«Соның бірі – полиция мен тұрғындар арасындағы ашық диалогқа септігін тигізетін бейнебақылау жүйесін кеңейту болып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Қазақстан халқына Жолдауында күш құрылымдарының бөліністерінде осындай ресурстарды кеңейтуге баса назар аударды. Бүгінде цифрландыру міндеті – біздің ведомствоның басымды бағыттарының бірі», – дейді Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Марат Төлебаев.
Қазір Петропавлдағы барлық 13 учаскелік полиция пунктіне камералар орнатылған, олардың көмегімен осы бөлімшелердегі жағдайды Жедел басқару орталығынан бақылауға болады. Сондай-ақ видеоны қалалық полиция басшылығы да көре алады. Полиция бөліністерінің барлық әкімшілік ғимараттарында камералар орнатылған. Барлық 14 патрульдік автокөлікке орнатылған стационарлық бейнебақылау жүйесі де полицияның ашықтығына ықпал етеді. Көп ұзамай барлық автопатрульдерде машинаның ішіндегі сөйлесулерді жазатын құрылғыларды орнату жоспарланып отыр.
Жыл басынан бері көшелерде, қиылыстарда және алаңдарда орнатылған Петропавл қаласы ПБ Жедел басқару орталығының бейнекамераларын пайдалану арқылы 12 мыңға жуық әкімшілік құқық бұзушылық және қылмыстық құқық бұзушылықтарды ашуға ықпал ететін 122 факт анықталды. Аулалар мен кіреберістердегі камералар полицияға таптырмас көмекші құрал болып отыр. Петропавлда олардың саны 2 мыңнан асады. Бұл техникалық құралдар тек заң бұзушылықтарды анықтауға ғана емес, сонымен бірге тұрғындарды тәртіпке шақыруға да септігін тигізуде.
Сондай-ақ бүгінде білім беру нысандарын Жедел басқару орталығына қосу жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі уақытта Петропавл қаласы ПБ ЖБО-ға 25 білім беру объектісінің бейнебақылау камералары қосылған. Жыл соңына дейін қаладағы барлық мектептерді Жедел басқару орталығына қосу жоспарланып отыр.
Ашық қоғам тәртіп сақтауды да, адамдардың құқы мен бостандығының аяққа басылмауын қамтамасыз етуде де ең озық құрал екендігін цифрландыру жүйесі де көрсетіп отыр. Бәрі де ашық, жариялы, алақандағыдай болғанда қоғам дамуының кедергілері де жойылатыны сөзсіз.
ПЕТРОПАВЛ