Қазақстанның дүниежүзі елдерімен мәдени-гуманитарлық ынтымақтастығы жылдан-жылға жандана түсуде. Соның бір айғағы 2012 жылғы маусымда Мемлекет басшыларының уағдаластығына сәйкес 2013 жылғы қараша айында Қытайда Қазақстанның мәдениет күндерін өткізу жоспарланған болатын. Ал 2014 жылы Қазақстанда ҚХР мәдениет күндері өткізілмек.
Қазақстанның дүниежүзі елдерімен мәдени-гуманитарлық ынтымақтастығы жылдан-жылға жандана түсуде. Соның бір айғағы 2012 жылғы маусымда Мемлекет басшыларының уағдаластығына сәйкес 2013 жылғы қараша айында Қытайда Қазақстанның мәдениет күндерін өткізу жоспарланған болатын. Ал 2014 жылы Қазақстанда ҚХР мәдениет күндері өткізілмек.

Бұған, әрине, ең алдымен екі ел басшыларының жемісті кездесулерінің нәтижесі зор ықпал етіп отырғандығы айтпасақ та түсінікті. Әрісін айтпағанда, осы жылғы қыркүйек айында Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпиннің Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың шақыруы бойынша біздің елімізге жасаған мемлекеттік сапарының қорытындысы жоғарыдағы қағидаттың шындыққа жанасымды екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Үстіміздегі жылдың сәуір айында Бейжіңде Қазақстан киносының апталығы өтті. Жалпы, Қазақстанның Қытайдағы елшісі Н.Ермекбаевтың айтуы бойынша, Қазақстан мен Қытайдың түрлі шығармашылық ұжымдары екі елдің аймағында өтетін халықаралық шараларға үнемі қатысып келеді. Біздің еліміз кино көрсету және кітап басу саласында да бірлесе әрекет етуде. Мәселен, Қазақстанда қытай жазушысы Ло Гуаньчжуанның романдары қазақшаға аударылу үстінде. Бұл аталған шара Қазақстанның Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Қытай Халық Республикасының Баспасөз, радио, кино және телевидение, БАҚ мемлекеттік басқармасының көмегі арқасында жүзеге асқаны белгілі. Осы орайда «Менің балалық шағымның аспаны», «Жаужүрек мың бала», «Махаббат тәлкегі», «Жоюшы» және «Шал» секілді қазақстандық фильмдер көрсетілді.
Сол сияқты, жақында Қытай Халық Республикасының астанасы – Бейжің қаласында қытай тілінде жарық көрген «Елін сүйген, елі сүйген Елбасы. Қазақстан Республикасының Президенті туралы очерктер» кітабының тұсаукесері өтті. Кітап авторы – Қазақстан Республикасы Президенті Кеңсесінің басшысы, саяси ғылымдар докторы, профессор Махмұт Қасымбеков нақты фактілерден құралған материалдардың, бірегей мұрағаттық құжаттардың негізінде Мемлекет басшысының көпқырлы тұлғасын адам, азамат, Елбасы ретінде көрсете білді.
Сарапшылардың сөздеріне қарағанда, Қазақстанның Қытайдағы Мәдениет күндеріне өте үлкен маңыз берілді. Бұл тұрғыда алғанда екі елдің арасындағы өзара мәдени байланыс жайы және екі жақты достық қарым-қатынас барысы ашық айтылды. Соның айғағындай, Қытайдың Мемлекеттік үлкен театрында Қазақстанның классикалық музыкасының мақтанышы – Құрманғазы атындағы академиялық оркестрі өнер көрсетсе, құрылтайшысы «Н.Назарбаев мәдениет, білім және әлеуметтік бағдарламалар қоры» болып табылатын Қазақстан би өнерінің ұлттық көркі – Astana Ballet хореографиялық ұжымының халықаралық тұсаукесері өтті. Сөйтіп, аталған ұжым әлемдік және ұлттық хореографиялық өнердің дәстүрлі артықшылығын айшықтайтын айрықша концерттік бағдарламаны ұсынды. Сондықтан да бұл кешке келген қытай көрермендері керемет күйге бөленді.
Гала-концерт бағдарламасына қазақстандық және әлемдік музыкалық мәдениет мұрасынан классикалық, сондай-ақ қазіргі таңдағы операның шығармалары, вокалды-аспапты және би өнері қамтылды. Бұған қоса, Қытайдың Ұлттық мұражайында Мәдениет және ақпарат министрлігінің ұйымдастыруымен «Ұлы дала қазынасы» атты көрменің ашылу салтанаты өтті. Алтын бұйымдардан тұратын бұл экспонаттар кешені әлемді Тәуелсіз Қазақстанымыздың бай мәдени мұрасымен, тарихымен, өнерімен және дәстүрлерімен таныстырып, шынайы да мазмұнды мәліметтер берді.
Енді бұдан кейін Құрманғазы атындағы академиялық оркестрінің гала-концерті Үрімжі қаласында одан әрі жалғасын таппақ.
Александр ТАСБОЛАТОВ,
«Егемен Қазақстан» –
Бейжіңнен.
--------------------------------------
Суретті түсірген
Ерлан ОМАРОВ,
«Егемен Қазақстан».