Аймақтар • 24 Қыркүйек, 2020

Жамбыл облысында туризм саласы қайтсе дамиды?

534 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Әулиеата өңірінің тарихи жер екені жиі айтылады. Бұдан бөлек, өңірде табиғаттың түрлі кереметтері де бар. Алайда, аймақта туризм саласын дамыту, туристерді көптеп тарту мәселесі жиі көтерілгенімен, нәтижесі шамалы болып тұр. Енді Жамбыл облысында туризм саласы қайтсе дамиды? Бұл туралы мамандар не дейді?

Жамбыл облысында туризм саласы қайтсе дамиды?

Осы орайда, өңірде туризм индустриясын дамыту, саланың әлеуетін арттыру мақсатында Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Алмас Мәдиев туристік компаниялардың және қонақүйлердің басшыларымен кеңес өткізді. Әкімнің орынбасары басқосудың басты мақсаты – жұмыс орындарын сақтап, істі ары қарай қарқынды жалғастыру екенін атап өтті. «Әрине, карантин шектеулерімен ешкім үйінен шыға алмай, туризм саласына едәуір қиындықтар әкелгені белгілі. Енді жұмысты жандандырып, бар мүмкіндікті пайдалануымыз керек. Жамбыл облысының туризмде потенциалы мол. Өңірімізде 187 қонақүй, 7 шипажай бар», деді ол. Кеңеске қатысқан кәсіпкерлер әсіресе балалар туризмін ілгерілету керектігін айтты. Сондай-ақ, кездесуде «Көксай» этноауылының жобасы да таныстырылды. Алдағы уақыттарда Жуалы ауданындағы «Көксай» шатқалынан демалыс орыны ашылуы мүмкін. Демалыс орынын ашқалы отырған қожалық өкілі Нұрмұхаммед Исаков бүгінде қожалықтың жеке инвесторлық есебінен бұл жерге киіз үйлер орнатылғанын жеткізді. Оның айтуынша, бірқатар жұмыстар жүргізілген. «Карантин шектеулері алынған уақыттарда демалуға айына 2 500 адам келді. Егер жоба толығымен жүзеге асқан жағдайда 80-100 адамды жұмыспен қамтуға болады. Ол жерде 2 қонақүй мен спорт кешені және саяжайлар болады», дейді ол.

Жалпы, «Көксай» шатқалынан ашылатын демалыс орыны жылдың төрт мезгілінде де жұмыс істеуге дайын. Мұнда жаз айларында бассейндермен қатар, қыс мезгілінде шаңғы тебу және сырғанақ алаңы да болады. Келушілер үшін жаяу серуенмен қоса, атпен серуен жасау да ұйымдастырылады. Нұрмұхаммед Исаков өз сөзінде енді билік тарапынан 18 шақырым жолға асфальт төселіп, газ тартылып берсе деген ойын жеткізді. Оның бұл мәселесі назарға алынатын болды.