Аймақтар • 24 Қыркүйек, 2020

Бір шаңырақтағы қос батыр ана

388 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Киелі шаңырақтың табалдырығынан аттаған соң ата дәстүрмен сәлем бер­дік. Бейуақыттағы біздің даусымыз­ды естіген құлыншақтар құлдырай жүгіріп алдымыздан шықты. Кісі жатырқамайды екен. Бірі жеңімізден тартып, сырт киімімізді шешуге көмектессе, екіншісі қолымыздан ұстап төрге жетеледі. Аумағы атшаптырым кең бөлменің іші құрқылтайдың ұясындай жып-жылы, тап-таза. Үлкен терезелерден күн сәулесі құйылып тұр. Күзгі шуақта аула ішінде асыр салып жүрген бір топ балдырған үйге қарай лап берді. Әп-сәтте кең бөлменің іші кәдімгідей қусырылып, бейне бір балалар бақшасына еніп кеткендей болдық. Амандық-саулықтан соң келген шаруа­мыз­ды айттық. Облыс орталығының іргесіндегі Краснояр ауылында бір шаңырақта қос батыр ана тұрады деп естігенбіз. Біз үшін таңсық тақырып. Қазіргі күні көпбалалы аналарды күндіз қолыңа шырақ алып іздеп таба алмайсың. Ал мұнда екі бірдей батыр ана сүттей ұйып, тату-тәтті тіршілік кешіп жатыр.

Бір шаңырақтағы қос батыр ана

 

– Он үш құрсақ көтердім, – дейді батыр ана Гүлбаршын әжей Бөкенова, –төртеуі ертерек шетінеп кетті, ол кезде ел ішінде медициналық көмек-жәрдем ойдағыдай болмады ғой. Қазір ұлымды ұяға, қызымды қияға қондырып, не­ме­ре-шөберенің ортасында отырған жайым бар.

– Неше немереңіз бар? – дедік біз.

– Қазақ баласының санын айтпаған ғой, – деді әжей, – көз тиюден қорыққан. Біз де сондай ырымшылмыз. Қырық шақтысы бар-ау деймін.

– Шөберелеріңіз ше? – дейміз тақақтап.

– Он бес-жиырма болып қалар, – дейді әжей, – қолымдағы келінім де көпбалалы ана атанып отыр.

– Тұрмыстарыңыз қалай? – дейміз ғой баяғы үй ішіндегі ұқыпты қолдың табын байқап отырсақ та.

– Ертеректе қиын болды, балалар жас. Отағасының көзінде кінәрат бар, шаруашылықтың жұмысын тиіп-қашып істеді. Менің де жалақым жарытымсыз болды. Кеңсенің еденін жудым ғой. Бала бағу үшін еш шаруа­дан арланғанымыз жоқ. 1985 жылдары қымыз сатуды кәсіп еттім. Осы Көкшетауда ең алғаш мен сатқан шығармын. Біздің Баратай ауылының төңірегі жаздың күні шиеге тұнып тұрады, – деді әжей, – бала бағудан қолым қалт еткенде, жаяулап-жалпылап барып шие теремін. Сосын оны Көкшетауға апарып сатамын. Сөйтіп, жүріп өсірдік.

Әжеміздің үш-төрт келіні ас қамы­мен жүрген. Қарап отырмай әңгіменің әлпетін көпшілікті толғандырып жүрген келін тақырыбына аударғанбыз.

– Келіндеріңізбен қалайсыз?

Әжей әуелі арқа-жарқа болып күл­ген. Содан соң ойланып қалды. Бір уақыт әдемі әжім торлаған дидарына күлкі үйірілді.

– Мен бұларды «айналайын, қара­ғым» деп отырып, жайын табамын ғой.

Әжейдің сөзіне келіндер де қосыла күлді. Осы бір әзіл сөзден үй ішіндегі жарастық, өзара сыйластық қылаң беріп тұрғандай.

Дастарқанға шара толы қымыз бен ыстық бауырсақ келді. Енді бір сәт қымыз тақырыбына ауған.

– Атадан балаға мұра болған дүние ғой, шырағым, – деді әжей, – біздің тұсымызда қымызды бірінен бірі асырып баптайтын. Бал татитын еді ғой, жарықтық! Асты жамандауға болмас, бірақ кейде аңсарың ауып сатып алғанда, сүйсініп іше алмайтының да болады.

– Сіздер қалай дайындадыңыздар?

