Аймақтар • 29 Қыркүйек, 2020

Басым міндеттер – басты назарда

185 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Солтүстік Қазақстан облысының Полиция департа­ментінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауын іске асыру шаралары аясында полицейлердің алдында тұрған басым міндеттер туралы сөз қозғалды.

Басым міндеттер – басты назарда

 

Ішкі істер министрлігі Кри­ми­налдық полиция департаментінің бастығы Думан Таев осы мақ­сатпен облысқа келіп, ведомство бөліністерінің басшыларымен кездесті. Бейнеселектор режімінде оған аудандық полиция бөлімдерінің басшылары мен жеке құрамы қатысты.

Полковник Д.Таев Жолдау талаптарын іске асыру бойынша Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев белгілеген мін­деттерді қызметкерлерге жет­кізді. Соның ішінде учаскелік полиция инспекторларының мәртебесін арттыру, олардың танымалдылығы және қол-жетімділігі қамтамасыз етілуі керектігі айтылды. Осы талапты орындау бойынша қазірдің өзінде шаралар қабылдануда, оның ішінде учаскелік инспекторды әлеуметтік жағынан қолдау мәселесі көтерілуде. Сонымен бірге «Анискиндердің» жұмысы «сервистік модельге» негізделуі керек, оның форматы халық үніне құлақ асуға, олардың қажеттіліктеріне жедел ықпал етуге күш салуды көздейді.

Барлық полиция қызмет­кер­леріне қатысты тағы бір негізгі бағыт – пенитенциарлық мекемелерде және полицияның қызметтік бөлмелерінде жаппай бейнебақылауды енгізу болып отыр. Ашықтық полиция қызметіндегі айнымас атрибуттардың бірі болуы керек, ол жұмыс сапасын жақсартып қана қоймай, сонымен бірге кез келген сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің және басқа да заң бұзушылықтардың көріністеріне сенімді тосқауыл бола алады.

Думан Таев Ішкі істер ми­нистр­лігінде сыбайлас жемқор­лыққа қарсы күрес мәселелері ерекше назарда екенін атап айтты. Полиция қызметкерлерінің жұмысына белсенді ақпараттық қолдау көрсету, оның ішінде әлеу­меттік желілерде, «ашық қабылдаулар» өткізу, тұрғын­дармен тиімді диалог өткізу тұрақты қалыптасуда.

Қызметтің барлық саласына енгізіліп жатқан цифрлы технологиялар осы шараларды іске асырудың алаңына айналды. Қылмыстық істерді тергеу біртіндеп электронды форматқа көшірілуде. Биыл сотқа дейінгі тергеулердің 37,2 пайызы осы әдіспен жүргізілді. ІІО ұсынатын мемлекеттік қызметтердің 83 пайызын электронды түрде жасауға болады. Патрульдік поли­ция­ның планшеттермен, бейне­тіркеуіштермен, терминал­дармен жабдықталуы цифрлан­дырудың маңызды қадамы болып отыр. Ал «Жол жүрісі тура­лы» Заңға әзірленген түзету­лер жүргізушілерге жүргізуші куә­лігі, сақтандыру полисі және тір­кеу куәлігі болуын тексеру қа­жет­тілігін жояды. Ақпарат­тық жүйелер арқылы полиция қыз­меткерлері аталған құжаттардың болуын өздері анықтап алады.

Бейнебақылау жүйелері бар­ған сайын белсенді түрде жолдарда және басқа да қоғамдық орын­дарда заңдылық пен тәртіпті нығайтуға көмегін тигізуде. Бүгінгі таңда елімізде 230 мыңға жуық бейнекамера бар, олардың көмегімен жыл сайын 5 мыңнан астам қылмыс ашылып, 400 мыңға дейін әкімшілік құқық бұзушылық анықталады.

Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Марат Төлебаев іс-шараны қоры­­тындылай келе, солтүстік­қазақ­стандық полицияның жеке құрамы жүктелген міндеттерді орын­дау үшін барлық күш-жігерін салатынына сенім біл­дірді.

 

Солтүстік Қазақстан облысы