі инклюзивті әлем құра аламыз.

Жаһандық мәселелерді шешуде алғы­шарттарға мән бере отырып, ғаламның шектеулі ресурстарын мұқият сақтау үшін алдын алу шараларын белсенді түрде ілгерілету маңызды.

Біздің барлық күш-жігеріміз «Барлығы адам үшін» деген моральды ұстанымға бағытталуға тиіс.

Қазақстан барлық ұлтты жарқын әрі бақытты болашаққа бастайтын БҰҰ-ның тұрақты мүшесі болып қала береді.

Назарларыңызға рахмет.