– Бие сауу – бөлек өнер. Осы күні ел жаққа барғанда көріп, аңғарып жүрміз, елдегі жас қыз-келіншектер бие сауу­ды ұмытқан. Ал жарықтық жылқы малының алпыс екі тамырын иітіп, тас емшегін жібітіп шығатын сүттің құнары, құрамы адам ағзасы үшін қаншалықты пайдалы екендігі рас, – дейді Гүлбаршын әжей, – біздің ауылдың әйелдері бие сауғанда таудай бие теуіп қалады-ау деп қорқып, үрікпейтін. Қашан да сезімтал жылқы малы өзінен қорыққан адамды аңғарып сезіп тұрады. Бие емшегінің үрпі кең әрі жұмсақ келеді. Сондықтан оны тез-тез саумаса, сүт ағып кетеді, әйтпесе иісініп тоқтап қалады. Өрістен келген мама биелердің жалын тарап, сылап-сипап, еркелетіп жататын. Әу ­­­­баста жаратқан ие артық жаратқан төрт түліктің төресі жылқы малы да өзін жақсы көрген, аялап-әлпештеген адамды ұнатады. Таңсәріден келетін жылқы үйірін жүген-ноқтамызды ұстап, алдынан шығып тосатынбыз. Содан соң түнгі өрістен тойып келген мама биені жүгендеп, үйге қарай беттесек тай-жабағы соңынан бірге еріп жүретін. «Ағы бардың бағы бар» деп халық тегін айтты дейсіз бе? Қымыз көпшіліктің асы еді ғой. Бие байлаған үй несібесін көпшілікпен бөлісіп ішетін. Көрші-қолаң, ағайын-туыс бір-бірін биені байлап, қашан ағытқанға дейін сыбағасы деп, ақтан ауыз тиіңіз деп шақырысып жататын. Мұның барлығы сол кездегі адамдардың бір-біріне деген кең қолтық, жомарт пейілі. Қазір жылқы ұс­та­ғанымен, оның пайдасын өз басына жа­рата алмай отырғандар көп. Ұлттық тағамдардың ішіндегі ең құрметті дастарқан мәзірі осы – қымыз. Ол тұста шөптің шығымына, малдың күйіне қарай сауылатын сүтті биелерді үйдегі үлкендер іріктеп, таңдап, тұқымын үзбей ұстайтын. Құлын байлайтын қазыққа, айғырдың жалына май жағып, ырымдаушы еді. Бие байлау мерзімі мамыр айының бас кезінде болатын. Бұл кезде құлындар марқайып, жетіледі. Күніне бес-алты сағат байлауда болады. Сауын сайын емізіп, сонан соң жетектеп жүріп сергітетінбіз. Үйдегі ер жеткен балалардың жаздағы жұмысы бие сауған кезде қолқабыс жасау болатын.

Қымыз туралы қызықты әңгіме ұзақ айтылды. Кейін бір керегі
болар-ау деп қойын дәптерімізге жазып алдық. Одан соңғы сөз сорабы тағы да тіршілік тақырыбына ауған. Әжейдің айтуына қарағанда, тоғыз балаға көз жанарының кемдігі бар Бекқожа ақсақалды қосып баққан. Өмірге де, өткен шақтағы тұр­мыс­қа да өкпесі жоқ. Ақ адал еңбе­гінің арқасында ырыздығы кеміп көрмепті. Ол тұстың балалары да бүгінгідей жылтырағанға құмар емес.

– Ат жалын тартып мініп, өз қолым өз аузыма жеткенше иініме жарқыратып жаңа киіп көрмеппін, – дейді қолындағы ұлы Нұрболат, – ылғи бір ағаларымнан қалған костюм-шалбарды қысқартып, балағын бүріп киетінмін. Аяғыма ілгенім де ағаларымнан қалған ұрты өкпелеген баладай бұртиып тұратын бәтеңке. Сөйтіп жүрсек те ешкімнен кем болған жоқпыз. Барын аямай алдымызға тосты, тәлім-тәрбиесін берді. Енді қара шаңыраққа ие болып қалған келіншегім Нұргүл екеуіміз жеті бала тәрбиелеп отырмыз.

Үлкен ұлдары Мұрат «Бұқпа» орман шаруашылығының қызметкері, ол да тоғыз баланың әкесі.

– Қалған ұл-қыздарымнан өрбіген ұрпақ өсіп-жетіліп келеді, – дейді Гүлбаршын әжей, – бәрі де тату-тәтті. Қазір ел ішінде «келініңе келін болсаң ғана жағасың» дейтұғын сөз жиі айтылады. Адамына қарай шығар. Ұшқан ұясынан алған тәлімі мен тәрбиесіне байланысты болуы керек, бейнетіме орай, ақ сүт емген келіндер кездесті. Кейде қатар құрбыдай қалжыңдасамыз. Келін деп емес, қыз деп қараймыз. Алдымнан кесе-көлденең өткен біреуі жоқ. Мынау қолымдағы келін Нұргүл – Зеренді ауданының Өндіріс ауылының қызы. Ауылда өскен қыздардың бойында ұлттық тәрбиенің мол болатындығын көзімізбен көріп жүрміз. Сол тәрбие қала қыздарының бойына да жұғысты болса, осы күні дәм-тұзы жараспай жатқан жастар азаяр еді.

Қара шаңырақтағы дәм-тұзы жа­рас­қан адамдарға қызыға қараға­ны­мыз да рас. Ынтымақ бар жерден ырыс кетпейді екен.

– Қой сойсақ жартысын, тай сойсақ жартысын қара шаңыраққа әкеліп тас­таймыз, – дейді туған ауылы Баратайда шаруа қожалығына басшылық жасап отырған ұлдары Самат, – бәріміз осы үйден өрбідік қой. Енді ыстық ұяның ырысын молайту – парыз.

Әженің әдемі әңгімесін санамен салмақтасақ, түтіннің түзу ұшуы ға­сыр­лар бойы жалғасып келе жатқан салт-дәстүрдің діңіне байлануынан екен. Ша­ңы­рақтағы шаттық та, босағадағы бере­ке де сыйластыққа сызат түспесе, беки береді.

 

Ақмола облысы