Руханият • 25 Қыркүйек, 2020

Шығыста жазушы мүсіні тұғырға қонды

980 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Жазушы, публицист Дидахмет Әшімханұлының туғанына 70 жыл толуына орай Алтайдың төрінде ескерткіш орнатылды, деп хабарлайды Egemen.kz

Шығыста жазушы мүсіні тұғырға қонды

Жазушының ұлы Дәулет Әшімханның мұрындық болуымен басталған игі іске Катонқарағай ауданының бірқатар кәсіпкері қолдау көрсеткен.

– Ертеңгі ұрпақ біліп жүрсін деген ниетте туған жеріне әкемнің мүсінін қоюды жөн көрдім. Сөйтіп Әлібек Асқаров ағамызбен ақылдаса келе іске кірістік. Қолдау көрсеткен жерлес ағайындарға рақмет, – дейді жазушының ұлы Дәулет Дидахметұлы.

Жазушы әрі суретші Әлібек Асқаров мүсіннің жасалуына идея қосып, басы-қасында жүрген. Ал мүсіннің авторы Ринат Әбенов алты ай ішінде қаламгердің кескін-келбетін айнытпай келтірген екен. Тұғырына жазушының аты-жөнімен қатар, өмірлік ұраны болып кеткен авторлық өлең жолдары да қашалыпты:

Өмірді сүйген, адамды сүйген жүрекпен,

Қаламмен мынау қағазға талай гүл еккем.

Қазақтың жанын қазақтың қара сөзімен,

Бозала таңнан "Талтүске" дейін жыр еткем.

Иә, Дидахмет Әшімхан қазақтың жоғын жоқтаған жазушы. "Сары самауыр", "Жер аңсаған сарыатан", "Тасқала", "Жынды жел" сынды шығармалары ұлт мүддесі үшін жазылған еді.