Аймақтар • 26 Қыркүйек, 2020

Батыс Қазақстанда қос ақынның тойы өтіп жатыр

621 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысында қазақ поэзиясының көрнекті өкілдері Жұбан Молдағалиевтың 100 жылдығы мен Қадыр Мырза Әлінің 85 жылдығына орай мерейтойлық шаралар шеруі өтіп жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz.

Батыс Қазақстанда қос ақынның тойы өтіп жатыр

Суретті түсірген Нұрбек Ихсан

Белгілі ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, КСРО және Қазақ ССР мемлекеттік сыйлықтарының иегері Жұбан Молдағалиевтың ғасырлық тойы оның туған жері – Ақжайық ауданы Сайқұдық ауылында, Жұбан Молдағалиев атындағы орта мектептің тарихи- өлкетану мұражайында басталды. Шараға Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, әйгілі композитор, өнер зерттеушісі, Ақжайық ауданының «Құрметті азаматы» Ілия Жақанов арнайы қатысты. Осыдан бес жыл бұрын, ақынның 95 жылдығы қарсаңында мұнда Жұбан сыныбы ашылған болатын. Бүгінде мектепте тарихи-өлкетану мұражайы жасақталған. Мәртебелі меймандарды қарсы алған ақын өлеңдерімен қарсы алған 11 сынып оқушысы Мұхитов Жанайдар музейдің «Туған ауылым – тұнған шежірем» бөлімін таныстырып шықты.

Бұл күні Қурайлысай ауылындағы Талап мектеп-бөбекжай кешенінде де Жұбан сыныбын ашылды. Осы ауылда халықтың өз қаржысына тұрғызылған ақын ескерткішіне арнайы барып, гүл шоғын қойған меймандар аудан орталығына беттеді. Шараның басты қонағы, ақынның жары, тоқсанның төріндегі Софья Мәлікқызы ұл-қыздарымен, Қазақстан Жазушылар Одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет осы шараға арнайы Алматыдан келген еді. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері, Қазақстан Жазушылар Одағы Батыс Қазақстан облысы бөлімшесінің төрағасы Ақұштап Бақтыгереева, Батыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Мұхтар Манкеев және басқалары бастаған қонақтар аудан орталығындағы ақынның зәулім ескерткішіне тәу етті. Осы жерде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында меценаттар мен ел азаматтарының қаржыландыруымен салынған «Жұбан» орталығының ашылу салтанаты болды.

1

Бұл орталықта ақынға арналған мұражай, ақынның кітапханасы және аудан орталығындағы барлық мәдени-рухани шаралар өтетін арнайы зал орналасқан. Мұнда Жұбан ақынға қатысты жәдігерлер, тұтынған заттар, ақынның жеке кітапханасынан алынған кітаптар және ақынның туынды кітаптары да осы жерге жинақталған. Осы жерде қонақтардың қатысуымен «Жұбан Молдағалиев» атты естелік кітабының таныстырылымы өтті.

Дәл осындай мерейтойлық шаралар шоғыры Қадыр мырза Әлінің туған жері Сырым ауданында да өтті. Ақынның жары Салтанат Мырзалиева бастаған қонақтар аудан орталығындағы ақын ескерткішіне тағзым етіп, Қадыр Мырза Әлі атындағы мектепке соғып, ақын мұражайын аралады. Осы күні Жымпиты селосында ақынның анасы Мағраш тұрған үйге ескерткіш тақта орнатылды. Тақтада «Бұл үйде 1978-1980 жылдары аралығында ақын, Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының иегері Қадыр Мырза Әлі тоқтаған» деп жазылған.

2

Кеше Орал қаласында қос ақынның мерейтойына орай республикалық ақындар айтысы басталған болатын. Еліміздің әр аймағынан келген 16 ақын 8 жұп құрап, сөз майданына шықты. Оған айтыстың байырғы төрешісі, ақын Жүрсін Ерман бастаған қазылар алқасы төрелік етуде. Пандемия шектеуіне байланысты көрерменсіз өтіп жатқан айтыстың нәтижесі бүгін кешке белгілі болады.

Сонымен бірге бүгін Орал қаласында Жұбан Молдағалиевке арналған ескерткіш ашылмақ. «Жұбан жырлары – ғасыр үні» атты республикалық ғылыми конференция онлайн форматта өтеді. Сондай-ақ, Хадиша Бөкеева атындағы Батыс Қазақстан облыстық драма театрында өтетін «Жұбан» қойылымының премьерасы «Aqjaiyq» телеарнасында тікелей эфирден көрсетілетін болады.

 

 

Батыс Қазақстан облысы