07 Қараша, 2013

Серпіліс те, іркіліс те бар

366 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Президент тапсырмаларының орындалу барысын талқылау кеше Орталық Коммуникациялар қызметінде жалғасын тапты. Бұл жолы Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев пен оның орынбасарлары шақырылған екен. Брифингте еліміздің индустриялық даму бағыты баяндалды.

 

Президент тапсырмаларының орындалу барысын талқылау кеше Орталық Коммуникациялар қызметінде жалғасын тапты. Бұл жолы Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев пен оның орынбасарлары шақырылған екен. Брифингте еліміздің индустриялық даму бағыты баяндалды.

Үкімет отырысында Елбасы ерекше тоқталған мәселенің бірі өңірлік даму міндеттері аясында индустриялық саясаттың тиімділігін қамтамасыз ету болатын. Онда Мемлекет басшысы индустрияландырудың бірінші «бесжылдығының» нәтижесі жаман болмағанын айтып, алайда көптеген жобалар тоқырауға ұшырағанын да ескертіп өткен. Тіпті, Елбасының «Индустрияландыру жұмыстарын қадағалауды тоқтатып едім, бәрі де тоқырауға айналғанын байқаймын. Енді қайтадан бақылап отыратын боламын, әрбір тоқсан сайын бақылаймын, деген сөзі де есімізде. Осыдан соң Үкімет те бұл мәселені жедел қолға алып, саладағы жұ­мыс­­тарды пысықтауға кірісті. Үкі­мет басшысы барлық министрлер мен әкімдерге жобалардың тұ­рақты жұмысын қамтамасыз ету мен олардың жоспарлы қуа­ты­на шығару бойынша шаралар қабылдауды жүктеді. Міне, көп ұзамай, Премьер-Министр – Ин­дус­трия және жаңа технологиялар министрі журналис­тер алдына шақырылып, атқарылып жатқан жұмыстары жөнінде жан-жақты есеп беріп отыр.

Ә.Исекешев тұралап қалған және қалыпты жұмыс режіміне шыға алмай жатқан проблемалық жобалар туралы айтты. Олардың саны 35 болатын. Қазір 13-ке дейін қысқарды, қалған 21-і іске қосылды. Қайта жаб­дықтау, қаржыландыру көз­дерін табу бойынша мәселелер өңірлермен бірлесіп шешілді. Қалған жобаларды жандандырып, өндіріс орындарын іске қосу үшін біз әкімдіктермен арнайы жос­пар әзірледік, деді ол. Осы уақыттың ішінде тиісті зерделеу жұмыстары жүргізіліп, шешімнің тетіктері мен алгоритмі даярланғанын, сондай-ақ лауазымды тұлғалардың, оның ішінде өңірлік билік органдарының, ұлттық компаниялардағы, холдингтердегі лауазым иелерінің жауапкершілігі бойынша бірқатар шаралар қабылданғанын атап өтті. Министрдің сөзіне сүйенсек, ол олқылықтардың негізгі себебі бағдарламалардың бастапқы кезеңі дағдарыспен дөп келіп, алғашқы толқын тетіктерінің кейбір асығыс әрекеттерінен болды дегенге саятындай.

Ә.Исекешев Үдемелі индус­трия­лық-инновациялық даму бағ­дарламасын жүзеге асыру кезе­ңін­де экономикада оңтайлы ілге­рілеу болғанын сөз етті. 2011 жыл­дың аяғында жобалар үшін жауапкершілікті өңірлер мен Үкі­меттің арасында бөліскен болатын. «Үкімет 43 жобаны іске асыру бойынша жауапкершілікті өз мойнына алды. Қалған жобалар, негізінен шағын және орта бизнеске қатысты жобалар, Өңірлік карталардың қарамағына берілді және олар үшін өңірлік билік тұтқалары жауапты. Біз ол жобаларға мониторинг жүргізіп, қолдау көрсетіп отырмыз», деді Ә.Исекешев.

