– Гүлмира Айымғазықызы, Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына орай Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылған «Абайдың ән әлемі» авторлық жобаңызды алғаш Тобыл-Торғай өңірінен бастап, кейін Ақтөбе, Талдықорған қалаларында жалғастырмақ жоспарыңыз бар еді. Әуелі осы сапарлар туралы егжей-тегжейлі баяндап берсеңіз.
– Алғашқы сұрақты Абай атамыздан бастағаныңыз үшін рахмет. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алаш жұрты ғана емес, адамзаттың Абайына айналған ұлы ойшыл, дана ақын, дарынды композитор Абай Құнанбайұлының 175 жылдығын ел болып атап өту туралы Жарлығы бәрімізді қуантқаны рас. Әрбіріміздің көкейімізде жүрген бұл мерейлі датаны мемлекет көлемінде тойлау – ақын шығармашылығына қайта үңіліп, музыкалық мұрасын насихаттай түсуге мүмкіндік берді. Мұндай мезетте өнер адамы ретінде осынау айтулы іс-шарадан тыс қалып қойғым келмеді. Сол себепті қасиетті қара домбырамды арқалап, Абайдың ән әлемін еліміздің әр өңіріне насихаттап-жеткізу мақсатында осы авторлық жобамды Мәдениет және спорт министрлігіне ұсынып, хат жолдадым. Бағдарламама Абайдың өз әндері мен ақын өлеңдеріне жазылған әндерді, шәкірттерінің туындыларын, сондай-ақ ақынға, оның туған өлкесіне арналған әндерімді енгіздім. Министрлік менің бұл жобамды бірден қолдап, облыстарға хат жолдады. Бірнеше өңірден жауап та алдым. Ұсынысыма алдымен құптап, үн қатқан Тобыл-Торғай өңіріне ризашылығым шексіз. Қостанай облысы әкімдігінің ұйымдастыруымен 14 ақпан күні өткен алғашқы кеште жоғарыда аталған бағдарлама бойынша жеке домбырамен «Сегізаяқ», «Ата-анаға көз қуаныш», «Татьянаның әні», «Қараңғы түнде тау қалғып» әндерін, шәкірттерінен Әсеттің «Інжу-маржанын», ақын өлеңдеріне жазылған «Өзгеге, көңілім, тоярсың» (Ә.Есбаев), «Өлсем, орным қара жер сыз болмай ма?» (Ж.Кәрменов) әндерін, сонымен қатар Қостанай облыстық филармониясы қазақ ұлттық аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен Абайдың «Желсіз түнде жарық айын» орындадым. Кеш барысында «Абайдың елі», «Абай жолы», «Абай салған әуелет сол бір әнді» атты өз әндерім де шырқалды. Халықтың қошеметіне бөленіп, шабыттанып қайттым. Өкініштісі, бұл жобамды барлық өңірге ұсына алмадым. Әлемді жайлаған індеттен сақтану мақсатында елімізде карантиндік шектеу енгізілгені мәлім.
– Жалпы, Абай әндері туралы не білеміз? Ақынның көп орындала бермейтін қандай әндері бар? Өнерде Абай дәстүрін жалғастырушылар бар ма?
