Аймақтар • 27 Қыркүйек, 2020

Қаруы бар 2 215 азаматтың сақтығы тексерілді

139 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Солтүстік Қазақстан облысында үшкүндік «Қару» операциясының барысында мылтық ұстайтын 2 215 адам тексеріліп, олардың ішінен қаруы талапқа сай қауіпсіз жерде ұсталмаған 72 қару алынды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қаруы бар 2 215 азаматтың сақтығы тексерілді

Бұл туралы СҚО ПД Әкімшілік полициясының азаматтық және қызметтік қару айналысын бақылайтын тобының аға инспекторы, Полиция майоры Құрман Мусин хабарлады.  Үш күндік шара өткізуге барлығы 800 полиция қызметкері тартылған. Олар барлық тексерілген 2215 адамның ішінен 79 адамды жауапкершілікке тартқан. Соның ішінде 48 қаруды талапқа сай ұстамағаны үшін және 31 қайта тіркеу мерзімін өткізіп алғаны үшін жауапқа тартқан. Сонымен қатар, жоғарыда айтқанымыздай, 72 қаруды тәркілеген.

Шал ақын аудандық полиция қызметкерлері осы ауданның Кривощеково селасында тұратын бір тұрғынынан заңсыз сақталған мылтық алды. Азамат оны тауып алдым дегенімен 200 АЕК көлемінде айыппұл салынатын хаттама толтырылды және қару тәркіленді.

Әкімшілік полициясының азаматтық және қызметтік қару айналысын бақылайтын тобының қызметкерлері азаматтарды қару тауып алған болса «102» телефонына хабарласу керектігін ескертті. Тіпті тауып алмай, өлген туысқандарынан қалған тіркелмеген қару болса да полицияға хабарласу керек. Қаруды өз еркімен тапсыру адамдарды әкімшілік жауапкершіліктен құтқарады.

 

Солтүстік Қазақстан облысы