Аймақтар • 24 Қыркүйек, 2020

Ақсайда спорт музейі бар

221 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысындағы Бөрлі ауданының орталығы Ақсай қаласында жақында спорт музейі ашылған еді. Қазірдің өзінде жаңа музейдің хабары спортсүйер қауымды елеңдетіп, өзіне тартып жатыр, - деп хабарлайды Egemen.kz.

Ақсайда спорт музейі бар

"Музей ашу идеясы алғаш рет 2018 жылы аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің 50 жылдық мерейтойын өткізген уақытта туған болатын. Содан бері қолда бар ақпаратпен қатар, спорт ардагерлері, сала мамандарымен ақылдасып, құнды жәдігер, құжаттар жинақтай бастадық. Спорт музейі ашылмас бұрын Бөрлі аудандық өлкетану мұражайында 2 апта бойы спорт апталығы өтті. Жас спортшылар үшін спорт саласын қамтитын музейдің қажет екендігін сол кезде түсінген едік", - дейді Бөрлі аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Армат Исанов.

Қарашығанақ спорт кешенінде орналасқан музей бөлмесінде қазірдің өзінде 7 экспозиция бар. Мұнда ерекше құнды жәдігерлер арасында әйелдер күресінен Рио олимпиадасының қола жүлдегері, ақсайлық Екатерина Ларионованың күрес костюмы, самбодан азия чемпионы Темірлан Көлбаевтың "самбовкасы", пара-таэквондодан Европа чемпионы, Азияның 3 дүркін қола жүлдегері Мәлік Мұқашевтың кимоносы, т.б. заттар қойылған. Бір қызығы, "Ақсайда спорт музейі ашылды" деген хабарды естігелі алыс-жақыннан хабарласып, ауданның спорт тарихына қатысты қызықты ақпаратпен бөліскендер, көне жәдігерлерді табыс еткісі келетіндер көбейіпті.

Йә, ауданның спорт саласындағы жетістіктері аз емес. Музейде жергілікті спортшыларының жетістіктері, осы өңірде дүниеге келіп, спорт жолын осы жерде бастаған, кейін өзге жаққа, тіпті шетелге қоныс аударып кеткен спортшылар туралы, спорт саласында еңбек еткен сала мамандары, спорт ардагерлері мен спорт саласындағы елеулі оқиғалары қамтылған. 1968 жылы ашылған спорт мектебінің алғашқы жаттықтырушылары, спортшылардың жетістіктері, ауданда өткен ірі спорттық жарыстар, аудан құрама командасының жетістіктері, ауданға келген олимпиада жеңімпаздары туралы және спорт бөлімінің, спорт мектебінің басшылары туралы ақпараттар көз тартады.

"Спорт – балалар мен жасөспірімдерді патриоттық тәрбиеге, салауатты өмірге шақыратын ерекше әлем ғой. Сондықтан осы музейдің әлеуетін біз аудандағы балалар тәрбиесінде, білім жүйесінде толық пайдаланғымыз келеді. Карантин жойылып, дәстүрлі білім жүйесі қалыпқа келсе, аудан мектептерінің оқушылары үшін музейге тұрақты экскурсия ұйымдастырғымыз келеді", - дейді Армат Исанов.