Аймақтар • 24 Қыркүйек, 2020

Құс тұмауы: Қостанайда да карантин енгізілді

186 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қостанай облысында құс тұмауының алғашқы белгілері тіркеліп, өңірдегі Сарыкөл, Ұзынкөл және Меңдіқара аудандарына карантин енгізілді, деп хабарлайды Egemen.kz

Құс тұмауы: Қостанайда да карантин енгізілді

Қостанай облыстық ветеринария басқармасының басшысы Самат Қалиев: "Ірі құс фабрикаларында өлім жоқ. Сарыкөл ауданындағы Маяк ауылы, Ұзынкөл ауданындағы Сокол және Меңдіқара ауданындағы Красная Пресня ауылдары тұмаудың ошағына айналды. Аталған елді мекендерде жалпы 384 құс өлген, оның барлығы жеке үй шаруашылығынан болып шықты. Өлген құстарды өртедік", дейді ол.

Осы үш ауылдың аумағы 21 күнге карантинге жабылды (құс өнімдерін экспорттауға тыйым салынды). Кейін сараптама үшін құстан қан алынады. Егер диагноз расталса, карантин мерзімі ұзартылады.

С.Қалиевтің мәліметінше, облыста жоғары патогенді құс тұмауына қарсы 21 доза вакцина сатып алынған. Өңірде вакциналау жұмыстары басталып та кетіпті. Сондай-ақ ол мұндай қауіпті уақытта құс пен жұмыртқаны рұқсат етілмеген сауда орындарынан сатып алмау керегін ескертті.

Санитар дәрігерлер қолды жиі жуу, бетперде тағу, дымқыл майлықтарды қолдану қажеттілігі туралы айтады. Аурудың алғашқы белгілері пайда болған кезде шұғыл түрде дәрігермен кеңесу қажеттігін және бұл инфекция адамнан адамға жұқпайтынын еске салады.