Бұдан әрі ҮИИД бағдарламасы­ның жүзеге асырылу барысы туралы айтылды. Мемлекеттік бағдар­ламаны іске асыру кезеңінде 50 заңнамалық акті, 23 салалық бағ­дарлама, 16 өңірлік бағдарлама әзірленді және мүлдем жаңа индикаторлар енгізілді, олар – еңбек өнімділігі, шикізат емес өнімдер экспорты, энергия тиімділігі және тағы басқа көрсеткіштер. «Бұл жүйелі мәселелердің бәрін өте маңызды деп есептейміз және біз олардың бәрін шеше алмадық, ол рас. Бәсекелестікті дамыту, ШОБ-ты дамыту, инфрақұрылым, кадрларды даярлау сияқты мәселелердің әлі де болса толық үдесінен шыға алмай отырмыз, бұл туралы Мемлекет басшысы да айтты. Ағымдағы жылдың желтоқсан айында ҮИИД бағдарламасының 2013 жылғы қорытындысы шығарылады, біз ол туралы егжей-тегжей есеп беруге дайынбыз», деді министр.

Ә.Исекешев, сонымен қатар, Индустрияландыру картасының жобаларының көп бөлігі жеке инвесторлар қаражаты есебінен жүзеге асырылатынын жеткізді. Инвестициялардың 75 пайызы бұл мемлекеттің емес, бизнесмендердің инвестициялары екендігін, жеке инвесторлардың көбісі пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялау түрінде мемлекет тарапынан қолдау табатынын баса айтты. Оған қоса, бюджеттік инвес­тициялар «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жобасы сияқты аумақты жобаларды жүзеге асыруға жұмсалады.

«Жалпы алғанда, барлық жобалар бойынша 1,5 трлн. теңге құ­рай­тын инвестицияларды күту­деміз», деді Ә.Исекешев. Оның ай­туынша, Картаның жоба­ларын салуға 78 мың адам жұмыл­ды­ры­­лады. Бұдан өзге ол ағымдағы жылы шамамен 500 млрд. теңге со­ма­сындағы Картаның 140 жобасын енгізу жоспарланғанын атап өтті. Нә­тижесiнде 13 мың тұрақты жұ­мыс орны құрылмақ. Сондай-ақ, осы жылдың желтоқсан айында Ин­­дустрияландыру картасының 7 iрi жобасы iске қосылады деп жос­парлануда.

Кеңейтілген кеңесте Елбасы көтерген мәселенің бірі жер қой­науын пайдалану саласын жандандыру болатын. Ә.Исекешев бұл бағытта да атқарылып жатқан жұ­мыстар жайымен бөлісті. «Жер қойнауын пайдаланудың геология­сына қатысты бiрқатар проблемалар қордаланып қалды. Бiз геология жүйесiнiң дағдарысы жайын­да айттық. Мемлекет басшысы осы жұмысты жандандыру бойын­ша тапсырма берген болатын. Сол себептi, осы жылы Геология ко­митетi, Қазгеологияның командасы жаңартылды, сарапшы мамандар мен шетелде бiлiм алған бiздiң геолог мамандарымыз тартылды. Бiздің геологиядағы әлеуетiмiз өте үлкен. Кеңес өкiметi кезiнде аз ғана тереңдiк, шамамен 100-200 метр тереңдіктегі жер қойнауы зерттелген болатын. Бiзде не технология, не маман болмағандықтан, одан әрі тереңдікте зерттеу жүргiзе алған жоқпыз. Осыған байланысты Геологияны дамытудың 2030 жылға дейiнгi тұжырымдамасын әзiрледiк. Президент жеке инвестициялардың геологиялық барлау жүргiзуiн оңтайландыратын заң жобасын жыл соңына дейiн Парламентке жолдауды тапсырғандықтан, бiз қазiр заңнамалық базаны толық өзгертудемiз», дедi Ә.Исекешев.

Әрине, брифингте министрдің журналистермен бөліскен мәліметі аз болған жоқ. Оның бәрін тізіп жазу бір мақаланың аясында мүмкін болмас, әрі мақсат та емес. Ең бастысы – сол ұзын-сонар есептің бәрі нақты іс жүзіне асса деген тілектеміз.

Динара БІТІКОВА,

«Егемен Қазақстан».

Соңғы жаңалықтар