«Біз балаларымыздың қазақ тілін үйреніп, білуіне қарсы емеспіз. Бірақ олар балабақшада мемлекеттік тілде сабақ оқу түгілі, ауызекі сөйлесу деңгейін де меңгерген жоқ. Балаларымыз қазақ сыныбына барса, үй тапсырмаларын орындауға біз де көмектесе алмаймыз. Сондықтан онсыз да аралас мектепте бір орыс сыныбы ашылғанын қалаймыз. Әйтпесе бір емес, бірнеше отбасы балаларының ресми тілде білім алуы үшін аудан орталығындағы үйін, жұмысын тастап, қоныс аударуға мәжбүр болмақ», дейді Кристина Бабакова бастаған ата-аналар.
Былтыр аудан әкімдігі келер жылы орыс тілінде даярлық сыныбы болмайды дегендіктен Кристина Бабакова 5 жасар қызын 1-сыныпқа берген. Келесі жылы ұлы 1-сыныпқа барады. Сондықтан бұл мәселеге қатты алаңдайтынын айтқан.
«Мен де ата-аналарды қолдаймын. Бірден орыс сыныбын жауып тастағаны дұрыс болмады. Мемлекеттік қызметкерлер тарапынан қателіктер кетті. Қалай оқысаңдар, солай оқыңдар дегені ме? Аудан әкімдігі ата-аналармен кездесіп, сөйлесуі керек еді. Уақытша 1-сыныпқа баратын бір орыс сыныбын қалдырғаны жөн. Ешкім мемлекеттік тілді үйренуге, оқуға қарсы емес. Орыс сыныбына балаларын әкелген қазақтар да бар, балабақшаға барған балалары мүлдем қазақша білмейді», дейді мектеп мұғалімі Таисия Наумова.
Әрине, үндеуден кейінгі жайт белгілі. «Баянауылдағы орыстардың балаларын оқытпай, құқықтарын неге шектейсіздер?» деп жергілікті прокурорлар, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің өкілдері аудан әкімдігін, оқу бөлімін тексеріп, түсініктемелер ала бастады.
Көшем деген жұрт көше берсін. Бірақ орыс сыныптарының қатары жыл сайын қазақ балаларының санымен көбейіп келе жатқанын неге ойламаймыз? Бізді алаңдатарлық мәселе – осы. Мәселенің мәнісіне келсек, қарапайым ауызекі тілде «қазақтар тұратын аудан» делінетін Баянауылда қазір өзге ұлт өкілдері бар, бірақ өте аз қалды. Жыл сайын мектепке келетін оқушы саны да азая бастады. Бұған дейін де Баянауылда «орыс сыныптары жабылмасын» деген у-шу жиі шығатын. Орыс сыныптары жабылмасын деп жүрген жалғыз орыс емес, оның ішінде баласын орыс мектебіне оқытқысы келетін баянауылдық қазақ отбасылары да бар.
Аудан орталығында, ауданға қарасты Майқайың кентінде де орыс тілінде білім беретін аралас мектептер, сыныптар бұрыннан бері бар. Кеңес өкіметі кезінде ауданда қаратаяқ белсенді басшы болғандардың, «интеллигенция» дейтін өз қазағымыздың ұл-қыздары түгел орысша оқыды.
«Ал нақты мәселеге келсек, №2 аралас мектептің бастауыш орыс сыныптарында мұғалім жетіспейді. Мысалы, 2, 4-сыныптарға екі мұғалім сабақ береді. Соңғы 4 жылда бастауыш орыс сыныптарына сабақ беретін мұғалімдерге білім бөлімі тарапынан сұраныс жасалғанымен, ауданға жас мамандар келген жоқ. Орыс сыныбында сабақ беретін бастауыш сынып мұғалімдері болмағандықтан, №2 мектепте биыл орысша оқытатын 1-сыныпты ашуға мүмкіндік болмады», дейді аудандық оқу бөлімі басшысының міндетін атқарушы Нұрлан Сейітов.
Ақырында «неге орыс сыныбын ашпадыңдар?» деген мәселеден соң сансыз түсініктемелер жазылып, аудандық оқу бөлімі басшысының міндетін атқарушы Нұрлан Сейітов және тағы бірнеше басшы қатаң сөгіс алды. Бұған дейін ауданның бұрынғы әкімі Оразкелді Қайыргелдінов ата-аналармен кездескенде оқушылар санының аздығына орай 2020-2021 жылы оқу жылында орыс сыныбы ашылмайтынын хабардар еткен-ді. Яғни бар мәселе – бюджет қаражатын тиімді пайдалану. «Біз осы жерден көшеміз» деп аттандап жүргендердің бәріне бірдей 3-4 оқушыдан құрап, сынып аша берудің дұрыс емес екені ескертілді.