– Қазақ ұлттық музыка өнеріне Абай атамыздың ән мұрасы жаңалық болып жетті. Өзінің ақындық тілін музыкасымен көркемдеп, ұлтына өлмес мұра ұсынды. Абай әндерінің зерттелуіне үлкен үлес қосқан Ахмет Жұбанов еді. Композитор өз зерттеулерінде ән табиғатына айрықша мән беріп, Абай әндері өзінің табиғаты мен рухы жағынан ұлттық сипатқа ие екенін, қай жағынан да халқымыздың байырғы музыкалық дәстүріне сай болып келетінін айтады. Оның музыкалық мұрасынан әлемдік өркениеттің өшпес іздерін төл дәстүрмен шебер үйлестіріп, әлемдік құндылыққа айналдыра алған асқақ мұратты айқын аңғарамыз. Осылайша, Абай өзінің шығармашылық жолында халықтық ән өнерінің байырғы дәстүрін дамытумен қатар, оны мүлтіксіз жалғастырушы һәм насихаттаушы қызметін атқарды. Ел ішіне кеңінен таралған «Сегізаяқ», «Желсіз түнде жарық ай», «Айттым сәлем, Қаламқас» әндері соған дәлел. Абайдың одан бөлек көп орындала бермейтін «Бойы бұлғаң», «Сұр бұлт тұман дым бүркіп», «Қараңғы түнде тау қалғып», «Ата-анаға көз-қуаныш» сияқты т.б. тамаша әндері бар. Мысалы, бүгінде көбіне бір нұсқасы ғана орындалып жүрген «Сегізаяқтың» одан да басқа бірнеше түрі бар екенін өнер адамдары білгенімен, қарапайым халыққа кеңінен мәлім деп айта алмаймыз. Сондай-ақ кейінгі кезде ұлттық ән өнерін насихаттап жүрген біраз әншілер «Өлсем, орным, қара жер сыз болмай ма?», «Өзгеге, көңілім, тоярсың» сияқты туындыларын Абайдың өзі жазған әуенде орындап жүр. Ақынның мұндай есті әндерге толы музыкалық мұрасы алдағы уақытта да үздіксіз насихаттала беруге тиіс.
Жалпы, Абай әндерінің көпшілігі ақынның немерелері Әрхам Ысқақовтың, Мәкен Мұхамеджанованың айтуымен, сонымен бірге Әміре Қашаубаев, Жүсіпбек Елебеков, кейіннен Мәдениет Ешекеев, Жәнібек Кәрменов сияқты белгілі әншілердің орындауымен бүгінге жетті. Қазіргі дәстүрлі ән өнерінің туын ұстап жүрген өнерпаздардың дені Абай дәстүрін жалғастырушылар десек те болады. Ақын елінде өнердің туын жықпай жүрген Бақыт Шағатаева, Тамара Көзбаева сияқты апаларымыз бен Қайрат Қабышевтай замандасымыз Қарауылдың төрінде Абай әндерін шырқап, күллі қазаққа үлгі болуда. Бұл жолда сол өңірдегі 40 жылдық тарихы бар «Қаламқас» ән-би ансамблінің де сіңірген еңбегі өлшеусіз зор.
– Арман-мұраты ақиқатқа айналып, өнерге қол жеткізген жандар өте сирек. Сіздің өнер жолын таңдауыңызға не себеп болды?
– Өнер жолына түсуіме себеп болған нәрсе – туған жерімнің киесі, кіндік қаным тамған өлкемнің қасиеті, туып-өскен ортам. Алаштың ардақтылары Абай, Шәкәрім, Мұхтарлар дүниеге келген өңірде туып өнерді сүймеу мүмкін бе? Мұнымен қоса, отбасымдағы адамдардың бәрі солай. Анам халық әндерін тамылжыта шырқағанда, Илья Жақановша айтқанда, «әлсіз жүрекке ойда жоқта ып-ыстық қан толып, алпыс екі тамыр иіп сала беретін-ді». Әкемнің домбырамен емінте, еміренте, үздіктіре салған әні тұла бойыңды сәулелендіріп, ұмсынған көңілдің тәтті аңсауы шуақты сезімге ұласатын. Алдыңғы буын аға-апаларымның бәрі шетінен өнерге өте жақын жандар еді. Әулетіміздің тұңғышы, марқұм Гүлнәр апам жас күнінде керемет ән салатын, актерлік қабілеті мықты болатын. Өзімнің өнердегі ұстаз ағам Ербол Сариннің есімі бүгінде республика жұртшылығына етене таныс. Оқып жүргенде ауылға демалысқа келген сайын бір жаңа ән үйретіп кететін. Соның бәрін бір айтқанда-ақ лезде құлағыма құйып ала қоятынмын. Үйдегі осы тәрбие маған қатты әсер етті. Өнер жолын қуу бала күннен арманыма айналды. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» демекші, отбасымдағы тәлім-тәрбиенің арқасында өнердің даңғыл жолына түстім.
