Бокс жанкүйерлері білетіндей, былтыр Халықаралық Олимпиада комитеті (ХОК) ерлер арасындағы салмақ дәрежелерін қайта қарап, Олимпиада бағдарламасынан екі салмақты алып тастаған болатын. Сондықтан тек Олимпия ойындарының бағдарламасына енген салмақтағы боксшылардың рейтингіне тоқталғанды жөн көрдік.
Әңгімеміздің «әлқиссасын» өз өрендерімізден бастайық. 52 кило салмақта былтыр Ресейде өткен әлем чемпионатында қола жүлде олжалаған Сәкен Бибосынов рейтингте небәрі тоғызыншы орында тұр. Бибосынов осы жылдың наурыз айында Амманда (Иордания) өткен Токио Олимпиадасына жолдама беруші Азия және Тынық мұхиты аймағы турниріне қатысып, Токио Олимпиадасына жолдама жеңіп алған. Әзірше бұл салмақта Сәкеннен басқа ешбір боксшымыз ТОП-40 боксшының қатарында жоқ.
57 кило салмақта 2016 жылғы Рио Олимпиадасына қатысушы, 2017 жылы Германияда өткен әлем чемпионатының жеңімпазы Қайрат Ерәлиев ТОП-10 боксшының ішінде алтыншы орынға жайғасқан. Кейінгі жылдары Ерәлиевтің жолы болмай жүргенін жанкүйерлер де, ұлттық құраманың бапкерлері де жақсы біледі. Былтырғы әлем чемпионатында Ерәлиев үш жыл бұрынғы әлем чемпионы атағын қорғай алмай, ширек финалда жеңілді. Осындай сәтсіздіктен кейін бапкерлер Олимпиадаға жолдама беруші жарысқа халықаралық турнирлерде аты шыға қоймаған павлодарлық 22 жастағы Серік Теміржановты апарды. Мұндай мүмкіндік күнде бола бермейтінін білген Теміржанов ә дегеннен байрақты бәсекенің финалына дейін жетіп, күміс медаль мен Олимпиада жолдамасын иеленді. Өкінішке қарай, бұл боксшымыз шетелдік жарыстарда нәтиже көрсетпегендіктен, рейтингке енбей қалды.
63 кило салмақта екі бірдей боксшымыз үздік 20 боксшының қатарына еніп отыр. Олар – Зәкір Сафиуллин мен Санатәлі Төлтаев. Қазіргі кезде Зәкір сегізінші, Санатәлі 18-орында тұр. Әрине, әлем чемпионатына қатысуға мүмкіндік алған Сафиуллиннің рейтингте жоғары тұруы заңдылық. Оның үстіне ол Аммандағы турнирге қатысып, Токио Олимпиадасының жолдамасын қоржынына салып қойған.
Олимпия ойындарында «қазақтың салмағы» атанып кеткен 69 килода да жағдайымыз аса мәз емес. Рио Олимпиадасының чемпионы Данияр Елеусінов кәсіпқой боксқа ауысқан соң бұл салмаққа Абылайхан Жүсіпов иелік етті. Бірақ Данияр жеткен жетістікке Абылайхан жете алмай келеді. Өз кезегінде Елеусінов бірнеше жыл бойы осы салмақтың көшін бастағанын тек қазақ жанкүйерлері ғана емес, дүние жүзінің бокс сүйер қауымы жақсы біледі. Кейінгі екі әлем чемпионатына қатысып, қола жүлде еншілеген боксшымыз қазіргі уақытта рейтингтің сегізінші сатысына жайғасқан.
