Қоғам • 24 Қыркүйек, 2020

Шетпеліктер неге шырылдап жүр?!

3706 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Маңғыстау ауданының орталығы – Шетпе ауылында қазір экологиялық мәселе ушығып тұр. Батысы мен шығысынан қаптаған карьерлер, солтүстігінен әу баста ауыл тұрғындары үшін салынған, қазір мұнай мекемелерінің де қалдық сулары құйылатын қауіпті кәріз суы орны, оңтүстігінен цемент зауыты ауылдың күнін бір уыс қылғандай қысып, экологиясын бірнеше жыл бойы бүлдірудей-ақ бүлдіріп келеді.

Шетпеліктер неге шырылдап жүр?!

Төрт тараптан қусыра түскен бұл нысандардың әрқайсысы туралы ке­ңірек баяндауға болады, өйткені «кет­пеннің екі ұшы бар» дегендей, әлеуметтік-экономикалық тұрғыда пай­далы болғанмен, ауылдың эко­ло­гиясын бұзып, халықтың денсау­лығына зиян тигізетін болса – қай жағы тиімді? Экономика, әлде халық денсаулығы? Ең басты құндылық – адам саналғанмен, даулы мәселе осы сұраққа тірелгенде қайырлап қалып тұр... Адамдар денсаулықтан, түптеп келгенде өмірден айрылып жатса экономика кімге қызмет етпек?

Шетпедегі қиыршық тас шыға­ра­тын карьерлерден шыққан шаң шет­пеліктердің мұңы мен «жырына» айналды. Ауыл тұрғындары он-он бес жылдан бері ауыл үстін ала шаң еткен карьерлерге қатысты сұрақты тұрақты көтеріп келеді. Бірақ әлі шешімін та­бар емес. Шетпеліктердің мұңы – мұң, өйткені ауыл маңында тас өндіру ба­ғытындағы шаруалармен айналысатын бір емес білдей 28 кәсіпкерлік нысан тіркелген. Қазіргі таңда әртүрлі себептермен олардың барлығы бірдей жұмыс жасап тұрмағанмен, жұмыс көрігін қыздырған 20-ға тарта карьердің зардабы Шетпе ауылының үстін ала шаңға көміп, экологиялық мәселе туындатуға жеткілікті.

 

Шаң әлде «нан»?

Жақында Маңғыстау облыстық экология департаментінде Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі «Адал­дық алаңы» жобалық кең­се­сінде өткен басқосуда аудан тұр­ғынының осы тақырыпты қозғаған арызы қаралды.

Арызданушы қиыршықтас шыға­ратын карьерлердің жұмысын сынға алып, соның бірі «Бай-Бег» ЖШС заң­ды белшесінен басып отырғанын алға тартты. Карьерлердегі шаң сору, су себу, көгалдандыру жұмыстарына көңілі толмаған аудан тұрғыны «жағдай осылай жалғаса берсе, Шетпе шаңға көмілетін түрі бар, қиыршық тас өнді­руші кәсіпкерлер экологиялық талаптарды сақтамай отыр» деді.

Кәсіпкерлер тарапынан тұрғын та­лабына берілер жауап та дайын болып шықты. Сынға іліккен «Бай-Бег» ЖШС директоры Жұмабай Әділбе­ков, жарылыс болмаса өнім алу мүмкін емес екенін айтады. Оған берілген кен­орын 2007 жылдан бері жұмыс істеп келеді және ауылдан 20 шақырым қашықтықта орналасқан. Жарылыс жұмыстары кезінде шаң көтерілетінін мойындап отыр. Көтерілген шаңның нормадан асқандығын растайтын арнайы зертхананың қорытындысы жоқ. Көтерілген шаңды тұрғындар суретке түсіріп, әлеуметтік желілерде қызу талқылаған.

