Мәселен, былтыр «Ардагерлерімізге жүрек жылуымызды білдірейік» деген сенбіліктен басқа да акция өткізіліп, облыста қарттар үшін бір қуанышты күндер болып еді. Оның шеңберінде 42 қарттың үйі жөнделді, 16 568 аз қамтылған, жасы келген адамдар азық-түлік пакеттерін алды. Сонымен бірге 47 222 қартқа түрлі материалдық көмек көрсетілді. 11 684 адам тегін дәрі-дәрмектер алды. Ал 203 зейнеткер санаторий-курорттық емдеу орындарына жіберілді. Соның ішінде қарттарды материалдық жағынан қолдауда Петропавл қаласы мен Тайынша және Қызылжар аудандары көзге түскен.
Өкінішке қарай, биылғы жаман індеттің кесірінен мұндай көмектер жасалмайды, өйткені сенбілік өтпейді, қайырымдылық акциялары жүргізілмейді. Бірақ жүрегі дүрсілдеп, осы күнді асыға тосып, алаңдап отыратын қамкөңілді қарттарды құттықтамауға бола ма?
Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ескендір Елеусізов ағамызға жолығып, биылғы қарттар мерекесінің қалай аталып өтетінін сұрағанымызда біршама жаңалыққа қанықтық.
«Біз жергілікті билікке, мекемелер мен кәсіпорындар басшыларына хат жазып, «Қарттар күнін» атап өтуге шақырып отырмыз. Ардагерлер аспаннан түскен жоқ, бәрі де осы елдің, осы жердің тумалары. Өмір бақи осы жердің өркендеуіне қызмет етті, халық санын арттырып, саналы ұрпақ өсірді. Ертеңгі күні бәріңіз де қарт боласыздар, сонда бүгінгі жасаған құрметтеріңіз өздеріңіздің алдыңыздан шығады деп жатырмыз. Ақшалай көмек бере алмасаңыздар тым болмаса көңіл білдіріп, медициналық қызметпен, жылы сөзбен құттықтаңыздар деген тілектер айттық. Обалы нешік, бәрі де түсіністікпен қарап, өз аумақтарындағы қарттарын құттықтауға уәде беріп жатыр», деді Ескендір ағамыз.
Жуырда ардагерлер ұйымының бастамасы бойынша облыс әкімінің орынбасары Ғани Нығыметовтің жүргізуімен барлық аудан әкімдерінің орынбасарлары, ардагерлер ұйымдарының төрағалары қатысқан селекторлық кеңес өтті. Жиында барлық ауданда Қарттар күніне арналған айлықты тиімді өткізу мәселесі қаралды. Соның ішінде медицина қызметкерлері қарттардың үйлеріне барып, олардың денсаулықтарын тексеріп шығуы тапсырылып, қамкөңілді жандарды риза ету сұралды. Осы хаттамалық тапсырма облыстық денсаулық сақтау басқармасына берілді. Сонымен бірге жастар ұйымдарының барлық сатыларына да өз аймақтарындағы қарттарды құттықтап шығуға ұсыныс жасалады.
Ауыл шаруашылығы басқармасы мен жергілікті әкімдіктерге ауылдағы малы бар қарттардың үйіне бір тіркеме шөп түсіру, қыстық отынын жеткізіп беру, 1-2 қап жем, бірер қап ұн беруді ұйымдастыру тапсырылады. Сонымен бірге аудан орталықтарында ауыл шаруашылығы өнімдерін сататын жәрмеңкелер қарттар күніне арналып, тағамдар сәл жеңілдетілген бағамен сатылса да қарттарға жасалған құрмет болмақ.
Биыл фермер, шаруалардың жағдайы жақсы. Астық тым шығымды болмағанымен сапасы жоғары, бағасы үлкен. Сондықтан қарттарын қадірлеуді, олардың көңілін аулауды ешкімнің ұмытпағаны жөн. Өз ауылдарынан шыққан құрметті ақсақалға 10-15 күндік демалыс орнына жолдама апарып берсе, ондай шаруаға қарттар әбден разы болып қалар еді. Қарттар күнін атаудағы негізгі мақсат – қарт адамдардың көңілін көтеру.
Осындайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаман індет әлеуметтік және экономикалық қиындықтар тудырып жатқан кезде халқымыз тұтастық пен бірлікті нығайта түсуі керектігін айтқан сөздері ойға оралады. Халықтың барлық санаты бір-бірін қолдап, бірлік пен тұтастық нығая түссе – қиындықты еңсеруде оңай болары сөзсіз.
Солтүстік Қазақстан облысы