– Өзіңіз орындайтын халық әндерімен қоса, ұлттық аспаптармен әспеттеліп, халықтық мақаммен шырқалатын «Нені аңсаймын», (М.Мақатаев, Т.Рахимов), «Жарқ-жұрқ еткен дүние» (Н.Айтұлы, Е.Үсенов) сияқты әндер санаңды дүр сілкіндіреді. Жұртшылық сүйіп тыңдайтын мұндай әндерді қалай таңдайсыз?
– Аллаға шүкір, халық әндерінің өзі түпсіз терең мұхит сияқты мол қазына ғой. Одан қала берді халық композиторларының, Қазақстан композиторларының әндері жетерлік. Тіпті кейінгі кезде дарынымен танылып жүрген қаншама композитор бар, олардың да тамаша туындылары жоқ емес. Өзінің ішкі үніне құлақ түре білген, жан дүниесі мұнтаздай мөлдір, көкірек көзі ояу жанның жасықтан жақұтты ажырата алмауы мүмкін емес. Мән берсек, қазір әні әуезді, мағынасы терең сұлу әндер көл-көсір. Бұл ретте әнші сөз бен саздың арасын жалғастырып тұратын рухани көпір іспетті. Оған ақын өлеңін түйсікпен ұғынумен бірге әуенді әуезбен әдіптеп, сөз бен саздың ырғағына қатар ілесе аларлық «су төкпес жорға мінез» тән болуға тиіс. Осы жағынан өзімді айы оңынан туған әншінің қатарына қосамын. Себебі мен қай әнді таңдасам да, әуен мен сөздің үйлесіміне қатты мән беремін. Меніңше, ән кітап сияқты, парақтай бастағаннан пайым-парқы білініп тұратын дүние. Ал әншінің еңбегі тереңнен маржан сүзгендей тынымсыз мол ізденіс десек, тыңдаушы – өнер иесін сахна мәдениетінің өлшемдi-мөлшерлi эстетикасы шеңберiнен шығармай ұстап, әннің жасампаздық рухына, тәрбиелiк миссиясына ерекше мән беретiн әділ де жақын сыншың. Халықтық өлшем-пішімнен өзін жоғары қоятын адам ұтылады. Ол үшін әншіге қойылар талап композитор мен ақынға артылатын жүктен де едәуір салмақты. Себебі бәрі орындаушының жеткізуіне байланысты. Ақын мен композитор ойының астар-айшығын түйсіне де, түсіне білу, бағалау сезімпаз дүлдүл әншінің ғана қолынан келер қасиет болар, сірә. Осы тұрғыдан тұжырғанда, ән жеке-дара бір кісі иемденіп кете баратын жалғызілікті өнер емес, көптің маңдай тері қосыла төгілген, бірнеше адамның қатысуымен жұмыла атқарылатын шаруа. Өнер атаулының ішінде кісіні сұлулыққа құштарландырумен қатар, отансүйгіштік, елдік руқ ұмтылдыратын ұлттық тәрбиенің қайнар көзі де – осы әнде.
Қазақ даласында әу демейтін қазақ болмаған. Сан ғасыр бұрынғы саздың, күй мен дала сарынының бүгінге үзілмей, сарқылмай жетуі қазақтың ұлттық жадының мықтылығынан деуіміз содан... Ән мақаммен, яғни сазбен, екіншіден, мәтінімен, үшінші орындаушысы арқылы тарайды десек, кез келген әннің өзіне тән лирикалық мақамы, поэтикалық ұстыны, мәтін-мәні орындаушының шеберлігіне тұмсық тіреп жатады. Мен бұл ойымды үнемі қайталаудан жалықпаймын. Туған жерге деген сағыныш пен әдемілікке құштарлық, ішкі сезімім мені осындай ақ қанат әсем әндерге ғашық етті. Осы уақытқа дейін көптеген әнді маған композиторлардың өздерінің ұсынуы шығармашылық ортада қалыптасқан сондай түсініктен болса керек. Олардың ішінен өз болмысыма жақын әндерді ғана таңдаймын. Репертуарымда елге деген сағыныш пен сүйіспеншіліктен туған әндер, табиғат әсемдігі мен тіршіліктің әсерлі сәттерін суреттейтін туындылар өте көп... Тағы да сағымдай бұлдырап балалық шақ еске түседі. Отбасылық басқосуларда әнші талғамы, ән табиғаты жөнінде өзара қызу пікірталас көп болатын. Орындаған әнімізді таласа талдап, өз ойымызбен бөлісетінбіз. Есті әндерге елітуім мені ерте есейтті. Жалпы, өмірде томаға-тұйық жанмын, бірақ есесіне әдемі әнмен бірге жан сырым жарқырап ашылады.
