Оқиға • 28 Қыркүйек, 2020

XIV ғасырға тән кесене

721 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Мә­­дениет және спорт министр­лігінің қол­­­дауымен биыл орта­ғасырлық Отырар қа­­ла­жұртында «Қазақ хандығының қа­ла­­ла­­ры: сая­­си, эконо­микалық және мә­­дени өм­ір­дің орта­лықтары» жоба­сы аясында архео­ло­гия­­лық қазба жұмыстары жүргізілген болатын.

XIV ғасырға тән кесене

 

Отырар қалашығының XIII-XV ғасырларға тән құрылыс қабатын ашу, ғылыми айналымға енгізу, қаланы мекендеген тұрғындардың заттай материал­­дары мен рухани танымын айқындау мақсатындағы жоба аясында Бердібек сарайының солтүстік-батыс бөлігінен шамалы қиыс салынған үлкен бір әулетке тиесілі кесене орны анықталды. Екі жарым метр тереңдіктен табылған кесене бірнеше бөліктен тұратын архитектуралық кешен іспетті. Сәулет туындысы екі қабат етіп салынған. Астыңғы бөлігінде дәліз және қабірхана. Ал оның үстінде құлшылық ету орны. Кесенені зерттеу жұмыстары барысында мамандар бұрын беймәлім болып келген жаңалықтарды ашып отыр. Ол жаңалықтардың бірқатары Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-му­зе­йінің Отырар қалажұртында ұйым­дас­тырған баспасөз-туры барысында мәлім етілді. «Биыл жүргізілген қазба жұмыстарының нәтижесі бойынша сіздерге жеткізер жақсы жаңалығымыз бар, – деді археологиялық қорық – музейдің бөлім басшысы Сәбит Пәрменқұл. – Шартты түрде Бердібек сарайы деп аталған архитектуралық кешеннің солтүстік бұрышынан көлемі 6,3х7,7 метр келетін кесене орны анықталып отыр. Бердібек сарайымен бір кезеңде қатар салынған кесененің қасбеті қалашықтың оңтүстік бөлігінде орналасқан Жұма мешітінің ауласына қараған. Жобада тікбұрышты кесене үш бөліктен, яғни дәлізден (дромос), қабірхана және жамағатханадан (ханака) тұратын порталды құрылыс XIV ғасырға тән сәулет туындысы болып есептеледі. Кесене құрылысына көлемі 25х25,5 см. келетін, жақсы иленіп, күйдірілген қыштар пайдаланылған. Ал бұрыштары мен аркалары гипс қосындысы бар сылақпен нығайтылған». Сондай-ақ Сәбит Тұрлыбекұлы қа­бір­хана ішін тазарту барысында төрт кісіге тиесілі шашылып жатқан адам сүйектері табылғанын айтты. Архео­лог­тардың пайымдауынша, бір кездері сағана тоналған болуы мүмкін. Өйткені қаңқалар ретсіз шашылып жатқан және бас сүйектері сақталмаған, сағана құрылысына пайдаланылған қыштар бұзылып алынған. Сағананың төр жа­ғы­на қойылған кісінің сақталған жамбас, жілік сүйектеріне қарап, мамандар оның ірі денелі кісі болғанын, ортасындағы екі кісі орта бойлы, денелері шағын екендігін болжап отыр. Ал кіреберіс есік аузына қойылған төртінші мүрде шамасы 10-12 жастағы балаға тиесілі екен­дігі айтылуда. Яғни кесене Отырар қаласының билеуші әулетіне не болмаса ірі тұлға, дін иелеріне тән болуы және кесенеге жерленген кісі­лер бір уа­қытта қайтыс болмағаны жора­мал­да­нып отыр. Сағана ішіне қо­йыл­ған мүрделердің барлығының кеу­де­­­ден жоғарғы бөлігі сақталмаған. Ға­­лым­дар мұндай құрылыс орындары Отырар ауданына қарасты Балтакөл ауылы округінде орналасқан Қауған ата, Қызылорда облысына қарасты Жаңақорған ауданында орналасқан Сығанақ және Түркістан қаласында орналасқан Қ.А.Ясауи кесенесі маңынан анықталып, зерттелгенін айтуда.

