Елорда • 26 Қыркүйек, 2020

Елордадағы ШҚО мен Ақмола облыстарының жәрмеңкесі жексенбі күні жалғасады

478 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елордада Ақмола облысы ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтіп жатыр. Сенбі-жексенбідегі жәрмеңкеге аталған өңірдің 2 қаласы мен 17 ауданынан жүзден астам тауар өндіруші келді, деп хабарлайды Egemen.kz қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Елордадағы ШҚО мен Ақмола облыстарының жәрмеңкесі жексенбі күні жалғасады

Нұр-Сұлтан қаласындағы «Хан Шатыр» СО алаңында ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтіп жатыр. Шығыс Қазақстан және Ақмола облыстары елордаға 735 тонна өнім әкелді.

«Жалпы құны 225 млн теңгеге 300 тонна болатын ауыл шаруашылығы өнімдерін әкелдік. Оның ішінде 150 тонна картоп, 45 тонна жылқының еті, Қазақстанда ғана емес, алыс-жақын елдерге танымал балымыздың 45 тоннасы, сол сияқты шемішкенің майы да бар. Ал тауық етін құс тұмауына байланысты биыл әкеле алмадық. Облысымыз сулы-нулы болғандықтан балықтың да түр-түрін де ұмыт қалдырмадық», – дейді ШҚО әкімінің орынбасары Ержан Нұрбаев.

Л

Әкім орынбасары барлық тауарлардың сертификаттары мен ветеринарлық анықтамалары секілді құжаттары дұрыс екенін де атап өтті.

Шығыс Қазақстан облысы Аягөз ауданы Шұбартау ауылынан келген Әдемігүл Әділжанова жылқы етін сатады. Оның айтуынша, бір жарым сағат ішінде өнімнің көп бөлігі сатылып кеткен.

«Малды өзіміз сойып, өзіміз мүшелеп бөлеміз. Экологиялық таза, далада жайылған мал екеніне кепілдік беремін. Етіміз делдалдарға өтіп кетпей, өзіміз сатуға мүмкіндік беріп отырған облыс басшылығына алғысым шексіз», – дейді сатушы Әдемі Әділжанова.

Өз өнімдерін жәрмеңкеге алып келген Ақмола облысы да тауарларының сапалығына айрықша мән береді. Бұл өңірден 435 тонна өнім жеткізілді.

«Бүгін елордаға шамамен 150 тонна көкөніс, 75 тонна ет және ет өнімдері, 35 тонна сүт өнімдері, 3,5 тонна балық, 40 тоннадан астам ұн алып келдік. Мұнда біз облысымыздың брендіне айналған, елімізде ғана емес шетелде де танымал тауарларымызды жеткіздік. Нақтырақ айтсам, «Гормолзавод», «Нәтиже», «Астана өнім», «Айбат» секілді компаниялар бар. Ең бастысы, бәрі экологиялық таза әрі нарықтағы бағадан 10-15 пайыз арзан», – дейді Ақмола облысы әкімінің орынбасары Ғалымжан Әбдіхалықов.

Мәселен, 1 литр сүтті жәрмеңкеден – 200 теңгеге, картоптың 1 килосын небәрі – 80 теңге алуға болады. Ал жылқының еті мұнда – 1800 теңгеден басталады.