Аймақтар • 28 Қыркүйек, 2020

Адам өмірі үшін арашашы болды

689 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Өңірде коронавирус инфекциясы көп тіркелген аудандардың алдыңғы легін Жылыой бастаған еді. Өйткені мұнда әлемдік инвесторлардың аңсары ауған «Теңіз» кеніші бар. Осы кен орнында жұмыс істейтіндердің арасынан қауіпті індетті жұқтырғандар аз болмады. Ал ауданның өзінде 1078 адамнан коронавирустың белгісі табылды.

Адам өмірі үшін арашашы болды

Сол сәтте шағын қала әрі аудан орталығы – Құлсарыдағы аудандық аурухана жанынан 40 орындық инфекциялық стационар, 60 төсекке арналған провизорлық орталық ашылды. Бұл – науқастарды қауіпті індеттен құтқару үшін жасалған қадам. Аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Нұрбек Үкібаевтың айтуына қарағанда, мұнда дәрігерлер мігір таппай, шыбын жанын шүберекке түйген жандарды арты өлімге соқтыруы мүмкін қауіпті індеттен арашалауға бел шеше кірісті.

Бұл ауданда да ақ халаттыларға үміт артып, жанына шипа іздегендер қиналғаны даусыз. Өйткені ауа жетпей, семіп бара жатқан қос өкпеге дем берер оттегі концентраторлары жетіспеді. Бірақ науқастарға қанатымен су сепкен қарлығаштай қол ұшын созуға ұмтылған қайырымды жандар көмекке келді. Солардың қатарынан нотариус­тар да табылды. Олар арнайы қаржы жинап, демеушілік көмек көрсетуді бас­ты парызының біріне балады. Сөйтіп, олар өздері жинаған қаржыға «АРМЕД 7F-5L» маркалы оттегі концентраторын сатып алып, Жылыой аудандық ауруханасының ұжымына тапсырды. Жұрт қиналып жатқанда жұдырықтай жұмылған нотариустардың бұл қадамы жылыойлықтарды қуантқаны даусыз. Әсіресе өмір мен өлім ортасында жатқан науқастардың жарқын күндерге деген сенімін оятты.

– Жомарттық – қазақтың қанында бар қасиет. Қиналған жанға қайырымдылық танытатын жомарт жандардың бар еке­ні кейінгі ұрпаққа үлгі болары дау­­сыз. Тұтқиылдан қауіп төндірген коро­на­вирусқа шалдыққан науқастарды аман алып қалу үшін қол ұшын созып, демеушілік білдірген Атырау облыстық Нотариаттық палатасының төрайымы Гүлнар Масатоваға, сондай-ақ барлық жеке нотариусқа дән ризамыз. Өйткені олар сыйлаған оттегі концентраторының науқастардың тезірек сауығып, отбасына аман-есен оралуына септігін тигізді, – дейді Жылыой аудандық орталық аурухананың директоры Н.Үкібаев.

Қазір Жылыой ауданында қауіпті індеттің таралуы тоқтады. Аурухана жанынан ашылған инфекциялық стацио­нарда да, провизорлық орталықта да ем алып жатқан науқастар жоқ. Өйткені дәрігерлердің шипалы емінен бойына қуат жинаған науқастар коронавирус инфекциясынан сауығып, отбасына аман-есен оралды.

– Жақында ғана коронавирусқа шал­дық­қан соңғы екі пациент хаттамаға сәйкес толықтай емделіп шықты. Бұл – біз үшін қуанышты жайт. Қазір ауданда қауіпті індетті жұқтырған науқастар жоқ. Соған қарамастан біз әлі дайындық шараларын тоқтатпай, күн сайын пысықтап отырмыз. Ауруханамыз қорғаныш киімдерімен қамтылып, дәрі-дәрмектердің екі айлық қоры жасақталып отыр, – дейді Н.Үкібаев.

Ал облыстық кардиологиялық орталық директорының орынбасары Сандуғаш Жұмағалиеваның мәліметінше, қауіпті індет өршіген кезде мұнда 12 орындық провизорлық стационар жұмыс істеді. Дәрігерлерлік міндетін орындауға білек түре кіріскен ақ халатты абзал жандар отбасына баруды ойлаған жоқ. Күні-түні коронавирус белгісі анықталған науқастардың өмірін сақтап қалу үшін арпалысты.

– Коронавирус инфекциясын жұқ­ты­ру­шы­лардың қатары көбейген маусым айында жұмысымызды эпидемиялық жағдайға бейімдеуге мәжбүр болдық. Бұдан басқа амалымыз қалмады. Өйткені біздің бас­ты міндетіміз – адамдардың өмірін сақтау. Сол себептен дәрігерлер құрамы қауіпті індетпен күреске түгелдей жұмылдырылды. Біздің әріптестеріміз ел-жұрт қиналып жатқанда Гиппократ антына адалдық танытты. Олар арына, ақ халатына да қылаудай дақ түсірген жоқ. Соның нәтижесінде бүгінге дейін кардиологиялық орталықта коронавирус инфекциясын жұқтырған 600-ден астам науқасты емдеп шығардық, – дейді облыстық кардиологиялық орталық директорының орынбасары Сандуғаш Жұмағалиева.

Енді ажалмен бетпе-бет келтірген, үрейге толы қиын күндер артта қалды. Алайда Жылыой аудандық орталық ауруханасында да, облыстық кардиологиялық орталықта да дәрігерлер арқаны кеңге салып отырған жоқ. Өйткені олар жоспарлы емдеу ісіне кірісіп, өзге сырқаттарды қабылдай береді.

 

Атырау облысы