Руханият • 29 Қыркүйек, 2020

Алты ақынның алғысы

419 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ақмоладағы ат төбеліндей қаламгерлер қауымы үшін ақ түйенің қарны жарылған күн болды. Облыс әкімі Ермек Маржықпаевтың қолдауымен «Көкшетау қаламгерлері» сериясы бойынша алты ақынның жинақтары басылып шығып, тұсаукесері өткізілді.

Алты ақынның алғысы

«Қысқа жіп күрмеуге келмей тұрған шақта», жазғаным қашан жарық көреді деп алаң­дап жүрген ақындарды қол­дау өнегелі іс. Бұл жолы бел­гілі ақын Қайырбай Төре­ғо­жаның «Көкжиек», Ерболат Баят­ұлы­ның «Уақыт шеңбері», Алмас Темірбайдың «Жекебатыр», Ұл­мекен Тыныштыққызының «Мен күткен көктем», Абылай Мәуленнің «Лабиринт», Та­бысбек Үсеннің «Бозжусан» жи­нақтары жырсүйер оқырманға жол тартты.

Салтанатты рәсімде облыс әкімінің орынбасары Айна Мы­сырәлімова сөз сөйлеп, ұлт­тық әдебиетке жасалып отырған қамқорлықтың алдағы уақытта да жалғасын табатындығына тоқталды. Жазушы-драматург, қоғам қайраткері Жабал Ер­ға­лиев жаңа кітаптардың тұ­сауын кесіп, құттықтау сөз сөй­­­леді.

– Мемлекет басшысы Қа­­сым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағ­дайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» Жолдауында «қазақ зия­лыларының жаңа кезең­дегі міндеті – ұлт болмысының жа­­ңа қағидаттарын орнық­ты­­­ру, сондай-ақ ұлт сапасын арттыруға ат салысу» деп атап көрсетілген, – деді Жа­бал Ер­ғалиев, – адам жанын сәуле­лен­діретін әдебиет. Әдебиетке қам­қорлық – болашаққа жасалып отырған жанашырлық деп ұғуымыз керек. Жақсы жырға сусап отырған жалпақ жұртқа тарту етілген тамаша олжа болды бұл!

Өлең оты алаулаған жиын барысында Жанайдар Мусин атындағы жоғары қазақ педа­гогикалық колледжінің дирек­торы Нұртас Ахат, Мәлік Ғаб­дуллин мұражайының директоры Құдайберлі Мырзабек, бел­гілі өлкетанушы Мұрат қа­жы Ыдырысов ақ тілектерін біл­дірді. Жинақтары жарық көр­ген алты ақын қол ұшын берген облыс басшылығына, кітаптардың түрлі-түсті, сапалы басылып шы­ғуына жанашырлық жасаған қос ақын Қуаныш Оспан мен Мерген Тоқсанбайға алғыс­та­рын білдірді. 

 

Көкшетау қаласы