Отырар ауданына қарасты Балтакөл ауылының оңтүстік шетінде орналасқан Қауған ата қалажұрты туралы мәлімет XVI ғасыр деректерінде аталады. Қабыр­ғаның сыртқы жағынан қорған-қабыр­ға іргесіне тақап салынған кесененің кө­лемі 4х4 метр. Тікбұрышты етіп жерден қазылып салынған кесене қабыр­ға­лары көлемі 25х25х5 см келетін, XIV-XV ғасырларға тән күйдірілген қыш­пен нығайтылып, әр бұрышынан бір-біріне қарама-қарсы қырлы тақия формасында күмбез көтерілген. Жер бетінен 1 метр шамасында көтерілген күмбез үстіне топырақ үйілген. Қауған ата қалажұртынан анықталып отырған кесенеге кіретін есік орны анықталмаған. Шамасы, кесене ішіне мүрде қойылғаннан кейін сыртынан қалап бекітілген болса керек. Бос топырағын қырып тазалау барысында еден деңгейінен алты жерден көлемі 1х1 метр шамасында келетін лақат сұлбасы анықталды. Жақтаулары қам кесекпен қаланған лақаттардың ішіне мүрделердің ұзақ сақталатын бас, жамбас сүйектері, қабырғалары мен омыртқа бөліктері қойылған. Кесене ішіне қойылған мүрделер сөрелі үрдісімен тасымалданып әкелінген. «Сөрелі» деп жаугершілік уақытта жорықта не болмаса алыс сапарда жүріп марқұм болған кісілерді уақытша тұрақтататын орынды айтады екен. Отырар қалашығында бізге осындай тарихи деректерді жеткізген қорық-музей қызметкерлері қазба жұмысы барысында XVI ғасырға тән тұрғын үй құрылысы мен XIV-XV ғасырларға тән кесене құрылысының қал­дықтары анықталып зерттелгенін, жо­ғарғы құрылыс қалдықтарының сақ­талуы нашар екенін айтып өтті. Тұр­ғын үйлердің таснауа, тандыр, жер­ошақ секілді жекелеген бөліктері болмаса толығымен ашып сипаттау мүмкін болмаған. Кесененің сыртқы құрылысы жоғарғы бөлігінің бастапқы күйі қандай болғаны белгісіз, алайда еліміздің өзге өңірлерінен табылып отырған XV ғасырға тән мұндай құрылыс үлгілеріне қарап, кесененің жоғарғы бөлігі бір күмбезді, қасбеттік кесене тобына жататындығы белгілі болып отыр. Кесенеге кіретін сыртқы есік оңтүстік-батыс қабырғадан анықталған. Жоғарғы зияратхана бөлмесінің көлемі 4х4,7 метр. Кесененің үстіңгі, яғни зия­ратхана бөлмесінің қабырғаларының екі шетіне бүтін қыш қаланып, орталары сынық қыштармен толтырылған. Сынық қыштар қатарында XIII-XIV ға­сыр­ларға тән өрнекті қыш бөліктерінің та­былуы кесененің салынған мерзімін нақ­­тылауға мүмкіндік беріп отыр. Ке­се­ненің зияратхана бөлмесінің солтүстік-батыс қабырғасы түгелдей дерлік бұзы­лып алынған. Ал солтүстік-шығыс, оңтүстік-шығыс және оңтүстік-батыс қабырғалары жарым-жартылай сақ­тал­ған. Біршама жақсы сақталған оңтүстік-шығыс қабырғаның сақталған биіктігі 0,7 метр. Оңтүстік-шығыс қабырғаны аршып тазалау барысында қабырға ортасынан ені 1,2 метр келетін терезе орны анықталды. Терезе жақтаулары гипс қосындысы бар сы­лақ­пен сыланған. Кесененің зияратхана бөлмесінің екі қапталы мен төргі қабырғаларынан ені 45-50 см келетін зияратшылар отыратын сыпа тектес орын салынған. Қазба барысында зия­­­ратхана бөлмесі кейіннен тұрғын үй бөлмесіне айналдырылғаны белгілі болып отыр. Мамандар бұған осы жер­ден анықталып отырған жер ошақ пен таснауа қалдықтары дәлел болатынын айтады. Аталған ошақ пен тасна­уа қалдығы 2016 жылы жүргізілген қаз­ба жұмысы барысында анықталған екен. Зияратхана бөлмесін толық аршу мақ­сатында жоғарғы құрылысқа тән құ­ры­лыс қалдықтары толығымен алынып тасталған. Қазба барысында зия­рат­хана еденіне көлемі 25х25х5 см келе­тін бірыңғай бүтін күйдірілген қыш төселгені анықталды. Кейіннен еден төсемелері басқа құрылысқа пайдалану мақсатында ара-арасынан бұзылып, теріліп алынған. Археологтардың айтуынша, кесене ішінің бос топырағын шығару барысында сырлы ыдыстардың қатарында кесененің еден деңгейінен құббаның сынық бөлігі алынған.