Нұрлан Сейітовтің өзі ауданға «Оңтүстіктен – солтүстікке» бағдарламасымен қоныс аударған мұғалім. Ол жергілікті жермен, тіпті мектептермен де әлі танысып үлгермеген де болуы мүмкін. Жаңа басшы бұған дейінгі жергілікті әкімдерден, оқу бөлімдерінің басшыларынан қалған, жасырып-жауып, нақты шешімін таппай келе жатқан аралас мектеп мәселесіне тап болды.
Бізге жолыққан оңтүстіктен көшіп келгендер де Баянауылдағы этностық мәселені естіп, біртүрлі алаңдап қалғандай. Қазақ елінде тұрып мемлекеттік тілдің мәртебесін сыйламау – өзге ұлт өкілдеріне де, ұл-қыздарын қазақша оқытқысы келмейтін әрбір қазаққа да ой салуы керек. «Өз-өзіңді жаттай сыйла, жат жанынан түңілер» деген. Қазақ ойланса, қазақ оянса, өзгелер тілімізді, мектебімізді жатсынбас еді.
Енді қараңыз, бейнеүндеуден соң облыс әкімдігі «орысша оқытатын 1-сыныпты ашыңдар» деді. Ашылды. Ал сыныпта қазір Әлихан Абдулдаев, Азат Ақылбеков, Ерсұлтан Байділдә, Алан Маненов деген 4 қазақтың баласы, Валерия Шлыкова, Рамиль Макаров, Расул Пайымов деген 3 өзге ұлт өкілдерінің баласы, жалпы 7 оқушы оқып жатыр. Мұғалім болмаған соң Лунара Маратқызы сынып жетекшісі болып, басқа мектептен жіберіліпті. Ол гуманитарлық-техникалық коллеждің бастауыш білім беру бөлімін қазақша бітірген. Заң жүзінде бала қараумен үйде демалыста отырған бастауыш сынып мұғалімі Таисия Наумова шақырылған.
Биыл мектептің 11-сыныбында бір ғана оқушы қалыпты. Тамыз айында Екатерина Тамилцеваның ата-анасынан мектеп директоры Шынар Мұрсалованың атына «қызымызды қазақ 11-сыныбына ауыстыруыңызды сұраймыз» деген өтініш түскен. Өтініш жазбастан бұрын ата-анасына бір оқушыға сынып ашылмайтыны, мемлекет қаражатын мақсатсыз жұмсауға жол берілмейтіні жайлы түсіндірілген. Қазір Екатерина қазақ сыныбында оқуын жалғастыруда. Қазақ сыныбының пән мұғалімдері орыс тілінде де сабақ береді.
Жалпы осы №2 мектептің орыс сыныптарында – 153 бала, ал қазақ сыныптарында 214 бала білім алып жатыр. Орыс сыныптарында 73 қазақ баласы оқиды. Ауданға қарасты Майқайың кентіндегі мектептің орыс сыныбында 203 қазақ баласы оқиды. Бұл балаларды жинап алып, не үшін орыс тілінде оқытып жатқанымыз тағы түсініксіз? Осы мәліметтерге қарап, керісінше, орыс сыныптары жабылмайтынын, жыл сайын қазақ балаларының санымен орыс тілінде білім беретін сыныптар көбейіп жатқанын көреміз.
Сондай-ақ бейнеүндеуден соң ата-аналардың өтінішіне сай жақында даярлық орыс сыныбы ашылып, Малика Мұхамедиева, Арина Наумова, Айя Чан, Саида Айханова, Сұлтан Нұрсұлтанұлы, Александр Горбач атты 6 бала келіпті. Бұл орыс сыныптарындағы қазақ балаларының саны тіпті көбейеді деген сөз. Сондықтан Үкімет алдымен мәселенің мәнісіне мән беріп, республикалық комиссия келіп, өңірдегі орыс сыныптарында оқитын қазақтың балалар санына талдау жүргізіп барып, шешім қабылдаса екен дегіміз келеді.
