Осыдан екі апта бұрын Қостанайға қашықтан оқып жатқан оқушыларға арналған 1,5 мың компьютер әкелініп, облыстың бірнеше аудан, қалаларындағы білім мекемелеріне жеткізілген. Бастысы, қашықтан білім алып жатқан оқушылар қажет құралдан қысылып қалмауы керек. Ал өткен аптаның аяғында білім басқармасының мамандары компьютер, ноутбук, планшеті бар – 651 техникалық құрылғыны Арқалыққа жіберді. Жүк көлікке тиелер алдында басқарма өкілдері мен қоғам белсенділері әр құрылғыны мұқият тексеріп шықты.
– Бүгін 1,5 мың компьютер құралын тексеріп, қабылдап алдық. Мониторинг барысында әр компьютердің ақауының бар-жоғы тексеріліп, қосымша бөлшектерінің түгел екеніне көз жеткіздік, – деді «Қостанай – адалдық алаңы» жобалық офисінің менеджері Еркебұлан Тіленбаев.
Қалған компьютерлер мониторингтік топ мүшелерінің қатысуымен Денисов, Қамысты, Қарасу, Меңдіқара, Ұзынкөл аудандарына жөнелтіледі. Білім басқармасы басшысының айтуынша, биыл облыс мектептеріне жалпы саны 15 мың компьютер жеткізілуі тиіс.
– Қашықтан оқып жатқан оқушыларға арналған 1,5 мың құрылғы аталған аудандардағы білім мекемелеріне келісімшарт бойынша 4 қазанға дейін жеткізілуі керек. Қалған 13 638 компьютер құралын қазан айында таратып береміз. Яғни, алдағы айда облыстың барлық 20 өңіріне 11 мың ноутбук, 2 мың планшет жөнелтіледі, – деді білім басқармасының басшысы Зәуре Байменова.
Бұл компьютерлер әр ауданға сол жердегі оқушылардың және ауыстыруды қажет ететін ескі компьютерлердің санына қарай үлестіріледі. Басқарма басшысының сөзінше, жыл басынан бері облыс мектептері оқушыларға 12 мың компьютер ұстатқан. Қашықтан оқыту аяқталған соң оның бәрі мектеп меншігіне қайтарылады. Бұл мақсатқа Үкімет қорынан 2,4 млрд теңге жұмсалып отыр.
– Өңір мектептерінде мұқтаж оқушыларға компьютер тарату жұмыстары әлі де жалғасып жатыр. Құралы жоқ балалардың ата-аналары мектепке хабарласып, уақытша пайдаланатын компьютер алуына болады. Әлі де кеш емес. Алайда бүгінде облыстағы 493 мектептің 355-і штаттық режімде жұмыс істеп жатқанын атап өту керек. Сондықтан мектепке де компьютер қажет, –деді басқарма басшысы.
Мониторинг тобы тексерген жаңа компьютерлердің біразынан ақау табылып, қабылдаудан өтпей қалды. Осылайша жеткізуші компанияның бірден 20 мониторды қайта ауыстырып беруіне тура келді.
Қостанай облысы