– Біз, кәсіпкерлер, халық жауы емес­піз. Менің тарапымнан заң бұзушылық орын алған болса, нақты дәлел келтір­сін. Мен де осы өңірдің тумасымын. Халыққа жұмыс беріп, бюджетке са­лық төлеп отырмын. Сыртымыздан айты­лып жатқан әңгіменің шеті жоқ. Біз «көргенсіз кәсіппен» айналысып отырған жоқпыз. Егер де шаң улы бол­са, химиялық қосындысы бар ма?! Ха­лық нақты қайда және қалай уланып жатқандығы жөнінде дәлел келтірсін. Нағыз улы деп мұнай және химияны айтуға болады. Барлық экологиялық мәселелерді шағын және орта бизнес субъектілеріне, әсіресе карьерлердегі жұмыстарға ысырып тастау дұрыс емес. Бүгінге дейін залал келді, үйлердің терезесі сынды, анау-мынау деп шағым айтқан ауыл тұрғындары болған жоқ, – дейді ол.

Кәсіпкердің айтуынша, «халықтың талабы барынша орындалуда. Қосымша қаржы шығарып ұңғыма қаздырып сумен шаңды басу жұмыстары үнемі жүргізілуде. Бұрынғыдай шығып жат­қан шаң көп емес. Сонымен қатар карьердегі жұмыстар күндіз жүргізіледі, түнде жұмыс істеп тұрған карьер жоқ. Жолға су себіліп отыр, қосымша техникалар сатып алынған. Асфальт төсеу мәселесі жолға қойылған. Әкімдік тарапынан жасалған ұсынысқа сәйкес, тал егу де жоспарда бар».

Ал жарылыс жұмыстарымен келі­сімшарт негізінде арнайы «Взрыз технология» деген мекеме айналысады. Яғни, жарылыс жұмыстары шағын және орта бизнес субъектілерінің тапсырысы негізінде жүзеге асырылады. Экономикалық тұрғыда кәсіпкерлерге тиімсіз тұстары көп. Бірақ соған қара­мастан халық үшін ештеңеден аянбай­мыз деген кәсіпкер, халық пен жер­гілікті атқарушы органдар тарапынан қойылған барлық талаптарды толық­қанды орындау үшін уақыт қажеттігін айтады.

– Қазіргі уақытта карьердегі жұ­мыс­тарды басқа аумаққа көшірудің өзі оңайға соқпайды. Себебі дайын тұрған инфрақұрылым жоқ. Теміржол, тоқ, су, асфальт сияқты мәселелер ше­шілмей шағын және орта бизнес шығынға белшесінен батады. Қазірдің өзінде карьерлерді көшіріп жіберсе асфальттың жоқтығынан ауыр техникалар қара жолмен жүруге мәжбүр болады, ал күніне әрлі-берлі 100-ден астам техника шебін тасымалдайтын болса, баяғы шаң тағы да көтеріледі, – дейді мамандар. Шаңның дауына байланыс­ты Шетпеден жыраққа көшірілген екі карьердің жайы мәз емес – біріншіден, инфрақұрылым жоқ болса, екіншіден, Шетпеге орнаған «ақырзаман» қазір айдаладағы малды ауылдардың басына көшіп қонды.

Қысқасы, түйіні тарқамаған проб­лема әлі жетіп артылады. Басқосуда Маңғыстау ауданы әкімінің орынбасары А.Аққұлов кәсіпкердің сөзімен келісе алмайтынын айтып, шаңның барын жоққа шығармады. Су себілгенімен тез кеуіп кетеді, себебі күн әлі жылы.

Тіпті ауыл тұрғындары атынан сөз саптаған С.Төребаевтың айтуынша, құрылған комиссия түнгі мезгілде карьерге барып түсірген шаңның көтерілгенін растайтын бейнетүсірілім бар екен. Шешімі таптырмаған даулы мәселеге орай кәсіпкер тығырықтан шығудың жолы ретінде карьердің жұмысын қадағалап отыратын арнайы сезбек (датчик) орнату жөнінде ұсы­ныс айтты. Қаржыландыру көзін бірле­сіп шешуге шақырды. Ал «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің төрағасы Ә.Манов арнайы мобильді бекеттер салу қажет деген ойын жеткізіп, «сонда ғана карьерлер мәселесінде қалың нүк­те қо­йылады» деген уәж айтты. Тұрғын тарапынан түскен арыз негізінде өңір­лік экология департаменті «Бай-Бег» ЖШС үстінен жоспардан тыс тексеру жүргізбек.

