Руханият • 29 Қыркүйек, 2020

Тіл тұтастығы – ел тұтастығы

211 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысының мемлекеттік тілді ұлт­аралық қатынас тіліне айналдыру идеясын жү­зеге асыру бағытында Мә­дениет және спорт ми­нис­трлігі Тіл саясаты ко­митеті тіл жанашыр­ларының қатысуымен «Тіл тұтастығы – ел тұтас­тығы» тақы­ры­бында онлайн конференция өтті.

Тіл тұтастығы – ел тұтастығы

Қазақстан Республикасы­ның Президенті Қ.Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мем­лекет» Тұжырымдамасын іс­ке асыру жөніндегі тапсырмасына сәйкес ұйымдастырылып отырған бұл шараның басты мақсаты – қоғамда тіл мәселесін көтеріп жүрген азаматтардың пікірін тыңдау, қазақ тілін ел­дегі ұлтаралық қатынас тіліне айналдыру бағытындағы ұсы­ныстарын талқылау, шешу жолдарын айқындау екен.

Тіл саясаты комитетінің төр­ағасы Әділбек Қаба мұндай кездесуден нақты пікір мен ұсыныс күтетінін ашып айтты. «Бұрын Одақ құрамында болдық, тілдік орта жоқ деп ақталдық. Дәл қазір «қауіпті кезеңді» бастан кешіп жатқандаймыз. Неге? Өйткені осы отыз жылдай уақыт ішінде мектепке барған бала жоғары оқу орнын аяқтап, елге қызмет жасайтын жасқа жетті. Отыз ауыз қазақша сөз үйренбеген адамнан не күтуге болады?! Әрине, мемлекет тарапынан қазақ тілін дамыту бағытында қыруар шаруа атқарылды. Бір ғана еліміздегі 99 тіл үйрету орталықтары бо­йынша 514 мыңнан астам адам оқып шықты. Олар ортамызда жүр ғой. Тілге қажеттілікте тудыратын өзіміз. Енді талап ете­тін уақыт жетті. Әйтпесе қо­ғамдық көлікте, дүкенде, қыз­­мет көрсету саласында ана тілі­­мізді өгейсітіп, өзге тілдің кө­­мегіне жүгініп жүрген өзіміз. Ендігі жерде тілге жанашыр бо­лып жүру аз, қорғаны болуы­мыз керек. Комитет жанынан «Тіл қорғаны» онлайн тобын құ­рып отырмыз. Еліміздің әр­бір азаматы тіл төңірегіндегі сора­қылықтар, көшедегі жарнама олқылықтары туралы мәліметін кез келген уақытта жібере алады. Заңгерлеріміз бар, бәріміз көтерілген мәселені ше­шуді ұйымдастырамыз», деді Әділбек Күнесханұлы.

Онлайн бас қосуда белгілі сая­саттанушылар Дос Көшім, Расул Жұмалы, қоғам белсендісі Серік Ерғали, заңгер Абзал Құспанов, қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазы, «Қазақ үні» ЖШС президенті Қазыбек Иса, «Тіл майданы» жобасының басшысы Қуат Ахметов, тағы басқа тіл жанашырлары қатысып, өз ойларын ортаға салса, Қазақстан Республикасы Парламенті мен Президент Әкімшілігі, Бас Про­куратура, Қазақстан халқы Ас­сам­блеясы қатарлы құзырлы орган­дардың жауапты мамандары пікір алмасты.

Қазақстан Республикасы Пар­ламенті Сенаты және Мәжіліс депутаттары А.Қапбарова мен Г.Шиповских тілдің маңызына терең тоқталды. Геннадий Ген­надьевич инновациялық, түрлі технологиялар ғасырында жас­тарды қызықтыратындай сапа­лы контент мәселесіне тоқ­тал­ды. «Әсіресе шетелден ке­ліп жат­қан атақты фильмдерді дуб­­ляж­дау жалғаса беруі қа­жет. Голливудтық кинолар қа­зақ ті­лінде сөйлеп тұрғанын көр­ген­де кеудеңді мақтаныш сезімі кер­нейді. Тағы бір өзек­ті мәселе – мем­лекеттік қыз­мет­­керлерге қа­тысты. Өкінішке қарай, олар­дың ішінде өз ойын қа­рапайым қа­­зақ сөздерімен жет­кізе алмайтын­­дар кездеседі, бұл, әрине, тұрғын­дар тарапынан орынды реніш ту­ғы­зады», деді ол.

Белгілі саясаттанушы Дос Кө­шім қазақ тілі ахуалын орыс­тілді азаматтарымызға түсіндіру мәселесі кейінге ысырылып қалғанына өкініш білдірді. Тіп­ті «мемлекеттік тіл», «латын қар­піне көшу» деп күнде айтып жүрген дүниеден мақұрым қал­ған отандастарымыз жөнінде айтып, егер осы бағытта жұмыс жүргізсе, олардан тіл саясатының басты қағидаттары бойынша сөзсіз қолдау табуға болатынын өз тәжірибесінен мысал келтіре отырып жеткізді.

Қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазы тәуелсіздіктің елең-алаңында тіл тарихынан ойып орын алған «бүгінгінің Кня­гин­дерін» табу керек деді. Оның ­ойын­ша, Парламентте үш мың­нан астам заң қабылданса, соның әрбір сөзінің қазақша баламасы бар. Ендеше, осындай өмір сү­руге қабілетті, бай тілдің ба­­ғын байлау күнә, Тіл саясаты Ко­ми­тетіне арнаулы құзыр беріп немесе өз алдына бөлек Агенттік ашу керек екен.

Мәдениеттанушы Серік Ер­ғали нақты ұсынысын айтып, мемлекеттік тілде қызмет көр­сету салаларының тізбесі он жыл бойы бекітілмей келе жатқанына қынжылыс білдірді. «Жарнама, көпшілік орындағы ақпарат туралы мәселеде сөзді кім қалай түсінсе, солай беталды жаза беру аудармашылық кәсіптің сертификатталмай келе жатқанынан», деді ол.

Танымал заңгер, тіл тәжі­ри­бесіне заңдық-практикалық тұрғыдан белсене атсалысып жүрген тұлға Абзал Құспан мә­­селеге мына қырынан ке­ліп: «Дүние жүзі елдерінің оң тәжірибесіне көңіл бөлген дұ­рыс. Мысалы, Нидерланд бұдан он жыл бұрын өз Консти­туциясына елге келген барлық иммигранттардың нидерланд тілін білу міндеттілігі туралы норма қосты. Испанияның Кон­ституциясына сәйкес, бұл елдің әрбір азаматы испан тілін білуге міндетті. Бельгия елінде азаматтық алудың бірден-бір шарты сол елдің тілін ғана емес, салт-дәстүрінде жеткілікті білу», деді.

Бұдан кейін жиынға қаты­сушылар: мемлекеттік қызмет­ке мемлекеттік тілді еркін мең­герген азаматтарды ғана алуды «Мемлекеттік қызмет туралы» заңымен міндеттеу керек, бұл мемлекеттік қызметті қа­зақ ті­лін­де тұтынушылардың құ­қы­ғын қорғайды деген ұсы­ны­сын білдірді.