Салынуы, күрделі жөндеуден өтуі тиіс мектептердің бәріне мемлекет тарапынан қаржы бөлінгенімен, жауапсыз мердігерлердің кесірінен жағдай оңбай тұр. Бұдан бөлек, бірқатар аудан басшыларының да сол құрылыс компанияларынан жұмысты дер кезінде талап етпеуі осындай күрделі жағдайға әкелуде. Жуырда ғана облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Меркі ауданының әкімі Мейірхан Өмірбековке, Т.Рысқұлов ауданының әкімі Ерболат Садырқұловқа, Жуалы ауданының әкімі Нарбай Ергебековке және облыстық білім басқармасының басшысы Гүлнар Ходжабергеноваға жұмыстың нашар жүріп жатқанын айтқан болатын. Осы үшін аталған басшылардың біразына сөгіс те жарияланып, ескерту де берілді.
Сондай-ақ әкімдік тарапынан кейбір жауапсыз мердігерлерді келесі жылы тендерге қатысу құқығынан айыру туралы да айтылған болатын. Сондай шешім қабылданса да, Тараз қаласынан бастап бірқатар ауданда мектеп құрылысына қатысты жұмыс әлі баяу жүргізілуде.
Мәселен, Меркі ауданындағы 4 мектепте жөндеу жұмыстары әлі күнге дейін жалғасуда. Бүгінде мердігер «КАСУБ-Тараз» ЖШС Ақермен ауылындағы А.Хасенов атындағы №11 мектепке күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуде. Мұнда негізі 439 оқушы білім алады. Алайда жөндеу жұмыстарына байланысты кезекші сыныптардағы 43 оқушы ауылдағы Мәдениет үйінде оқуға мәжбүр болып отыр. Аталған компания жұмысты биылғы жылғы 25 қыркүйекке дейін аяқтау керек болған. Бірақ жұмыс бітпегендіктен, балалар осы күнге дейін ыңғайсыз жағдайда білім алуда. Меркі ауданы әкімінің орынбасары Асхат Медетбековтің айтуынша, мердігер «КАСУБ-Тараз» серіктестігінен әрбір кешіккен күні үшін тұрақсыздық айыппұлы өндіріледі екен. Сондай-ақ ол құрылыс қарқынын жеделдету мақсатында да тиісті жұмыс атқарылып жатқанын жеткізді. Дегенмен, аталған компания қанша жерден айыппұл төлесе де, қазіргідей күздің қара суығында балалардың Мәдениет үйінде оқуы құптарлық жағдай емес. Гранитогор ауылында да 120 оқушыға арналған жаңа мектеп салынуда. Білім нысанының құрылысын «Темір-Строй Сервис и Ко» компаниясы жүргізуде. Жаңа ғимарат ағымдағы жылдың соңында пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Ал өткен ғасырдың елуінші жылдары салынған ескі ғимаратта бүгінде барлығы 228 оқушы дәстүрлі форматта білім алуда. Сонымен қатар Ойтал ауылындағы №48 мектепте жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын екен. Қазіргі кезде құрылысшылар спорт және акт залдарының құрылыс жұмыстарымен айналысуда. Оқу ғимаратында кезекші сыныптарда 100-ден астам оқушы білім алуда. Аталған білім нысанын «ҚазМұнайГаз» ЖШС биылғы тамыз айының соңында тапсыруы керек болған. Ал шілде айында осы ауылдағы №12 мектеп дайын болуы тиіс еді. Бірақ «Дос және К Сервис» мердігерлік компаниясы нысанды енді ғана пайдалануға беруді жоспарлап отыр. Сондай-ақ Жамбыл ауылдық округінің құрамындағы Жеміс-жидек елді мекенінде №44 орта мектепте 1 105 оқушы оқиды. Бірақ бүгінде кезекші сыныптардағы 100-ден астам оқушы да балабақшада білім алуға мәжбүр. Себебі аталған мектептегі жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан мердігер «Ерк-Астана» компаниясы білім нысанын қазан айының басында ғана аяқтауға уәде беріпті.
Мұндай мәселе аудандарда ғана емес, облыс орталығында да бар. Өңірде жұмыс жүргізіп жатқан мердігерлердің дені өндірістік кестеден кешігіп келеді. Техникалары мен жұмысшыларының саны да жеткіліксіз. Сол сияқты құрылысқа қажетті материалдардың уақытында жеткізілмеуі де мәселені қиындата түсуде. Осы уақытқа дейін облыс әкімдігінің тарапынан қала және аудан басшыларына, сонымен қатар мердігер компанияларға тапсырма берілгенімен әлі нәтиже болмай отыр. Мәселен кейбір жаңа мектептердің құрылысы, басқа да білім ошақтарында жүргізіліп жатқан күрделі және ағымдағы жөндеу мен санитарлық тораптардың жұмысы келісімшарт бойынша қыркүйек айының алғашқы күніне дейін аяқталуы тиіс болған. Бірақ қазан айы келсе де нәтижелі көрсеткіш болмай тұр. Жалпы, қазіргі таңда облыс бойынша жаңадан салынып жатқан 9 мектептің құрылысы бітпеген. Тіпті кейбір жұмыстың 50 пайызы да аяқталмаған. Одан бөлек тағы 9 мектептің санитарлық торабы әлі дайын емес. Ал 13 мектептің күрделі жөндеу жұмыстарының әзірге бітетін түрі жоқ. Облыстық білім басқармасының басшысы Гүлнар Ходжабергенованың айтуынша, Тараз қаласындағы №1 мектеп-гимназияның 300 орындық қосымша ғимаратының құрылысы биылғы шілде айының соңында аяқталуы тиіс болған. Бірақ қауқарсыз құрылыстың салдарынан қазір мұндағы жұмыстың жартысы ғана орындалған. Сондай-ақ Тараз қаласындағы саңырау және нашар еститін балаларға арналған «Мейірім» мектеп-интернатына тиесілі 80 орындық қосымша ғимараттың құрылысы да өндірістік кестеден қалып келеді. Мұның бәрі де оқушылардың сапалы білім алуына кедергі келтіріп отыр.
Өңірде мектеп құрылыстарын жүргізіп жатқан мердігер компаниялардың өкілдері жұмыстың кешеуілдеп жатуының себебін адам күшінің жетіспеуімен байланыстыруда. Бірақ облыс басшылығы тарапынан мәселенің аталған мердігерлердің бір мезгілде бір емес, бірнеше нысанды өздерінің шамасына, техникасының санына қарамай алып алуынан туындағаны айтылуда. Соның салдарынан құрылыс нысандарының жұмысы уақытынан кешігуде. Сонымен қатар құрылыс жұмысын көрсетілген мерзімде аяқтамаған мердігерлерге әкімдердің шара қолданбайтыны да осындай жағдайға жеткізген. Сондай-ақ техникалық қадағалаушылардың да өз жұмысына салғырт қарайтыны айтылып келеді. Өңірдегі мектеп құрылысының кешігуі бір емес, бірнеше мәселеге байланысты болып тұр. Бүгінде балалар бірінші тоқсанды қашықтан оқып жүр. Егер оқушылар дәстүрлі оқытуға көшетін болса, онда бәрін Мәдениет үйіне де, балабақшаға да сыйғызу мүмкін емес. Күрделі мәселе сонда туындайды.
Жамбыл облысы