– Төлеген Айбергеновтің сөзіне жазылған «Сағыныш» атты әніңіз жүректі тебірентіп, жан-дүниеңді баурап әкетеді. Сол сияқты жұртшылық сүйіп тыңдайтын «Ата-ананың қадірі» (сөзі Қ.Сариндікі), «Фариза-ғұмыр», «Жүрек сөзі», «Ұлысым менің, тынысым менің», «Ән-Семей», «Абай салған әуелет сол бір әнді» (сөзі Ж.Ысқақтыкі), «Атамекен» (сөзі О.Тұржандыкі) сияқты т.б. әндеріңіз қалай туды? Бас-аяғы қанша ән жаздыңыз?
– Елуден асады-ау. Әлі де жазатыным көп деп ойлаймын. Әндерімнің біразы таспаға басылмаған күйінде. Кейде өзім ыңылдап іштей қайталап жүремін. Өзіңіз айтқан бірқатар ән ел ішіне таралып, оң бағасын алып та жатыр. Тіпті біразға дейін осы мәселеге онша көп мән бере қоймаппын. Мұным әуел баста жұртқа Арқа ән мектебінің түлегі әрі ұстаз, халық әндерін орындаушы ретінде танылғандығымнан болса керек. Сәкен Сейфуллин атындағы пединститутта оқып жүргеннен-ақ әр әнге өзімше бір рең қосып, өңдеп, өз бояуымды қосып айтатын едім. Әлі де солай. Мұның өзі бойымдағы сазгерлік қабілеттен екенін кейін аңғардым. Сазгерлер ұсынған әндердің өзін әбден іріктеп-сұрыптап, талғамыма нұқсан тигізбейтінін, дауысыма сай келетіндерін ғана шырқайтынмын.
Жалпы, менің жаным поэзияға өте жақын. Ақындардың жыр шанағынан төгілген жібек әуенмен сырласқан сайын алапат бір сезім буырқанып, теңіздей толқи жөнелесің. Осы сәт ғайыптан құлағыңа өздігінен әсем бір әуен құйылады. Жүрегімнен туған сондай әсерлі әннің бірі – «Шығысым, шұрайлы елім». Елге деген сағыныштан туған әннің мәтінін Қалқаман бауырыма жаздырдым. Осы әнмен додаға қатысып, жүлделі болдым. Ақын болмағанмен өлеңді жүрек сүзгісінен өткізе білемін. Көңілім құлазыған шақта өлең оқып, қуат жиямын. Ән үнемі сондай кезде туады, өлеңге арнап жазылған әнімнің көп болуы содан. Яғни рухани нәр алатын таусылмас шалқар бастауым – жыр-дария. Төлеген Айбергеновтің өлеңдерін бала кезімнен сүйіп оқимын.
Анамды ауылға арулап жерлеп келгеннен кейін немерелерінің бәрі «Әже, Әже» деп іздеп қалды. Тағдырдың жазғанына іштей мойынсұнғанмен, балалардың осыншама жәутеңдеп, әже мейірімін іздеп аласұруы көңілімді қатты қобалжытты. Бір күні Ақерке есімді қыздың фейсбук желісіне Төлеген Айбергеновтің «Сағынышын» суретімен қоса салып қойғанын көрдім. Бұрыннан сүйіп оқитын ақынымның өлеңіне қайта үңілдім. Мол қазына тауып алғандай әсерде болдым. Сондағы: «Бабалар бізді сағынған, жаным, арманның аңсап биігін, Әжелер бізді сағынған, жаным, талдырып асқар иығын» деген жолдар жұбаныш күйіндей жанымды ерекше толқытты. Дереу домбырамды қолыма алып, санама сәуле шашқан әуенді қайталай бердім. Жатсам да, тұрсам да осы әуен құлағымнан кетпей қойды. Әбден иіні қанып, икемге келгенше тынши қоймадым. Содан кейін бұл әнді Алматыдағы студияға барып жаздырып келдім. Бүгінде «Сағыныш» әнім әлеуметтік желіде, халық арасында кеңінен таралып, танымал әнге айналды.