Байқағанымыздай, Шетпедегі карьерлерге қатысты мәселе ызы-қиқы, ал экологиялық ахуал алаңдатарлық.

– Халықтың денсаулығы да, ауыл экологиясы да өзгеріп барады. Тұрғын­дардың ауылда тұрған соң азын-аулақ мал ұстайтыны белгілі, ал соңғы жылдары қолдағы қозы-лақтың өрісі тарылып, жұтаңданып барады. Баяғы қауғадай жусандар қазір тобықтан аспайтын томашаға айналды – бастарын көтермей жатып қара тастай болып шөгіп қалады. Шетпеліктер арасында тамағым ауырады дейтіндер көп, кешегі індет кезінде бірқатар соқталдай азаматтар аз күн тамағы ауырып, о дүниеге аттанып ке­те барды. Олардың мезгілсіз ажалына індетпен бірге ауылдағы экологиялық ахуал себеп болған болар, кім білген, оны ешкім айта алмайды. Шетпедегі қазіргі таңдағы ең басты мәселе – осы карьерлерге, олардан көтерілген шаңға, жалпы экологияға қатысты болып тұр, ал жұмыссыздық, өзге де әлеуметтік мәселелер өзге аудандарға да тән нәр­се­лер ғой, – дейді ауыл тұрғыны, осы мәселелерді ұдайы көтеріп жүрген азамат Амалбек Имаш.

Сонымен, мәселені кім, қалай, қа­шан шешпек? Кәсіпкерлер ауылдың әлеу­меттік мәселесіне көмектесіп, ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтып отыр­ғанын айтуда. Демек, кәсіпкерлерге салсақ, тұрғындар үшін шаңды немесе «нанды» таңдау қалып тұр...

Ал өңірдегі экология департаменті өз құзіретіне сай белгіленген көлемде айып­пұл салғанмен ол мәселені түпкі­лікті шешудің жолы емес. Керісінше, нысандар айыппұлды өтеймін деп жан­таласа жұмыс қуатын арттырғанда шаңның да екпіні мен көлемі артып шыға келеді. Тек заңға сай белгіленген АЕК көлемінде айыппұл салмаса, нысанды жауып тастау немесе қонысын өзгерту сынды шешімдер алуға бұл департаменттің қауқары жоқ екен. Аталған департаментті қазіргі таңда туындап отырған мәселеде екі ортада қалып отыр деуге болады.

Негізгі шешімді алып, істі тығы­рық­тан шығаруға белсенді әрекет ете­тін – жергілікті билік. Алайда жергі­лік­ті билік өкілдері кәсіпкерлерді кінә­лап, халыққа «жақсыатты» көрінуге тырысқан «ойын» ойнап отырған сынды, әйтпесе әу баста кәсіпкерлерге жерді берген кім? Маңғыстау облыс­тық жер қатынастары басқармасы мен Маңғыстау аудандық әкімдігі емес пе? Бүгінде «қай жеңгенің менікі» деген­дей ойнақшып отырған әкімдіктің мәсе­лені біржолата шешіп, дауласқан екі тараптың тірелген тығырығынан алып шығатын жолды ұсынуға қауқары жетер емес. Енді қайтпек керек – бірақ бұл мәселені шешуге тырысқан билік орындары байқалмайды, алдына барғанды сыдыртпа жауаппен шығарып салып уақыт созып келеді. Ал халықтың шула­уына еті өліп, құлағы үйренген Шетпедегі цемент зауыты да, карьерлер де шаңын бұрқыратып өз жұмыстарын қарқын­ды жүргізіп келеді. Құдды «ит үріп, ­ке­руен­ көшедінің» кері.

Сонымен, әкімдік, кәсіпкерлер мен өзге де құзыретті орындар арасын­да біріне бірі сілтеп, біріне бірі лақтыру арқылы қақпақылға айналған тұрғындар талабы – Шетпедегі карьерлерден кө­терілген шаң мәселесі – өте өзекті де өткір мәселе. Халық биліктің жұмыс жасауын талап етіп, экология, прокуратура және тағы басқа уәкілетті органдардан карьерлердегі шаң мәселесін қадағалауды сұрап отыр.

 

Маңғыстау облысы