06 Қараша, 2013

Жарқын істерге жігерлендірді

197 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

01-ЯБұл күндері бүкіл еліміз партиямыздың XV съезінен кейінгі өрлеу кезеңін бастан кешуде. Съезд шешімдерінен, съезде Елбасымыз, партия Төрағасы Н.Ә.Назарбаевтың сөйлеген сөзінен алған орасан зор әсер мен тың серпін қоғам өмірінің қай саласында да айқын аңғарылуда. Әсіресе, нұротандықтар съезден елімізді одан әрі дамыту жолындағы жарқын істерге деген зор құлшыныспен оралғандары сөзсіз.

 

01-ЯБұл күндері бүкіл еліміз партиямыздың XV съезінен кейінгі өрлеу кезеңін бастан кешуде. Съезд шешімдерінен, съезде Елбасымыз, партия Төрағасы Н.Ә.Назарбаевтың сөйлеген сөзінен алған орасан зор әсер мен тың серпін қоғам өмірінің қай саласында да айқын аңғарылуда. Әсіресе, нұротандықтар съезден елімізді одан әрі дамыту жолындағы жарқын істерге деген зор құлшыныспен оралғандары сөзсіз.

Съезде Нұрсұлтан Әбішұлының партияластарына, ел халқына арнаған тұжырымды сөздерін біздер алдағы атқарылатын ауқым­ды жұмыстарға арналған бағдаршам деп түсіндік. Елба­сының өткен жылғы «Қазақ­стан-2050» Стратегиясының не­гізгі бағыттарын айқындап берген Жолдауын жүзеге асыруда партияның рөлі мен міндеттері съезде қабылданған жаңа Док­тринада нақты көрініс тапқан.

Бұдан 12 жыл бұрын қабыл­дан­ған партияның бұрынғы Док­тринасы өз міндетін толық­тай өтеді. Партияның жаңа­ Сая­си доктринасы Елба­сы,­ пар­тиямыздың Төраға­сы­ Н.Ә.На­зар­баевтың «Қазақ­стан-2050» Стратегиясын нақты іс­ке асыру­дың тағы бір тегеурінді қадамы деп білеміз. Доктрина қазақ­стандық қоғамды жарқын бо­лашақ жолындағы жасампаз істерге бастайтын, уақыт ағымы мен тәуелсіздік жылдарында қалыптасқан негізгі құн­дылықтарымызды өміршең идея­лармен өрнектейтін партиялық бағдарлама, тұжырымдамалық құжат болып табылады.

«Нұр Отан». Нұрлы болашақ жолында!» деген атауы айтып тұрғандай, бұл Доктринаның партиямыздың таяу болашақта атқаруға тиісті міндеттерін айқын­даумен қатар, бүгінгі жас ұр­пақты алыс көкжиектерге ұм­сындыратын болашақ дамудың бағдаршамындай. Құжаттың басты құндылығы да осында. Тағы бір ерекшелігі – оның «Нұр Отанның» 15 жылдығына орай қабылданған саяси құжат болуында. Осынау 15 жыл ішіндегі еліміздің даму жолдары, әлемдік экономиканы шайқалтқан дағдарыстармен күрес кезеңдері, Елбасымыздың тәуелсіз Қазақстанды нығайту, өркениет көшіне ілестіру жолындағы сындарлы еңбектері көз алдымызда.

Адам қай нәрсеге де салыс­ты­ру арқылы көз жеткізетіні аян. Осы­дан 10-15 жыл бұрынғы өмі­рімізге көз жіберсек, қазір адамдарымыздың әлеуметтік кел­бетінде де, экономикамыздың даму бағыттарында да түбегейлі өзгерістер болғаны айқын аң­ғарылады. Барлық даму кезең­де­рімізде Елбасының жанына жалау болған біздің партиямыз мемлекет дамуының жаңа стратегиясын жүзеге асырудың бағыт-бағдарын, іс-қимыл жоспарын жасап алуға белсене кірісті. Жаңа тұғырнама, жаңа бағыт, жаңа шешімдер мен жаңа идеялар аясында жұмыс жасау өмірлік қажеттілікке айнала бастады.