Кейінгі бес-алты жылда авторлық ән қоржыным едәуір көбейді. Белгілі ақын қызымыз Жұлдызай Ысқақ мені бір күні өзі іздеп келіп, әндерімді құмарта тыңдайтынын айтты. Өзі Аягөздің тумасы екен. «Аягөз-ару» әнін орындап жүрген маған бұл кездесу ерекше әсер қалдырды. Сол сәттен бастап екеуміз әпкелі-сіңлідей араласамыз, шығармашылық тығыз байланыстамыз. Ақынның өлеңдеріне үңіле келе «Жақсы адамдар», «Жүрек сөзі», «Абай салған әуелет сол бір әнді», «Абай жолы» сияқты т.б. біраз жаңа ән дүниеге келді.
– Халық әндерін кейінгі жастар тыңдай бермейді деген пікірді құлағымыз шалып қалады. Бұл ұлттық өнерді жеткілікті дәрежеде насихаттай алмауымыздан орын алған жайт па, әлде жас ұрпақтың тәрбиесіне дұрыс көңіл бөлмеудің салдары ма?
– Жалпы, әлі күнге дейін бізде халық әні десе, тек жайлауда, киіз үйдің ішінде, тұрмыстық деңгейде ғана айтылады деген жайдақ түсінік санаға әбден сіңіп кеткен сияқты. Сол себепті мұндай әндер көбіне шағын аудиторияда ғана насихатталып жатады. Мұның өзі ұлттық өнерге қойылған шектеу. Негізінде төл дүние ұлттық бояуын сақтай отырып, қазіргі заман үлгісіне сай жаңғыртыла насихатталуы керек. Мезгілдің сан алуан сынын бастан кешіп, әр тұста түрліше құбылып, «етек-жеңі» күзеліп, бастапқы келбетінен ажыраса да бағзы бір әндер сұңғыла сезімді әншілердің ұйытқы болуымен түп тамыры үзілмей бүгінге дін аман жетіп отыр.
Соңғы жылдары ел аралағанда үкілі домбыраммен, ұлттық киіммен шығуды әдетке айналдырып жүрмін. Мұндағы ойым домбыра үнімен дала сарынын жеткізіп, ежелден келе жатқан төл мәдениетімізге жұрттың сүйіспеншілігін ояту, ұлттық құндылығымызды ұлықтау еді. Қуанатыным, сол сапарларда ұлттық өнерге жаны құштар жастарды көп көрдім. Баяғыда бабаларымыз жастарға өмірдің өткінші, байлықтың баянсыз, жалындаған жастықтың да жастығы қисайып, егделіктің ерте кіретінін әуен арқылы таратып, өсиет-өнегесін өнермен шегелеген екен. Біз сол дәстүрден қол үзіп қалдық. Қазіргі жастарды Батыстың даңғаза әндерін көп тыңдайды деп кінәлаймыз. Бұл тәрбиедегі жіберіп алған қателігімізден. Теңдесі жоқ рухани байлығымызды өзіне тән сүйкімді әуенімен, қайталанбас ұлттық ерекшеліктерімен, сан қилы бояуымен қазіргі қоғамның айнымас құндылығына айналдыру баршамыздың басты міндетіміз болуға тиіс. Мұндай кең көлемді жобаның бірі – Ұлттық домбыра күні. Сол сияқты мәдени-ағарту бағытындағы «Абай ТВ» телеарнасының ашылуы да қазақ қоғамы үшін үлкен үміт.
– Өнеріңізге бағыт-бағдар сілтеп, рухани демеп отыратын қамқор жандар бар ма? Қанша ән-альбомыңыз жарық көрді?
