Экономика • 28 Қыркүйек, 2020

Ақылы жолдағы ақылды жүйе

326 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бұдан былай елімізде іске қосылатын ақылы жолдарға шлагбаум қойылмайды. Төлем қабылдау пункттері де орнатылмайды. Жұмыстың бәрін ақылды жүйе өздігінен реттемек.

Ақылы жолдағы ақылды жүйе

«QazAvtoJol» ұлттық компаниясы» АҚ Ақы­лы автомобиль жолдары дирекциясы фи­лиалының директоры Марат Сүлей­ме­новтің айтуынша, ақылы жолдардың жаңа учас­келерінде төлем қабылдаудың жаңа жүйесі енгізілмек.

– Көліктер өтетін қақпаға арнайы камералар орнатылады. Ол көліктің бір аймақтан екіншісіне өткенін тіркейді. Қажетті сома жүргізушінің жеке шотынан автоматты түр­де ұсталынады. Сондай-ақ автокөліктің мем­лекеттік нөмірі арқылы төлем жүргізу әдісі де сақталмақ. Бұдан бөлек RFID белгілері арқылы төлем қабылдау жоспарланып отыр, – деді М.Сүлейменов.

Белгілі болғандай, жеке шотты онлайн толтыруға болады. Терминал мен ұялы телефон, интернет-банкинг арқылы да ақша аудару мүмкіндігі қарастырылған.

Қазір Қазақстанда жалпы ұзындығы 682 шақырым болатын 4 ақылы жол учаскесі бар. Атап айтқанда Нұр-Сұлтан – Щучинск (ұзындығы 211 шақырым), Нұр-Сұлтан – Теміртау (134 шақырым), Алматы – Қапшағай (42 шақырым) және Алматы – Қорғас (295 шақырым) учаскелері жұмыс істеп тұр.

Бұған дейін хабарланғандай, 2020 жылдың соңына дейін тағы бірнеше учаске ақылы жұмыс істеуге көшеді. Атап айтқанда ақылы жолдардың қатарына Шымкент – Ташкент, Қапшағай – Талдықорған, Нұр-Сұлтан – Павлодар, Ақтөбе – Орал, Орал – Тасқала секілді бағыттар қосылады деп күтілуде.

– 2024 жылға қарай 11 мың шақырым жолды ақылы ету жоспарланып отыр. Қазір 32 жол учаскесінде тиісті жұмыстар жүргізілуде. Жұмыстар аяқталысымен учаскелер кезең-кезеңімен іске қосылады. Ақылы жүйені енгізу инвесторлардың қаражаты есебінен төленеді, – деді М.Сүлейменов.

Оның айтуынша, тиісті жұмыстар жүргі­зіліп жатқан ақылы учаскелерді ашпас бұрын қоғамдық тыңдау өткізіледі. Жергілікті халық арасында ақпараттық-насихат жұмыстары жүргізіледі. Егжей-тегжейлі зерттеу жасалған соң, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі төлем мөлшері мен жеңілдіктерді бекітеді. Сондай-ақ автокөліктің қандай түріне тегін жүру иә жүрмеу құқығы берілетінін де осы ведомство анықтайды.

– Өткізу пунктінде кептеліс орын алмас үшін алдын ала төлем жасау жүйесі енгізілген. Сондай-ақ жеңіл автокөліктер үшін арнайы жеңілдіктер қарастырылған. Мәселен, алдын ала төлем жасаған жағдайда төлемақы екі есе арзан болады. Бұдан бөлек ақылы автожолдың маңайындағы елді мекендерде тіркелген ав­токөлік иелері үшін бір жылдық абонемент қарастырылған. Оның құны – 1 мың теңге. Тұ­рақты түрде жолаушылар тасымалдайтын автобустар төлемнен босатылған. Қазір тиісті заңдарға түзету енгізу пысықталуда. Онда соғыс ардагерлерін, мүмкіндігі шектеулі жандарды және оларға теңестірілген адамдарды ақы төлеуден босататын арнайы норма бар, – деді «QazAvtoJol» ұлттық компаниясының өкілі.

Еске сала кетейік, жолда ақы төлеуден жалтарғандар әкімшілік жазаға тартылады. Дәлірек айтсақ, тиісті норманы елемеген жеке тұлғалар 5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, ал заңды тұлғалар 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл арқалайды.

Ақылы жолдарды енгізудегі негізгі мақсат – қолайлы әрі қауіпсіз жол қозғалысымен қамтамасыз ету, сондай-ақ бюджетке түсетін жүктемені азайту. Бұл ретте ақылы учаскелер өзін-өзі ақтап отыр десе де болғандай.

Ресми мәліметке сүйенсек, 2019 жылдың қорытындысы бойынша қолданыстағы төрт ақылы жол учаскесінен 5 млрд 380 млн теңге жиналған. Тарқатып айтсақ, Нұр-Сұл­тан – Темір­тау бағытынан 1,7 млрд теңге, Нұр-Сұл­тан – Щучинск бағытынан 1, 700 млн тең­ге, Алматы – Қорғас бағытынан 988 млн теңге, Алматы – Қапшағай бағытынан 972 млн теңге түскен. Өткен жылы аталған учаскелер арқылы 10,5 млн автокөлік жүріп өткен.

– Заңға сәйкес, жиналған қаржының бәрі ақылы жолдарды жөндеуге, күтіп ұстауға, қыз­метін ұйымдастыруға, қажетті техникаларды сатып алуға жұмсалады. Қыста қардан тазалау керек. Қар тоқтататын бағандар орнатыла­ды. Көктемде су өтетін құбырларды реттеу қа­­жет. Жол белгілерін ауыстыру, жаңадан қою секілді жұмыстар бар. Түскен қаржы тек осы мақ­саттарға ғана жұмсалады, – деді М.Сүлейменов.

Компания өкілінің айтуынша, ақылы жол­дар­дың бойында аталған жұмыстарды рет­тейтін 8 орталық салынған. Жолдарды күтіп ұстауға арналған 89 техника бар. Олардың барлығы дерлік биылғы қыс маусымына сақа­дай-сай.

– 30 қыркүйекке дейін 8 орталықты қа­жетті отынмен, көмірмен, газбен, жанар-жа­ға­р­маймен қамту жоспарланған. Жолдағы қат­қан мұзды ерітетін тұз сатып алынды. Былтыр қыстағы тайғақты жою үшін натрий және кальций хлоридінің негізінде алынған химиялық қоспалар сынақтан өткізілген еді. Реагент тиімділігін дәлелдеді. Биыл дәл осындай реагенттің 50 тоннасын жеткізу жүктелді. Қазір қорда 29 тоннасы бар, – деді ол.