06 Қараша, 2013

Жеті пәтер кері қайтады

225 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ «Қазақстан тұрғын үй-құрылыс жинақ банкі» АҚ еншілес мекемесімен бірлесіп «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы аясында банк басшылары мен олардың туыстары «Әйгерім» тұрғын үй кешенінен алған пәтерлерді қайтаруда, деп хабарлады «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ баспасөз қызметі.

Бағдарлама бойынша пәтер алғандардың арасында банктің басшылары мен олардың туыс­тары болып табылатын 9 азамат анықталған еді. Олардың жетеуі пәтерлерді өз еркімен қайтаруға келісті.

«Банк басшылары мен олардың туыстарының бәрі дерлік пәтерлерді өз еркімен қайтаруға ықтияр білдірді. Қазір біз Алматы қаласының әкімшілігімен бірге пәтерлерді қайтарудың құқықтық тетіктерін қалыптастырып жатырмыз. Жақын арада бұл пәтерлер баспанаға мұқтаж азамат­тарға беріледі деп ойлаймын. Ал пәтерлерді өз еркімен қайтаруға келіспей отырған екі азаматқа қатысты сотқа шағым түсіріледі. Оларға сотқа дейінгі талап-хат жіберілді», – деп атап өтті «Тұрғынүй-құ­рылыс­­жинақ­банкі­нің» жа­ңадан тағайындалған басшысы Айбатыр Жұмағұлов.

9 пәтер «Тұрғынүй-құрылыс­жинақбанкінің» басшылары мен олардың туыстарының арасында бөліске түскен. Олардың арасында банк басқармасының бұрынғы төрағасы, басқарма төрағасының бұрынғы екі орынбасары, банктің Алматы облыстық филиалының директоры, Алматы қалалық филиалының директоры, олардың туыстары бар.

«Әйгерім» тұрғын үй кешенін­де пәтер алған банктің басқа қызметкерлеріне қатысты қандай да бір шара қабылданбайды. Се­бе­бі, олар банктің басшылық құрамына кірмейді және де бас­пананы бағдарлама талаптарына сай заң шеңберінде алған.