– Маған халықтың ықыласынан, қошеметінен басқа ештеңенің қажеті жоқ. Осы мақсатта әніме, өнеріме жылы лебіздерін білдіріп, рухани қолдау көрсетіп жүретін қамқор жандар өте көп. Қаржылық жағынан үйіп-төгіп уәде бермегенмен, моральдық тұрғыда тілектес жандардың жүрек жылуы, қолдауы сезіліп тұрады. Мен үшін ең үлкен рухани қолдау – халықтың дәстүрлі өнерге деген сүйіспеншілігі. Өзім жұмыс істейтін «Шабыттағы» шығармашыл ұжымыма, алдыңғы буын ағаларымнан Қайрат Байбосыновқа, өзімнің ұстазым Ербол Саринге әр кез алғысым шексіз.
Ал жеке шығармашылығыма келсек, алғашқы екі альбомым да демеушілердің көмегімен жарық көрді. Бұған эстрадалық және авторлық әндерім енгізілген болатын. Халық әні мен халық композиторларының әндерін жинақтап, бас-аяғын бүтіндеуіме демеушілік еткен жандар бар. Бірақ мен оны диск ретінде емес, жеке сайт ашып, заманауи талапқа сай тұрпатта насихаттап отырдым.
– Шынайы өнерге жұрт қашанда мұқтаж. Ол үшін қазір қазақ қоғамына қандай жобалар қажет деп санайсыз?
– Өнердің айдыны – сахнаны, ұлттың айнасы телеарналарды тазалау керек. Төл өнеріміз бен мәдениетіміздің інжу-маржанын ұлықтайтын жобалар көбірек ұсынылса, елдіктің туы нығая түсер еді. Тасада еленбей жатқан қаншама таланттар бар. Оларды тауып, мемлекет өз қамқорлығына алса деген арман бар. Осыдан бірнеше жыл бұрын ұлттық арнаға осындай бір тележоба ұсынып, хат жолдадым. Жауабын күтіп жүрмін.
– Жастарды дәстүрлі өнерге баулып жүрген ұстаз ретінде шәкірттеріңіздің бойында қандай қасиеттердің болғанын қалайсыз?
– Шәкірттерімнің бойынан ең алдымен тазалықты көргім келеді. Бұл тек мұнтаздай киініп, таза жүріп-тұру ғана емес, ол басқа мәселе. Орыстың әйгілі жазушысы Ф.Достоевский: «Адам бойындағы бағалауға лайық қасиет – ақыл емес. Қайта сол ақылды басқаратын қасиеттер: мінез, жүрек, мейірімділік, таза ой» деген екен. Менің айтайын дегенім, «жүріс-тұрысы, қимылы тым емін-еркін, ар-ұжданы таза, өнер жолында алуан-алуан ізденістерге батыл бара алатын, ақыл-ойы мен бойын ұлтты сүюге, ұлтқа адал қызмет етуге саналы түрде бағыттай білген, көзінде оты бар» шәкірт тәрбиелеп шығарғым келеді.
– Карантин тұсында министрліктің қолдауымен көптеген іс-шара онлайн сипатында өткізілгені мәлім. Әлеуметтік желіні өзіңіз қалай пайдаландыңыз? Алдағы уақытта тағы қандай жоспарларыңыз бар?
– Әлемді жайлаған індет біздің еліміз үшін де оңай соғып жатқан жоқ. Өнер адамының үйде қамалып жатқаны қандай жаман. Сахнаны сағынған сәтте қолыма домбырамды алып, әуелетіп ән саламын. Өнерсүйер қауыммен әлеуметтік желіде кездесіп, арагідік әндеріммен бөлісіп қоюға тура келеді. Себебі халықсыз өнер – тұл. Карантинде Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қолдауымен, академиялық филармонияның ұйымдастыруымен онлайн-концертім өтті. Басында ыңғайсыздау көрінгенмен, оған да үйрендік. Мына сынақтан аман-есен өтейік, алдағы жоспарыммен содан кейін тағы да бөлісе жатармын.
Әңгімелескен
Қарашаш ТОҚСАНБАЙ,
«Egemen Qazaqstan»