Доктринаның әрбір тарауының атқаратын рөлі, арқалайтын жүгі тау-төбе дерлік. Оның «Жаңа бағыт­тың мақсаттары: табысты дамудың жеті факторы» атты 4-тарауының кейбір тармақтары бойынша өз ой-түйіндерімді баян етейін.

Байырғы қазақ жерінде тарихи тағдыр топтастырған көпте­ген ұлт өкілдері тұрып жатыр. Көп­этносты қоғамда бірлік пен келісімді, тұрақтылықты сақ­таудың бүгінгідей дүбірлі дәуірде қаншалықты қиын екенін өзге елдерде орын алып жатқан қырғи-қабақ соқтығыстардан көріп-біліп келеміз.

Доктринадағы «Бірлік пен келісім» атты бөлімде партия­мыз­дың демократияны қоғам­дағы әртүрлі ұлттар мен ұлыс­тар­дың сан алуан мүдделерін сәйкестендірудің ең тиімді жолы ретінде бағалайтыны және демократиялық дәстүрлер мен мәде­ниеттің дамуына, елімізді өркениет жолымен одан әрі өркен­детуге ықпал ететін қуатты құрал болатыны қысқа да нұсқа, мейлінше, түсінікті етіп баян етілген.

Мұның жарқын көріністерін біздің Маңғыстау облысынан да көптеп кездестіруге болады. Облысымызда қазір 21 этномәдени бірлестік жұмыс істейді. Олар біздің партиялық шараларымызға қоян-қолтық араласып тұрады. Тәуелсіздік жылдары ішінде өңірімізді мекен етіп жатқан өзге ұлт өкілдері арасында келіспеушілік көріністер болған емес. Біздер бұл бағыттағы жұмыстарымызды құжатта айтыл­ған қағидаттарға сай жаңаша жүргізудің жоспар-жобаларын қолға алуға тиіспіз. Ендігі мақсат – өңірлерде қызметіміздің ең негізгі бағыты етіп осы факторды ұстану.

Доктринадағы «Төл мәдениет және руханият» атты тарау­да көтерілген мәселелер жобаны­ талқылау барысында жұрт­шы­лықтың басты назарында болды. Президенттің «Қазақстан-2050» Стратегиясында айтылған жас ұрпақты «Қазақстандық патрио­тизм» рухында тәрбиелеудің қағидаттары Төрағамыздың съезде сөйлеген сөзінде жаңа қырынан көрініс тапты. Тәуелсіздік жылдарында елімізде тоталитарлық жүйенің салқыны тимеген жаңа ұрпақ өсіп-жетілді. Оларды ұлттық құндылықтарымызбен сусындатып өсіру, төл тарихымызды таныту, тіліміз бен діліміздің өміршеңдігін санасына сіңіру біздің партиямыздың айнымас қағидасына айналуы тиіс. Елбасының партия съезінде осынау өмірлік маңызды мәселеге тағы да назар аударып: «Қазақ тілін білу азаматтық парызды ғана емес, ұлтқа деген құрметті білдіреді», деп атап көрсетуі тектен-тек емес. Тәуелсіз Қазақ елінің болашағы – қазақ тілінде екені, мәдениетіміз бен рухани құндылықтарымыздың, тіліміздің, ұлтымыздың өміршең­дігіне, Тәуелсіз мемлекетіміздің «Мәңгілік Ел» болып қалып­та­суына бастайтын сара жол екені сөзсіз.

Доктринадағы «Қуатты экономика», «Тиімді мемлекеттік басқару» атты тараулар елімізде жүргізіліп жатқан өмірлік маңызы зор, ел дамуына тың серпін беретін реформалардың нақты міндет­терін айқындайды. «Мықты аймақ – мықты мемлекет» демекші, облыс көлемінде биылғы жылдың тоғыз айы ішінде ауқымды жұмыстар жүзеге асырылды. Осы орайда, биылғы мамыр айында көршілес екі ел президенттерінің қатысуымен ашылған Өзен – Түркіменстан шекарасы темір жолы еліміздің халықаралық байланыстарын нығайтуға, оның ішінде Маңғыстаудың экономикалық-әлеуметтік әлеуетін арттыруға айтарлықтай ықпал ететін, алдағы даму бағыттарымызға тың серпін беретін игілігі мол іс болды. Ұзындығы 145 шақырымдық теміржол бойына электр жүйесі, су, газ желісі тартылып, бес бекет, Болашақ атты жаңа станса салынды. Бұл бұрын тусырап жатқан жапан даланы жаңғыртып, ел игілігіне жарату, ең бастысы – Жаңаөзен қаласындағы жұмыссыздық деңгейін едәуір мөлшерде төмендетуге ықпал етті.

