Аймақтар • 27 Қыркүйек, 2020

Атырауда жазатайым оқиғадан 5 жұмысшы көз жұмды

1519 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Еңбек заңдылығын бұзу тиылар емес. Мұны жыл басынан бері азаматтардың Атырау облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасына 762 шағым түсіруінен байқауға болады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Атырауда жазатайым оқиғадан 5 жұмысшы көз жұмды

Басқарма мамандары 726 шағымды тексеріп, 313 азаматтың еңбек құқығын қорғады.

"Еңбек инспекторларының жұмыс берушілермен ынтымақтаса әрекет етуінің нәтижесінде 27 жұмысшының 3,2 млн теңге жалақысы өндіріліп, жұмыскерлермен еңбек шарттары жасақталды. Ал, шағымдар негізінде, сондай-ақ, жоспарлы түрде 80 тексеру жүргізілді. Соның нәтижесінде еңбек заңнамасын бұзудың 135 дерегі анықталды. Аталған заңсыздықтарды жою үшін 67 ұйғарым енгізіліп, 39 әкімшілік хаттама толтырылды. Заң талабын бұзушыларға 14,2 млн теңге айыппұл салынды. Айыппұлдың 4,9 млн теңге өндірілді", деді облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Игілік Әубәкіров.

Оның мәлім етуінше, өндірісте жұмысты дұрыс ұйымдастыруға мән берілмейді. Тіпті жарамсыз көліктер мен қондырғылар пайдаланылып, қауіпсіздік ережелері сақталмайды. Мұның бәрі жазатайым оқиғалардың орын алуына себеп отыр.

"Жыл басынан бері осындай жағдайлардың салдарынан 5 жұмысшы қаза болды. Ал, 7 жұмысшы ауыр дене жарақатын алды. Осы дерекке қатысты арнайы тергеу құжаттары құқық қорғау органдарына жолданды. Демалыс күндері істелген жұмыс үшін еңбекақыны төлемейтін бірнеше мекеме анықталды", деді Игілік Әубәкіров.