Ал енді Баянауылдағы мектептерде білім алатын орыс, неміс, украин, татар, корей сияқты өзге ұлт өкілдерінің балаларының саны – 261. Соның ішінде өзге ұлт өкілдері балаларынан құралған 39 оқушы қазақ сыныптарында оқиды.
Айтпақшы, жоғарыда аталған Таисия Наумова сияқты басқа да ұлт өкілдері, Баянауылдың орыстары қазақ тілінде жақсы сөйлейді. Таисия – қазақ мектебінде оқыған, республикалық «Абай оқулары» байқауының 2009 жылғы бас жүлдегері, «Мемлекеттік тіл – менің тілім», «Қазақшаңыз қалай?» байқауларының жеңімпазы. Әуелетіп қазақ әндерін айтады. Кезінде бізге сұхбат берген Таисия «Біз Баянауылдың қазақтарымыз» деп еді.
Баянауылдық күйші, термеші Александр Верещак, тележүргізуші Марина Сахарова, дәрігер Любовь Ағаділова сияқты басқа да өзге ұлт өкілдері бар. Маринаның апалы-сіңлілі төрт апайы да қазақ мектебін бітірген. Қазір олар өмірден өз жолын тауып, осы жерде қызмет етуде.
«Баянауылда орысша сөйлейтін адам аз. Бәрі қазақша сөйлейді. Айналамыз, араласатын ортамыз қазақ болғандықтан, біз де қазақ тілінде сөйлеп кеттік», дейді Любовь Ағаділова. Бірақ әлі де болса балаларын орыс тілді сыныптарға қарай жетектейтін өз ата-аналарымыздың қатары азаяр емес. Балаларын орыс сыныптарында оқытқысы келетін қазақ ата-аналары да «бұл менің өз құқығым, қай тілде оқытсам да өзім білем» дейтіні сөзсіз.
Өңірде жалпы 356 мектеп бар болса, оның ішінде қазақ мектебінің саны – 136, орыс мектебі – 56, ал аралас мектептердің саны 164-ке жеткен. Екібастұзда 21 аралас мектеп бар. Бұл аралас мектептерде оқитын оқушылардың дені қазақ балалары екені тағы да белгілі. Осыдан-ақ орыс тілінде білім беретін мектептер мен аралас мектептердегі орыс сыныптарында кімдер оқып жүргенін көріп отырмыз. Аралас мектептердегі орыс сыныптарында бала саны жылдан-жылға көбеймесе, кеміген жоқ. Орыс сыныптарындағы бала санының көбеюіне өзіміздің ата-аналар, қарадомалақ оқушыларымыз үлес қосуда.
Кеңестік психология әлі де үстемдік құрып тұр. Кезінде өздері орысша оқыған азаматтар ұл-қыздарын, немерелерін әлі күнге орыс сыныбына апарып жатыр. Қаланы айтпағанда, шалғайдағы ауылдарда да орыс сыныптары бар екені таңғалдырады. Мысалы, Май ауданы Көктөбе ауылындағы аралас мектепте 208 оқушы оқыса, оның 113-і – қазақтың баласы. Бұл аудандағы Майтүбек ауылында да аралас сыныптар бар. Мектеп оқушыларына қазақ сыныптарының мұғалімдері сабақ беруде. Бұл жағдай облыстағы барлық аудан орталығына тән, бәрінде аралас мектеп бар, бәрінде орыс сыныбында оқитын қазақ балаларының саны басым.
Өңіріміздегі орта білім жүйесінің ерекшелігі – шағын мектептердің көп болуы, яғни 371 мектептің 234-і шағын болып саналды. Мектептердегі бір оқушыға мемлекет тарапынан 400 мыңнан 3,8 млн теңгеге дейін қаржы жұмсалатын болса, бюджеттік қаражатты тиімсіз жұмсаудан ешқандай пайда жоқ. Мұндай шығындарды азайту мақсатында шағын мектептер оңтайландырылып, ресурстық орталықтар дамып, мектеп жанындағы интернаттар ашылса, балалар тұрғылықты мекенжайларына қарамастан заманауи және сапалы білімге қол жеткізер еді.
Баянауылдан келген соң бізге Таисия Наумова хабарласып: «Апай, бәрі бірте-бірте болатын нәрсе. Үкімет жақтан мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеретін нақты шаралар керек-ақ, сонда ғана мемлекеттік тілді үйренемін, баламды қазақ мектебіне беремін деген талпыныс болады. Ал әрине, болашақта бәріміз қазақ тіліне көшеміз», деді.
Павлодар облысы,
Баянауыл ауданы