Қаржы • 29 Қыркүйек, 2020

«Tengri Bank» АҚ салымшыларына өтем төлейді

129 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры агент банк ретінде «Еуразиялық банк» АҚ-ны таңдады. Қордың қаражаты есебінен кепілдік берілген өтемді «Tengri Bank» АҚ салымшыларына осы банк төлейтін болады.

«Tengri Bank» АҚ салымшыларына өтем төлейді

«Tengri Bank» АҚ депозит­терінде, ағымдағы шоттарында және карточкаларында ақшалары бар жеке тұлғалар мен дара кәсіпкерлер өтем алуға өтініш бере алады.

Кепілдік берілген өтем төлеуге өтініштер қабылдау 2020 жылдың 30 қыркүйегінен бас­талады. «Еуразиялық банк» АҚ бөлімшелері елдегі эпи­­де­миялық жағдайды еске­ре отырып, кезек күтуді азай­ту мақсатында «Tengri Bank» АҚ салымшыларына таяудағы демалыс күндері – 3 және 4 қазанда қосымша қыз­мет көрсететін болады. ҚДКБҚ салымшыларға агент банктің бөлімшелеріне бар­май тұрып, оның сайты ар­қы­лы бөлімшелердің қан­ша­­лықты жұмысбасты екен­ді­гін қадағалауға кеңес бере­ді. Агент банк сондай-ақ өтініш­тер­­ді қашықтан беру және өтем сомаларын онлайн тексеру бо­йынша опцияларды қарас­ты­рады. Бұл туралы толық ақ­паратты «Еуразиялық банк» АҚ сайтынан алуға мүмкін­дік бар.

Агент банк арқылы кепіл­дік берілген өтем төлеу шарасы 12 ай бойы – 2021 жыл­дың 30 қыркүйегіне дейін жүзеге асырылады. Қор белгіленген мерзімнің аяқталуына қа­рай агент банкпен арадағы келісімнің қолданылу мерзімін ұзартуы мүмкін. Агент банк арқылы белгіленген өтем тө­леу мерзімі аяқталған соң, «Tengri Bank» АҚ салымшылары төлем алу жөнінде тікелей ҚДКБҚ-ға өтініш бере алады. Еске сала кетелік, ҚДКБҚ ке­піл­дік берілген өтемді депо­­зиттегі қалдық сома ше­гінде, банк лицензиясы­нан айы­рылған күнге қарай есептелген сыйақыны ескере отырып тө­лейді. Мәселен, ұлттық валю­тадағы жинақ депозиттер бойынша – 15 млн теңгеден, ұлттық валютадағы басқа депозиттер бойынша – 10 млн теңгеден және шетел валю­тасындағы депозиттер бо­йынша – валюта баламасында 5 млн теңгеден аспайды («Tengri Bank»АҚ лицензиясынан айырылған күні белгіленген валюта айырбастау бағамы бойынша).

«Tengri Bank» АҚ салым­шы­сының банкте түрі мен валютасы бойынша екі және одан да көп кепілдендірілген депозиттері бар болса, агент банк бұл бойынша 15 млн теңгеден аспайтын көлемде кепілдік берілген жиынтық өтем төлейді. Бұл ретте шетел валютасындағы депозиттің 5 млн теңгеден аспайтын кепілдендірілген қалдығы бойынша шектеу ескеріледі.

Кепілдік берілген өтемді алу үшін «Tengri Bank» АҚ салымшылары Еуразиялық банктің кез келген филиалы немесе бөлімшесіне барып, төлем алуға өтініш толтыруы қажет. Өтініш бланкісін тіке­лей агент банктен алуға немесе ҚДКБҚ сайтынан электронды нұсқасын жүктеп алып, алдын ала толтыруға болады.

Агент банктің барлық қала­лардағы филиалдары мен бөлім­шелерінің мекенжайла­ры және жұмыс тәртібі тура­лы ақпарат www.eubank.kz ресми сайтында және банк­тің анықтама қызметінде қолжетімді (+7 (727) 332 77 22, +7 (771) 000 7722, +7 (700) 000 7722, +7 (702) 010 7722).

Салымшы агент банкке жеке басын куәландыратын құжатпен баруы қажет. Егер салымшының орнына басқа тұлға өтініш беретін болса, құқық белгілеуші құжаттарды да ұсыну қажет (мысалы, мұрагерлік құқығы туралы куәлік немесе сенімхат).

Салымшының тегі, аты немесе әкесінің аты өзгергендігі агент банкте неке қию туралы куәлікпен немесе Азаматтық хал актілерін жазу (АХАЖ) органы беретін тегін, атын және әкесінің атын өзгерту туралы куәлікпен расталады.

Жекелеген жағдайда агент банк мәлімделген талаптар­дың негізділігін растайтын қосым­ша құжаттар сұратуға құқылы. Кепілдік берілген өтем салымшы құжаттары агент банкке келіп түскен күннен бастап 5 жұмыс күні ішінде төленеді.

Айта кетелік, салымшылар өз еріктерімен кепілдік беріл­ген өтемді өздеріне ыңғай­лы тәсілмен: агент банктің кассасынан қолма-қол ақшамен, сол агент банкте банк шотын ашу немесе кез келген басқа банкке аудару арқылы ала алады.

Кепілдік берілген сомадан артық қалған ақшасы бар салымшылар, оны алу үшін банкті еріксіз тарату туралы сот шешімі күшіне енген соң, «Tengri Bank» АҚ тарату комиссиясына өтініш беруге құқылы. 

Депозиттер бойынша кепіл­діктер және төлемдерді жү­зе­ге асыру туралы жалпы ақ­­параттар Қордың www.kdif.kz сайтында қолжетімді. Салым­шылар ақыл-кеңес алу үшін 1460 телефон нөмірі, ҚДКБҚ сайтындағы чат, @kdif_ask телеграм-чаты, қордың Facebook және Instagram желілеріндегі deposit.kz ресми парақшалары, сондай-ақ info@kdif.kz электронды поштасына жазу ар­қылы өтініш білдіре алады.