– Жандар Даниярбекұлы, өзіңіз жетекшілік ететін қордың несиелендіруге бағытталған бағдарламалары туралы айтсаңыз?
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы былтырғы халыққа Жолдауында «Тиімді шағын және орта бизнес – қала мен ауылды дамытудың берік негізі» деп айтқан болатын. Біз осы бағытта жүйелі жұмыс жүргізіп келеміз. Мысалы, Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры 2017 жылдан бері «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасының екінші бағытын іске асыруда. Нақты айтар болсам, мал шаруашылығын, өсімдік шаруашылығын, ауыл кәсіпкерлігін дамыту және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу мен сақтау жобаларын қаржыландырамыз. Несие 6%-бен, ал көпбалалы және аз қамтылған отбасы мүшелеріне 4%-бен беріледі. Сонымен қатар әр салаға байланысты 1 жылдан 2 жылға дейінгі аралықта жеңілдік кезеңі қарастырылған.
Бұдан бөлек, мал шаруашылығын дамытуға арналған тағы бір жобамыз бар. Ірі қара, қой, түйе, жылқы шаруашылықтарына 10 жылға 30 млн теңгеге дейінгі сомада несие береміз. Бұл – жеке кәсіпкерліктерге, шаруа қожалықтарына және фермерлік шаруашылықтарға бағытталған бағдарлама. Несие субсидияны есептегенде 6 пайызбен беріледі. Екі жылға дейінгі жеңілдік мерзімі бар.
Осы тұста айта кетейін, несие алушыларға қойылатын бірқатар талаптар бар. Атап айтқанда, өтінім берушінің несие тарихы жақсы болғаны абзал. Кепілге қоятын мүлкі болуы шарт. Бұдан бөлек, бюджеттік және қаржы ұйымдарының алдында мерзімі өткен берешегі болмауы керек.
– Шаруалардың несиеге қол жеткізу процесін жеңілдету бағытында қандай жетістіктеріңіз бар?
– Сұрағыңыз өте орынды. «ҚазАгро» холдингі басшылығының бастамасымен несие беру процесін автоматтандыру жұмысын қолға алдық. Дәл қазіргі уақытта «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында мал шаруашылығын дамыту бағыты бойынша 4 млн теңгеге дейінгі несиеге өтінім қабылдау www.online.fagri.kz порталы арқылы онлайн қабылданып жатыр. Әзірге Ақмола және Алматы облыстарындағы филиалдарға тесттік режімде енгіздік. Осы арқылы несие алушы «Еңбек» бағдарламасының талаптарына сәйкестігін тексеруге өтінім жібере алады.
Бұрын 10-13 құжат жинау талап етілген болса, қазір тек өтінім берушінің жеке куәлігі, электронды цифрлық қолтаңбасы және кепілдікке қоятын мүлігінің құжаты ғана қажет.
Өтінімді алдын ала мақұлдау шешімі 15 минуттан 1 сағатқа дейінгі аралықта қабылданады. Ал өтінімді одан әрі қарау мерзімі 15 күннен 5 жұмыс күніне дейін қысқарады.
– Биыл елімізде егіс алқаптарын ерікті сақтандыру жүйесі іске қосылды. Оны ары қарай жүзеге асыру сіздерге жүктелген екен. Осыған тоқталып өтсеңіз.
– Бұрын міндетті сақтандыру жүйесі жұмыс істеген болатын. Биыл ерікті сақтандыру жүйесін іске қостық. Егіс алқаптары құрғақшылықтан және топырақ ылғалының артық болуы салдарынан сақтандырылады. Биыл 60 шаруашылық егіс алқаптарын сақтандырды. Сақтандыру сыйақысы 199 млн теңгені құрады. Нәтижесінде 47 шаруашылық жалпы сомасы 491 млн теңге болатын сақтандыру төлемін алды. Бұл да фермерлер үшін өте қажет қолдау.
Сақтандыру шартын жасасудан бастап сақтандыру жағдайын тіркеуге дейінгі процесс WWW.QOLDAU.KZ платформасындағы «Agroinsurance» ақпараттық сервисінде жүзеге асырылады. Шарт жасасқан соң фермер сақтандыру сыйақысы сомасының тек 50%-ын төлейді, қалған бөлігі мемлекеттік қолдау есебінен төленеді.
– Егер шаруалар екінші деңгейлі банктерден несие алатын болса, оның 50 пайызын кепілдендіруді қолға алыпсыздар. Бұл қалай іске асады?
– Өздеріңіз білесіздер, екінші деңгейлі банктер ауыл шаруашылығы саласын қаржыландыруға бара бермейді. Мысалы, 2014 жылы салаға банктер 431 млрд теңге бөлген болса, 2019 жылы қаржыландыру көлемі бес есеге төмендеп, 89 млрд теңгеге дейін азайды. Сол себепті біз банктердің шаруаларға да несие беру мүмкіндігін қарастыру мақсатында осындай кепілдендіру саясатын қолға алдық. Бүгінгі таңда «АТФБанк», «НұрБанк», «БанкЦентркредит» және «РБКбанк» акционерлік қоғамдарымен меморандумға қол қойдық. Қазірдің өзінде кепілдендіруге өтінім берген фермерлер бар. Бұл жобаға кепілдендіру жүйесіне екінші деңгейлі банктердің несиесі арқылы инвестициялық жобаларды іске асырып келе жатқан және іске асыруды жоспарлаған фермерлер мен жеке кәсіпкерлік субъектілері қатыса алады. Кепілдендіру шартына сәйкес, жылдық мөлшерлемесі 17%-дан жоғары болмайтын 3 млрд теңгеге дейінгі несие сомасының мерзімі 10 жылдан аспауы тиіс. Кепілдендіру Агроөнеркәсіп кешеніндегі және тамақ өнімдерін өндіру қызметінің барлық түрі бойынша инвестициялық жобаларды іске асыруға беріледі. Бұл ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін өте тиімді тетік болары сөзсіз.
Әңгімелескен
Думан АНАШ,
«Egemen Qazaqstan»