Қоғам • 28 Қыркүйек, 2020

Адал еңбек – адам көркі

28444 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Елдің еңбекпен көркейетінін ескерсек, еңбек адамының қоғамда қашанда орны ерекше, абыройы биік. Халық еңбекке бейім болса, ел ырысқа кенеліп, өзгелермен терезесі теңеліп, бақуатты, бәсекеге қабілетті мемлекет болып нығаяды. Сондықтан айрықша маңызға ие Еңбек күнінің мақсаты осынау құндылықтарды құнттау, еңбекқор азаматтардың беделін көтеру, өнімді еңбек етуге ынталандыру екені сөзсіз.

Адал еңбек – адам көркі

Қазақстанда жыл сайын қыркүйектің соңғы жексенбісінде Еңбек күні аталып өтеді. Бұл атаулы күн осыдан жеті жыл бұрын, 2013 жылы 23 қазанда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бас­та­масымен белгіленіп, Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамын құру идеясын нығайтуға негізделді.

Мерекенің мән-маңызы – өнімді ісімен ілгері басып, өрге озған азаматтардың өнегесін алып, көпшілікті адал, табысты еңбекке, жетістікке жетелеу. Сондықтан осынау күні елімізде еңбек адамының мерейін өсіретін, есімін ерекшелеп, үлгі етіп көрсететін «Еңбек ардагері» медалі табысталып келеді. Аталған медальдің белгіленуі 2014 жылы 31 шілдеде Үкіметтің арнайы қаулысымен қабылданды. «Еңбек ардагерi» медалi – ешбiр салаға байланбаған тұңғыш әрі жалғыз ведoмстволық марапат. Бұл медальмен экономиканың түрлi салаларындағы жұмысшыларды және жалпы еңбек өтілі 40 жылдан aсатын зейнеткерлiк жасқа жеткен адамдарды, оның ішінде бір салада кемiнде 10 жыл жұмыс істегендерді, сoндай-ақ eңбек жолында ең жоғары нәтижелергe қол жеткiзгендердi марапаттайды.

Осылайша еселі еңбектің еленгені қоғамда еңбек құндылығының маңызын арттыра түседі. «Адамды адам еткен – еңбек» дегендей, адамдықтың бір анықтамасы – еңбек. Ендеше, қоғамның да қоғам болуы еңбекпен тікелей байланысты. Мемлекет осыған әуелден баса мән беріп, жұмыссыздықты жоюға, жұртты еңбекке тартуға бағытталған маңызды бастамаларды жүзеге асырып келеді. Биыл еліміздегі барлық мем­ле­кет­тік бағдарламаның әлеуеті еске­рі­ліп, 1 млн  220 мың адамды жұ­мыспен қамту шараларына тарту жоспарланған. Өткен айдағы дерек бойынша 743 мың адам осындай шараларға тартылып, оның ішінде «Еңбек» бағдарламасына 379 мың адам қатысуға ниет білдірді. Оларға шағын кәсіпкерлікпен айналысуға 5 800 жеңілдетілген несие және 17 200 қайтарымсыз тегін грант берілді.

Сонымен қатар мемлекет тарапынан жалақысы субсидияланатын жұмыс орындарына 156 мың адам тартылды. Кәсіпкерлікке баулитын қысқа мерзімдік оқытуға 34,5 мың адам қатысып жатыр. Осы қыркүйек айында қосымша 20 мыңнан аса ҰБТ-дан өтпеген мектеп түлегі жұмысшы мамандықтар бойынша тегін техникалық кәсіптік оқуға жіберіледі. Ал Жұмыспен қамту орталықтары ашық вакансияларға берілген жолдамалар бойынша 130 мың адамға жұмыс тауып берді.

Бұған қоса «Жұмыспен қамту жол картасы» аясында 6 400 жоба іске асырылып, онда 154 мың адам жұмыс істеп жатыр. Оның ішінде 73%-ы – ауылдық елді мекендерде, 37%-ы – жұмыссыз жүрген жастар, 17%-ы – бейресми жұмыспен айналысып жүрген азаматтар және 9%-ы – аз қамтылған отбасылар мүшесі.

Ұлттық экономика министрлігi Статистика комитетiнің жыл басындағы мәліметi бойынша елдегі жұмысқа жарамды халықтың бөлігі 9,2 млн адамды құрaған. Оның ішінде 6,7 млн-ы жалдамалы жұмысшылaр болса, өз бетінше жұмыс істейтіндер 2 млн-нан асады. Жалпы, жұмыспeн қамтылған халықтың 7,2 млн-ының жоғары және ортa кәсіптiк білімi бар.

Жыл басында жұмыссыздық деңгейі 4,8 пайызды көрсеткенімен, індет қос өкпеден қысқан қазіргі қиын кезеңде бұл көрсеткіш едәуір нашарлап қалды. Бұған баса мән берген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында күрделі жағдайда алдымызда тұрған басты міндет әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты, халықтың табысын сақтап қалу және жұмыспен қамтуды жалғастыру екенін алға тартты. Мұның негізі ретінде игіліктерді әділ бөлу, адам капиталын дамыту, еңбек өнімділігін екі жарым есе арттыру сияқты міндеттер белгіленді. Бұл ретте Президент өнеркәсіптік әлеуетімізді толық пайдалану мен ауыл шаруашылығын дамытуға басымдық беріп, бәсекеге қабілеттігімізді көрсете­тін артықшылығымызға және нақты мүмкіндіктерімізге сүйенуіміз керек екенін атап өтті. Расында, жоғарыда аталған салалар бізге таңсық емес, бұл кәсіптерді халқымыз баяғыдан игерген: тері илеп, темірден түйін түйген, егін егіп, жер емген, мал бағып, ет-сүтін азық еткен. Яғни өзіміздің ата кәсібімізді жаңғыртып, дамыту ұлттық экономикамызды өрістетудің айқын бағыты бола алады.

Өнер, білім бар жұрттар, өнеркәсібі жолға қойылған елдер әлдеқашан өркениет жолына түсіп, дамыған мемлекеттердің қатарына қосылды. Елдің еңсе көтеріп, табысқа жетуі үшін халықтың білімді, өнерпаз болғаны маңызды. Ал білім де, өнер де адал еңбекке негізделсе, оның түбі – береке. Әрине, бұл жерде өнер деп ән салу мен би билеуді айтып отырмағанымыз анық. Өнерлінің бір аты – шебер, өнерлі болсаң ісің де өнімді болады. Он саусағынан өнер тамған шеберлер өз кәсібінің шыңына шығып, айналасының құрмет-қошеметіне бөленген. Ал данышпан Абай айтқандай, «Қулық саумақ, көз сүзіп, тіленіп, адам саумақ – өнерсіз иттің ісі. Әуелі құдайға сыйынып, екінші өз қайратыңа сүйеніп, еңбегіңді сау, еңбек қылсаң, қара жер де береді, құр тастамайды».