06 Қараша, 2013

Билік бүлікшілерді кінәлап отыр

265 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Біріккен Ұлттар Ұйымы бүгінгі таңда Сирия халқының 40 пайызы гуманитарлық көмек ала алмай отыр десе, бұған ел билігі бүлікшілер кінәлі деп мәлімдеді. Өйткені, Сирияға келіп жатқан гуманитар­лық көмектер бүлікшілер шекарасынан әрі аса алмауда көрінеді.

 

 

Біріккен Ұлттар Ұйымы бүгінгі таңда Сирия халқының 40 пайызы гуманитарлық көмек ала алмай отыр десе, бұған ел билігі бүлікшілер кінәлі деп мәлімдеді. Өйткені, Сирияға келіп жатқан гуманитар­лық көмектер бүлікшілер шекарасынан әрі аса алмауда көрінеді.

Жалпы, қазіргі таңда Сирия халқының 6,5 миллионы ел ішіндегі босқындарға айналған. Себебі, елдің бірқатар аумақтарында тыныштық жоқ. Алайда, ресми билік өздерінің осы бағытта қолдарынан келгеннің бәрін жасап жатқандарын көлденең тартады. Соның бір айғағы ретінде елдегі бүлдіршіндердің барлығы вакцинациядан өткізілмекші екен. БҰҰ болса, АҚШ-тың айтқанынан шыға алмайтынын байқатып, елдегі күрделі жағдайдың бәріне тек билікті кінәлі санайды.

 

Көтерілісшілер жеңілістерін мойындады

Конгодағы М23 деп аталатын көтерілісшілер тобы Конго Демократиялық Республикасы үкіметіне қарсы соғыста өздерінің жеңілгендерін мойындады. Олар таратқан мәлімдемеде жеңілістерін мойындай келе, қарулы қақтығыстарды толықтай тоқтататындары және әскери бөлімшелерді тарататындары көлденең тартылады.

Көтерілісшілер мұндай мәлімдемелерін елдің шығысындағы ауыр ұрыстардан бір күн өткен соң жасады. Осы аралықта ел үкіметі М23-ті толық жеңгені туралы хабарлап үлгерді. Көтерілісшілер Конгоның минералды ресурстарға бай ауданында өткен жылы іс-қимыл таныта бастаған болатын. Оның негізін билеуші топтардағы өздерінің жағдайларына разы емес тутси тайпасынан шыққан адамдар құраған еді. М23 бөлімшелерін талқандауға осы өңірде орналасқан БҰҰ контингенті көмек қолын созғанын да айта кетейік.

 

Ким Чен Ынның тәтесі АҚШ-қа қашты

Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ынның тәтесі АҚШ-тан саяси баспана тапқан. Бұл туралы «Франс-пресс» агенттігі хабарлады. Ким Чен Ынның шешесінің сіңлісі Ко Ен Сок қазіргі кезде АҚШ-та тұрып жатыр екен.

Құрама Штаттар Солтүстік Корея басшысы отбасының мүшесін елде қабылдауға келісімін берген. Кейбір деректерге қарағанда, Ким Чен Ынның тәтесі мен оның жұбайына бет-әлпетін өзгерту бойынша операция да жасалыпты. Бұған қоса, арнайы қорғаныс бағдарламасы ұсынылса керек. Ко Ен Сок бүгінде 54 жаста. Ол Ким Чен Ирдің үшінші әйелі Ко Ен Хидің сіңлісі болып табылады. Ко Ен Хи 2004 жылы 51 жасында рак ауруынан қайтыс болыпты.

 

Өзбекстандықтың жазығы не екен?

Өзбекстаннан келген гастарбайтер кеше Санкт-Петербургте өлім құшқан. Оған шабуыл шамамен түс ауа «Рыбацкое» метро стансасы жанында жасалыпты. Өзбекстандықтың бірнеше пышақ жарақатынан қаза тапқаны белгілі болып отыр.

Полициядағылардың айтуынша, гастарбайтерге ұлтшылдарға тән киім киген адамдар шабуыл жасаған. Тергеушілер қазіргі кезде бейнебақылау камераларының жазбаларын қарап жатса керек. Бұған дейін хабарланғанындай, дүйсенбіде аталып өткен Халықтық бірлік күні Санкт-Петербургте 50-ден астам адам тұтқынға алынған болатын. Олар көшелердегі ұлты орыс еместерге қыр көрсетіп, өздерін өте-мөте әдепсіз ұстаған еді.

 

Каспаров Латвия азаматтығын сұрады

Шахматтан бұрынғы әлем чемпионы Гарри Каспаров өзіне Латвия азаматтығы берілуін сұрады. Осыған сәйкес хатты Латвия парламентіндегі барлық фракциялар алған. Г.Каспаров өзінің өтінішін Латвияға сіңірген ерекше еңбегімен байланыстырады.

Бірақ бұрынғы әлем чемпионы өзіндегі Ресей азаматтығын да сақтап қалғысы келеді екен. Ал бұл мәселе қашан қаралатыны әзірше белгісіз. Г.Каспаровтың 1963 жылы Бакуде туғаны белгілі. Ол – әлемдегі аса белгілі және атақты шахматшылардың бірі. Соңғы жылдары саясатпен белсенді айналысып жүр. Қазіргі кезде Г.Каспаров Ресейден кетіп үлгерген. Себебі, оны Тергеу комитеті әңгімеге шақырған көрінеді. Тергеу тарапынан шахматшыға қатысты нақты қай мәселе бойынша сұрақ туындағаны белгісіз.

 

Үндістан Марсқа аппарат ұшырды

Алғашқы үнді аппараты бар зымыран Марсқа ұшырылды. Ол «Мангальян» деп аталады және аталған планетаны зерттеу үшін ұшырылып отыр. Аппарат ұшырылғаннан кейін 43 минут өткен соң зымыраннан бағдарламаға сәйкес бөлініп шықты.

«Мангальян» Марс траекториясына 30 қараша күні шығады деп күтілуде. Аппаратты ұшыру үшін Үндістан ғарыш агенттігі 1990-жылдардың басында жасаған PSLV зымыран ұшырғышы пайдаланылған. Сөйтіп, Үндістан қызыл планетаға зерттеу аппаратын өз бетінше жасап ұшырған АҚШ пен Ресейден кейінгі үшінші мемлекет болып отыр. Жер серігінің салмағы 1 тоннадан сәл асса, ғылыми аппаратураның салмағы бар-жоғы 15 килограмм көрінеді. Қалған салмақ жанармай мен «Мангальян» корпусының үлесінде.

 

Ойға алғандары орындалмады

Тараз шекара отрядындағы «Сыпатай батыр» заставасының наряды Қазақстан-Қырғызстан шекарасы маңында 8 бас иесіз қалған мүйізді ірі қара малын, дәлірек айтқанда, бұқалақтарды ұстады. Оқиға Қазақстанның мемлекеттік шекарасынан бірнеше метр жерде ғана орын алған.

Малды белгісіз 2-3 салт атты Қырғызстаннан Қазақстанға айдап өтпекші болған. Барымташылар бұқалақтарды шекарадан енді ғана айдап өтпек болған кезде шекара нарядын көріп қалып, Қырғызстан аумағында жасырынған. Аталған факт бойынша құқық қорғау органдарына хабар берілді, тексеру жұмыстары басталып кетті, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің баспасөз қызметі.

Интернет материалдары негізінде әзірленді.

Соңғы жаңалықтар