75 кило салмақта қазақстандық боксшылар арасында бірнеше ай бұрын ғана кәсіпқой боксқа ауысқан Тұрсынбай Құлахмет жақсы нәтижеге ие. Осы салмақтың бірінші нөмірі саналатын Әбілхан Аманқұл жарақатына байланысты саптан шығып қалғанда Тұрсынбай әріптесінің орнын жоқтатқан жоқ. Алғаш Азия біріншілігінде топ жарса, кейіннен әлем чемпионатында күміс жүлде иеленді. Осы жетістігінің арқасында ол рейтингте үшінші орында тұр. Ал жарақатынан айығып, құрамаға оралған Әбілхан Аммандағы жарыста күміспен күптеліп, Олимпиаданың жолдамасын иеленген болатын.
81 килода да дәл осындай жағдай. Жарақат алып, біраз уақыт қатардан шығып қалған құрама үздігі Бек Нұрмағанбеттің орнына әлем чемпионатына барған Бекзат Нұрдәулетов былтыр бокс әлемінде сенсация жасады. Жаһандық додада өзге боксшылардың тасасында қалып, еленбей қалған Бекзат Ресейге бір бармағы бүгулі барған екен. Іріктеу кезеңінен бастап, финалға дейін қарсыластарын айқын жеңді. Тіпті, жартылай финалда бірнеше жыл бойы жеңілмей келе жатқан әлемнің үш дүркін чемпионы, Куба қабыланы Ла Круздың өзін есеңгіретіп тастағанын әлем жұрты көрді. Осы жеңісінің арқасында Бекзат әлемдік рейтингтің екінші сатысына бір-ақ жоғарылады.
91 кило салмақ дәрежесіндегі жерлесіміз Василий Левиттің де жағдайы жақсы деп айта алмаймыз. Былтыр Азия чемпионатының жартылай финалында оңтүстіккореялық боксшы Ким Хен Гюден жеңілген соң, әлем чемпионатында жүлдегерлер қатарына кіріп, жағдайын аз да болса реттегендей болды. Қазір ол рейтингте төртінші орында тұр.
Аса ауыр салмақтағы Қамшыбек Қоңқабаевтың өнерін бас бармақпен бағалауға әбден болады. Екі бірдей әлем және Азия чемпионаттарының күміс жүлдесін еншілеген ол рейтингте екінші орынға жайғасқан. Бүгінде отандасымыз келесі жылғы Токио Олимпиадасында топ жару және кәсіби дәрежеде шыңдалу үшін кәсіпқой бокста өнер көрсетіп жүр.
Өзге мемлекет өкілдерінің нәтижесіне үңілер болсақ, бүгінгі таңда Куба, Ресей және Өзбекстан боксшыларының қарқыны өте күшті екенін байқаймыз. Аталған елдердің екі боксшысы әлемдік рейтингте көш бастап тұр.
Әлемдік рейтингтегі ең үздік боксшылардың алғашқы үштігі
52 кило: 1. Амит Пангал (Үндістан), 2. Шахобиддин Зоиров (Өзбекстан), 3. Даниел Асенов (Болгария).
57 кило: 1. Миразизбек Мирзахалилов (Өзбекстан), 2. Курт Уолкер (Ирландия), 3. Питер Макгрейл (Англия).
63 кило: 1. Энди Крус (Куба), 2. Оганес Бачков (Армения), 3. Кейшон Дэвис (АҚШ).
69 кило: 1. Пэт Маккормак (Англия), 2. Роньель Иглесиас (Куба), 3. Андрей Замковой (Ресей).
75 кило: 1. Глеб Бакши (Ресей), 2. Арлен Лопес (Куба), 3. Тұрсынбай Құлахмет (Қазақстан).
81 кило: 1. Хулио Сесар Ла Крус (Куба), 2. Бекзат Нұрдәулетов (Қазақстан), 3. Бенджамин Уиттакер (Англия).
91 кило: 1. Муслим Гаджимагомедов (Ресей), 2. Хулио Кастильо (Эквадор), 3. Эрисланди Савон (Куба).
+ 91 кило: 1. Баходир Жалолов (Өзбекстан), 2. Қамшыбек Қоңқабаев (Қазақстан), 3. Ричард Торрез (АҚШ).