Облыс халқының әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған тағы бір тегеурінді қадам – бұл көп жылдар бойы талай алқалы жиындардың таусылмас «жырына» айналып келген Бейнеу – Ақтау асфальт жолының салына бастауы деуге болады. Қазір бұл жерде де жұмыс қарқынмен жүріп жатыр. Халық арасында «Өмір жолы» деп аталып кеткен бұл күре жолдың облыс тұрғындары үшін маңызы зор. Маңғыстау облысына халыққа қажетті тауарлардың, азық-түлік өнімдерінің 70-80 пайызы сырттан тасымалданады. Өңірдегі қымбатшылықтың бір түйіні осында жатқанын ескерсек, Бейнеу – Ақтау асфальт жолының маңыздылығын түсінуге болады. Сонымен қатар, Бейнеу – Жез­қазған теміржолының салына бастауы да Маңғыстау тұрғын­дарының нұрлы болашаққа деген сенімін үстей түскенін айту керек.

Доктринада аталған «Әділ әлеуметтік саясаттың» жүзеге асырылуын қадағалауда аймақтық, аумақтық филиалдарға ерекше сенім артылатынын біз жақсы түсінеміз. Білім беру, денсаулық сақтау салаларындағы мемлекеттік бағдарламалардың сапалы орындалуы, әркімнің тұрғын үймен қамтамасыз етілуі және т.с.с. аса маңызды жобалардың сапалы жүзеге асырылуы түбінде біз тағайындаған билікке деген көзқарасты қалыптастырады. Сондықтан, жаңа Доктрина бізге филиалдардағы басқарудың сапасын арттыруға аса мән берілуі қажет екендігін көрсетіп тұрған секілді. Біз ол үшін бастауыш­ партия ұйымдарынан бастап бар­лық деңгейде жұмыстың ұйымдастырылу сапасын жақсар­туымыз қажет. Ең әуелі аумақтық филиалдарымыздың материалдық-техникалық базаларын нығайту маңызды. Қазір облыстағы 7 филиалдың 6-уының жаңа жеке ғимаратының құрылысы аяқталды. Жаңа автокөліктер мен компьютерлер алынып берілді. Енді, осы шаруашылықты тиімді басқара білу қажет.

Қорыта айтқанда, партияның Маңғыстау облыстық филиалы, делегаттарымыз съезд ше­шімдерін, Елбасы, партия Төр­ағасы Н.Ә.Назарбаевтың съезде сөйлеген тұжырымдамалық сөзін қалың жұртшылыққа насихаттау, түсіндіру жұмыстарына съезден оралған бетте-ақ кірісіп кетті. Облыстық телеарнаның «Резонанс» телехабарына қатысып, көрермендердің сұрақтарына тікелей эфирде жауап бердік. «Ел ертеңі» телебағдарламасына делегаттарымызды, жастар өкілдерін қатыстырып, съезде айтылған мәселелер, партияның жаңа Доктринасы туралы келелі әңгімелер жүргіздік. Облыс көлемінде шығып тұрған газет­терде делегаттарымыздың мақа­лалары жарық көре бастады. Таяудағы жоспарымызда ірі кәсіп­орындардың ұжымдары алдында, бастауыш партия ұйым­дарында, жастар өкілдерімен делегаттарымыздың кездесулерін өткізіп, арнайы лекциялар оқуды көздеп отырмыз.

Қысқасы, біздерді съезд қабыл­даған шешімдерді, Төрағамыздың съезд мінберінен айтқан тұжы­рым­дары мен тапсырмаларын жүзеге асыру жолындағы ауқымды істер күтіп тұр.

Қаныбек ЖҰМАШЕВ,

«Нұр Отан» партиясы Маңғыстау облыстық

филиалы төрағасының бірінші орынбасары.

АҚТАУ.