Музей қызметкерлері таныстырған тағы бір жаңалық – қазба жұмыстары кезінде табылған 59 дана күміс, 33 дана мыс теңгелер. Теңгелердің аверсіндегі жазбалардан Шайбанидтер әулетінің билеушісі саналатын Абдулла ІІ-нің билігі тұсында (1583-1598 жж.) соғылғаны анықталған. Абдулла ІІ-нің атынан соғылған теңгелерден бұған дейін Шайбанид билеушілері иемденіп үлгерген екі лауазымдық көрсеткіштерді көруге болады. Біріншісі: «Хаан бин хакан бин хакан Абуль Ғази Бахадур Хан» болса, екіншісі «Хакан аль-Адиль уа мульк аль-Камиль Абуль Ғази Бахадур Хан». Реверсіндегі жазбалар да көп түрлілігімен ерекшеленбейді. Негізінен тиындардың бұл беттерінде Исламның алғашқы төрт халифасының есімдері «Амир аль-Муминнің» лауазымдарымен беріліп отырған.

1

Қорық – музейдің бас инспекторы Қуаныш Шоқаевтың айтуынша, Отырар рабадының аймағында қазба жұмыстары барысында ІХ-ХV ғасырларға тән 3 монша орны анықталған. Ал ХІІІ-ХV ғасыр аралығында пайдаланылған монша 10 бөлмеден тұрады. Бірқатар бөлмелердің табанына әсем безендірілген қыш тақталар төселген. Монша батысында орналасқан жылыту қазандығы арқылы бір жерден от жағылып, еден астынан жүргізілген каналдар арқылы барлық бөлмелер жылытылып отырған. Ал су Отырартөбенің оңтүстік батысында ор­наласқан бассейндер арқылы келіп тұрған. Сонау 1969 жылдан бері жүр­гі­зі­ліп келе жатқан зерттеу жұ­мыс­та­ры жөнінде мәлімет берген ғалым Нұртаза Алдабергенов археологтар ең алдымен жазба деректерге сүйенетінін айтады. «Ондай деректер Отырар кітапханасында жасырынып жатқан болуы мүмкін. Сондай тарихи бай мұраны іздей беру керек. Егер бір жерден 10 немесе 100 кітап табылып жатса, бұл еліміз үшін үлкен жаңалық болар еді, – дейді ардагер археолог Н.Алдабергенов. – Отырар қалажұртының жоғарғы қабаты мен төменгі қабатының ара жігі анықталды. Біз қазір шартты түрде алып отырған Бердібек сарайының құрылысын қалпына келтірумен жұмыс бітпейді. Бұл соңғы 40-50 жылдың көлемінде жасалған зерттеулердің бір парасы ғана. Отырар құпиясын ашу үшін тағы осынша жыл керек шығар, бәлкім. Алайда бір мәселенің басы ашық. Археологтар Отырартөбенің әр кезеңіндегі тарихын, үй орындарының қалай салынғанын, қай уақытта қала дәрежесіне жеткенін зерттеуі керек. Сонда ғана прогресс болады. Жалпы, орта ғасырдағы қалалардың негізі қаланған кезі, даму тарихы туралы талай кітаптар жазылды. Сол жазба деректерден белгілі болғанындай, табылған тарихи орындар бір-бірімен салыстыра отырып зерттеледі. Сонда ғана жұмысымыз өз нәтижесін береді».

Қазіргі таңда қазба барысында та­был­ған археологиялық жәдігерлерге Сапар орталығында камералды өңдеу жұ­мыс­та­ры жүргізілуде. Қолөнер бұйым­да­ры мен нумизматикалық заттар музей қорына табыс етіліпті.

 

Түркістан облысы