Қоғам • 25 Қыркүйек, 2020

Мәжіліс депутаты жұмыспен қамту орталықтарының былығын әшкереледі

659 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Мәжіліс депутаты Құдайберген Ержан жұмыспен қамту орталықтары жоғары көрсеткіштерге қандай жолмен қол жеткізетінін айтып берді, деп хабарлайды Egemen.kz

Мәжіліс депутаты жұмыспен қамту орталықтарының былығын әшкереледі

Депутат бүгінде жұмыс істеп тұрған 200-ге жуық жұмыспен қамту орталығының басты міндеті – жұмыссыздарды жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу екенін атап өтті. Бірақ мұндай орталықтар жоғары көрсеткіштерге қол жеткізу үшін түрлі заңбұзушылықтарға барып жатады.

"Мәселен, жұмыспен қамту орталықтарының қызметкерлері жұмыс берушілермен келіседі де орталық жолдамасымен қайтадан жұмысқа орналасты деп белгі қояды. Яғни еңбек нарығы ақпараттық жүйесіне өзгеріс енгізу олар үшін оңай. Ал шын мәнінде жаңа жұмыс орны ашылған жоқ. Бірақ іс жүзінде әлгі адам өз кәсіпорнында жұмысын жалғастырып жатдады. Осылайша жұмыспен қамту көбіне, формалды түрде өтеді", деді депутат Мәжілісте өткен үкімет сағатында.

Осыған байланысты Құдайберген Ержан жұмыспен қамту процестерін автоматтандыру қажеттігі туындағанын айтты.

Сондай-ақ Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов депутаттың сөзімен толық келісетінін білдірді.

"Мұндай проблема бары жасырын емес. Оны прокуратура тексеріп, айқындаған. Нысаналы көрсеткіштер үшін жалған жұмысқа орналастыру, бір мекемеден шығарып, оған қайта кіргізу жағдайлары тіркелді. Жұмыспен қамту орталығы адамды жұмысқа жіберердің алдында, ақпараттық жүйе оның алдыңғы жұмысын тексеріп алады. Сөйтіп ол адамға бір жерден жұмыстан шығып, оған қайтып баруына ақпараттық жүйе жол бермейді", дейді Б.Нұрымбетов.