Қоғам • 29 Қыркүйек, 2020

Жол салудың «түпқарағандық үлгісі»

952 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Түпқараған ауданының Аташ ауылынан шыққан «біртүрлі» хабар лезде қанатын кеңге жайып, ел аралап кетті. Жақында ғана итбалықты сабады деп даңқы «дәуірлеп» ала жөнелген Маңғыстаудың атын екінші рет «аспандатқан» «теңдесі жоқ» жол құрылысы болды.

Жол салудың «түпқарағандық үлгісі»

Бұл ауыл ішіне жол салуды көптен күткен аташтықтардың заманға сай жаңарып жатқан екінші жолы болатын. Мамандардың айтуынша, жол салудың өзіндік тәртіп-талабына сай төселіп басталған жолды көшенің қақ ортасында кездескен газ құбырларының өткелі тура жолдан тайдырыпты. Жол төсеушілер алдынан көлденең шыққан газ құбырын көзге ілместен көктей басып өтіп, құбырлардың түбін теп-тегіс етіп шегендеп тастады. Мердігер мекеме басшылығы мен жол төсеушілер құ­быры қақ ортада қалған жолда қозғалыс қалай болатынын қандай ұшқырлықпен ойластырғанын өздері біледі. Ал қалың жұрт әжуаға айналдырып ала жөнелді.

Артынша Аташ ауылындағы Б.Ақ­самбаев көшесіне жол төсеу бары­сын­дағы орын алған келеңсіздікке байланыс­ты Түпқараған аудандық әкімдігі «2020 жылдың 23 қыркүйегінде сағат 18:30 шамасында ауылішілік жол құрылы­сымен айналысушы мердігер мекеме «Бек-АқтауГазСнаб» ЖШС тарапы­нан жұмыс аяғында бақылаушы жауап­ты тұлғаның болмауына байланысты алдағы уақытта ауыстырылуға жататын газ құбырының үстінен асфальт төсеп кеткен.

Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы А.Жеткізгеновтің газ құбырының қорғау аймағына жататын 5 метр (екі жағынан 10 метр) жерді қалдырып кету туралы алдын ала ескертуіне қарамастан, мердігер мекеме тарапынан өрескел қателікке жол берілген. Осыған байланысты мердігер мекеме сол түні төселген асфальт жабындысын алып тастады. Мердігер мекеме кеткен қателіктері үшін жауапкершілікті толығымен өз мойындарына алды. Аталған жұмыстарды қалпына келтіру мердігер мекеме тарапынан жүргізіледі. Сондай-ақ «ҚазТрансГазАймақ» АҚ қабылданған техникалық шарт талаптарына сәйкес газ құбыры ауыстырылады. Ауылішілік жолдың аталған бөлігін асфальттау газ құбырын ауыстырғаннан кейін жүргізіледі», деген түсінік берді.

Түсінік беру оңай, әлі кеппеген жолды тас-талқан етіп бұзу да оңай. Бірақ бюджеттен бөлінген қаржыны желге ұшырып, жолдың көпе-көрінеу құбырларды баса-көктеп төселуіне не себеп? Жұртшылық жол бойын­дағы мұн­дай өрескел қателіктердің өзге ауыл­дардан да кездесетінін айтып жатыр. Тіпті осы ауданның Сайын ауылында бір кездері жаяу жүргіншілер жолына аттап өтерліктей биіктікте көлденең газ құбырлары тартылған. Тұрғындардың бірі оның астынан ерінбей еңкейіп өтсе, екіншісі аттап өтем деп аунап түскен кездері болған екен. Бірақ көпшіліктің талабымен кейін жөнделген. Сонда тұрғындар шу көтермесе, құзырлы органдар «сен тимесең, мен тимен» деп отыра бере ме? Неге жол салынатын жер алдын ала дайындалып, өлшеніп-пішіліп, жолындағы кедергілер алдын ала алынбайды деген сауал туындайды. Газ құбырларын алу оңай жұмыс емес, тіпті бірнеше айға созылуы мүмкін. Қалай болғанда да тап бүгінгі «түпқарағандық үлгіде» жол салынбайтыны анық қой...

Сондай-ақ мәселенің мән-жайын білу үшін «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» республикалық мемле­кеттік кәсіпорнының қызмет­керлері жұмыс сапарымен Аташқа барды. «ҚазГазТрансАймақ» АҚ-на тиесілі газ құбыры бәз-баяғыша көлік жолының қақ ортасында тұр. Б.Ақсамбаев көше­сіне жаңадан жол төсеуді мойнына алған мердігер «Бек-АктауГазСнаб» серіктестігінің жұмысшылары құбыр маңындағы асфальтты күреп тастап, жолдың екі бетіне арнайы белгілер қойған. Бұл жерде жол белгілерінің түсі заң бойынша сары түстес болуы керек. Өз кезегінде мердігер мекеме бас­шы­лығының тағы бір қателігі байқалды.

«Жол активтерінің ұлттық сапа орта­лығы» республикалық мемлекеттік кәсіп­­орнының қызметкерлері Түп­қара­ған аудандық тұрғын үй-ком­муналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі мем­­лекеттік мекемесі, техникалық қада­ғалау бөлімі, сондай-ақ мердігер серік­тестік өкілдері келісімімен жол мате­риалының қалыңдығына көз жет­кізу мақсатында асфальт жолдың ұзын­дығын өлшеп, бір сынама (керн) а­лған. Техникалық регламент талаптары­на сәйкес асфальт жабындының суып, қатуына 2-3 тәулік уақыт керек бол­ған­дық­тан, келесі аптада жол сапасын ба­қы­лау­шылар Аташ ауылына тағы келіп, сынамалар алуды жоспарлап отыр.

«Бұл жерде кемшілік көп. Әрқайсы­сына жеке-дара тоқсалсақ, жолды салмас бұрын жобалау кезінде көше бойынша төмен қысымды газ құбыры тұрғаны мүлдем ескерілмеген. Ауылды көгілдір отынмен жабдықтаушы мекемеге оны жылжыту туралы техникалық талаптар жіберілмеген. Жобалау жұмыстарымен «CASPIY & DIFA» серіктестігі шұғыл­данған. Олар жіберген олқылық газ құбырын монтаждау жұмыстарына қажет қаржының сметалық құжаттарға қосылмай қалуына әкеп соққанын көріп тұрмыз», дейді «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК Маңғыстау филиалының директоры Елтай Таялиев.

Б.Ақсамбаев көшесіне асфальт төсеуге тапсырыс беруші Түпқараған аудан­дық жолаушылар көлігі және авто­­мобиль жолдары бөлімінің қызмет­кер­­лері өз қателіктерін кейін түсініп, төмен қысымды газ құбырымен түйісе­тін жолға тиісті талаптарды алу үшін тех­ни­калық қадағалау бөліміне хат жолдапты.

Жауапсыздыққа бой алдырған тұлға­лардың даулы жобаны бекітіп әрі қаржы­ландыруы, оны мақсатты игеруді заң жүзінде қаншалықты дұрыс атқарғанын құзырлы органдардың анықтары сөзсіз.

Мақала нүктесі қойылар сәтте Түп­қараған ауданы әкімінің орынбасары Ж.Қайнарбаевтан аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолау­шылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы А.Жеткізгеновтің қызметтен босатылғанын және аталған жағдайға байланысты құзырлы органдар тарапынан тексеру жұмыстары басталғанын білдік.

 

Маңғыстау облысы