Қоғамдағы діни ахуал төңірегіндегі шиеленістерге жұртшылықтың алаң көңілмен қарауы – құлшылық қылудың мәнісін тереңнен түйсіне алмаушылықтың, иман ұғымын ғибадат түсінігінен айыра алмай дағдарушылықтың белгісіндей көрінеді. Мұның өзі бізге исламның рухани әлеміне тереңдеп барудың, оған «жүрек көзімен» қайта қараудың мезгілі жеткенін аңғартып отыр.
Қоғамдағы діни ахуал төңірегіндегі шиеленістерге жұртшылықтың алаң көңілмен қарауы – құлшылық қылудың мәнісін тереңнен түйсіне алмаушылықтың, иман ұғымын ғибадат түсінігінен айыра алмай дағдарушылықтың белгісіндей көрінеді. Мұның өзі бізге исламның рухани әлеміне тереңдеп барудың, оған «жүрек көзімен» қайта қараудың мезгілі жеткенін аңғартып отыр.
Бүгінде дүние дидарын шарпыған рухани және діни дағдарыс қазақ қоғамын да айналып өтпей, алаңдаушылық туғыза бастады. Әсіресе, аға буын өкілдері жат ілімдердің жетегінде кеткен, теріс уағыздың шырмауына ілінген жастардың діни көзқарастарын ұғына алмай, бас шайқайтыны рас. Міне, осыдан шығар қорытынды қандай болмақ? Теріс пиғылды ағымдардың тұзағына түскен, солардың әсерінен адасушылыққа бой алдырған жандарды қалыпты ортаға қалай қайтаруға болады? Әрине, бұл сауалдардың барлығына жауап табу, ең алдымен, қоғамды рухани түрде сауықтыру үшін қажет.
«Үлес-2020» қоғамдық қоры мен Білім және ғылым министрлігінің Жастар ісі жөніндегі комитетінің, сондай-ақ, Астанадағы Политехникалық колледждің ұйытқы болуымен «Діни экстремизмнің алдын алу» тақырыбы бойынша ұйымдастырылған дәрісте, міне, осы сауалдар талқы таразысына салынды.
Колледж студенттері мен оқытушыларына арналған дәріске діни экстремизмнің алдын алуда ақпараттық-насихаттық жұмыстарды белсенді түрде жүргізу, дәстүрлі діндердің тарихы жөнінде жеткілікті мөлшерде ақпар беру, Қазақстандағы конфессияаралық тұрақтылықты дамыту, деструктивті ағымдардың негізгі бағытын әшкерелеу, қазақ халқының мәдениеті мен рухани мұрасын насихаттау секілді бірқатар мәселелер өзек болды.
Ағартушылық бағыттағы дәрісті жүргізген «Деструктивті діни ағымдардан зардап шеккендерге көмек көрсететін орталықтар ассоциациясының» директоры Юлия Денисенко: «Мұндай дәрістер жастар ортасындағы мәдени-рухани сана-сезімін қалыптастыру, олардың діни сауатын көтеру мақсатында ұйымдастырылып отыр», – дей келе, бұл дәрістер аясында жастардың теріс ағымдардың жетегінде кетпеуі үшін тиісті бағыт-бағдар берілетінін атап өтті. Оның айтуынша, мұндай сауат ашу дәрістерінің тәрбиелік маңызы зор болатындықтан, келесі кездесулерді Астанадағы Сәкен Сейфуллин атындағы агротехникалық университетте ұйымдастыру көзделіп отыр екен. Бұл оқу ордасында «Қазақстандағы конфессияаралық және ұлтаралық келісімді қалыптастыру және нығайту», «Жастар ортасындағы мәдени сананы қалыптастыру» тақырыптарында дөңгелек үстелдер ұйымдастырылмақ.
Әрине, иманы жарым, діни сауаты төмен жастардың болмыс-бағдары күмәнді ағымдардың тұзағына оңай ілігетінін ескерсек, мұндай сипаттағы дәрістерді жүйелі өткізудің өзектілігін уақыт көрсетіп отыр.
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».